Жақып Асанов судьяларға соңғы ескерту жасады
2019 ж. 04 ақпан
3294
1
Судьялар әділ шешім шығармақ түгілі, сауатты сөйлей алмайды! Жақып Асанов судьялардың аймақтарда адамдарды қан қақсататыны үшін Жоғарғы соттың өзін айыптады. Өйткені өрескел заң бұзып, бұрыс шешім не үкім шығарған судья бізде жазаланбайды екен. Сондықтан апелляциялық соттан үміті үзілген жұрт құжаттарын көтеріп, Жоғарғы сотқа ағылады. Асанов енді аймақтардағы судьялардың мәселесіне мықтап кіріспек.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.Апелляциялық соттың бетімен кеткені соншалық, қазылар шағымды көңіл-күйіне қарай қабылдауға көшкен. Аймақтағы судьялардың бұл бассыздығына Асанаов аса ашулы. Апелляциялық сот арызды бүге-шігесіне дейін қарап бас қатырмайды. Жұртты Жоғарғы сотқа жүгіруге мәжбүрлейді дейді төраға. Сондықтан кассациялық сот қарайтын іс қазір екі есеге көбейген.
Жақып Асанов, Жоғарғы сот төрағасы:
- Жергілікті жерлердегі заң бұзушылыққа Жоғарғы соттың өзі мүмкіндік беріп отыр. Біздің судьялар облыстарда шыққан үкім мен шешімді қайта қарап, оны өзгерту не күшін жоюға ғана міндеттімін деп ойлайды. Ал қате жіберген судьялардың мәселесін қарап жатқан ешкім жоқ. Олар неге адамдарды Жоғарғы сотқа шағымдануға мәжбүр етеді? Бұған да ешкім бас қатырмайды.
Жоғарғы сот былтыр 450 үкімнің күшін жойыпты. Ал елімізде шешім шығарғанда өрескел қате жіберген, заң бұзған судьялардың статистикасы жоқ. Олар жазаланбайды да. Асановтың айтуынша, кассациялық сот аймақтардағы судьялардың шалыс басқанын жасырады. Біздің қайбір судьялар қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығармақ түгілі, сауатты сөйлей алмайды да. Тілі түсініксіз, сөздері күрделі. Оқып тұрған мәтінді ұғу қиын. Асанов судьяларға қанша «кітап оқы» десе де, олар құлақ аспай келе жатыр екен.
Ал адамды шатыстыратын мұндай мәтіндер мен шешімдерден жемқорлықтың исі аңқиды дейді Асанов.
Жақып Асанов, Жоғарғы сот төрағасы:
- Әріптестер, естеріңізге сақтаңыздар, ешқайсыңызды аямаймыз. Судья деген атқа кір келтірсеңіздер сіздерді ешкім қорғамайды. Бас прокуратура, ҰҚК, Жемқорлыққа қарсы бюромен бірігіп судьялар арасындағы жемқорлықты анықтаудың әдісін әзірлеп жатырмыз.
Сондай-ақ, биыл сот жүйесіне қатысты 11 заң жобасына өзгеріс енгізіледі.
Асанов енді әділ қазылық етпегендерді аямаймын деп отыр. Істі бұрмалап, жалған үкім кескен судьяны қатаң жауапқа тартпақ. Ал қара тізімге іліккендер қызметі жоғарылау үшін жарияланатын байқауға қатыса алмайды. Және бұдан былай істі кассациялық сотқа істі жіберу не жібермеуді бес судья шешеді.