Әділхан ӘЛІМБЕКОВ, Гауһардың ағасы: «Қарындасым біреуге жақсылық жасаймын деп, өзі торға түсті»
2019 ж. 02 ақпан
7255
0
Біздің алдымыздағы міндет- жәбірленушінің аузын жабу емес, Гауһардың айыбы жоқтығын дәлелдеп, оны қалай да ақтап алу
Белгілі әнші Гауһар Әлімбековаға шыққан сот үкімінен соң, әлеуметтік желі мен ел арасында түрлі пікірлер айтылып жатыр. Көптің көңілін күпті еткен сауалдарға жауап алу мақсатында Гауһардың ағайын-туыстарына шығып, оқырманға мәселенің мән-жайын жеткізуге тура келді. Әнші-сазгердің өмірдегі тірегі, өнердегі қолдаушысы- Әділхан Әлімбеков мырза былай деп ағынан жарылды.- Әділхан аға, Гауһарға тағылған айыпты естіп абдырап қалған көпшілікке етжақындарынан ел алдына шығып, мән-жайды түсіндіргендер болмады. Әнші қыз анадан жалғыз емес еді ғой деген сыңайдағы әңгімелерді де естіп жатырмыз. Осыған не айтасыз?
- Құрметті, бізді қолдап-қуаттап жатқан өнер сүйер қауым! Алдымен Әлімбековтер әулетінің атынан сіздерге шексіз алғысымды білдіремін. Әнші қыздарыңыздың басына қара бұлт үйірілгенде өре түрегеліп, араша түсіп жатырсыздар. Азаматтық танытып жатқан Гауһардың әріптесеріне де дән ризашылығымызды білдіреміз.
- Әйтсе де,пенде баласымыз ғой, аға. Кей адамдардың көңілінде күдік те жоқ емес көрінеді. Әлеуметтік желіде жазылып жатқан сан түрлі пікірлер көңілге кірбің түсіріп жатқан жоқ па?
- Гауһар біреуден алаяқтық жолмен ақша алғаны былай тұрсын, әйел затына ұқсап ешқашан дүние байлық дегенге қызыққан емес. Тіпті, барған тойларында өнеріне тәнті әпкелер мен әжелер қолындағы сақинасын шешіп берсе, соны да өзі тақпай,айналасындағы құрбы-құрдас, жеңге, сіңлілеріне беруге асығатын. Қолына азын-аулақ қаражат түссе, бауырларының жамауын жасқап, көптің жоғын түгендеп, әйтеуір біреуге бермей тынбайтын. Осындай адамды алаяқ деп айтуға ауыз бара ма, айтыңызшы?! Соңғы кездері тапқан табысына ауылдағы әке-шешемнің үйін бұзғызып, орнына бауырларына арнап баспана тұрғызып берді. Егер елдің несібесін жеп жүрсе, баяғыда-ақ жарқырап жүрген болар еді ғой. Жәбірленуші Бақыт Назарова ханымды алдап келгені рас болса, оған өз пәтерінің қасынан пәтер алып, көрші болуын қалар ма еді? Өзі де Бақыт ханым сияқты алаяқтың арбауына түсіп, бар жиған-тергенінен айырылып қалды ғой. Қарындасымның бар айыбы- араласып, сыйласып жүрген адам болған соң, Бақыт ханым да арзан пәтерге қол жеткізсе деген талап-тілегінде ғана. Біреуге жақсылық жасаймын деп,соңында өзі орға түсіп отыр.
- Жәбірленуші тарап теледидардан кредит алып, мүліктерін сатып, соңында тығырықтан қалай шығарын білмей қалғанын жеткізді. Сіздің бұған айтар уәжіңіз бар ма?
- Ешкімді қаралағаным емес, бірақ айтпасқа лаж жоқ. Жәбірленуші Бақыт Назарова Гауһарға ақша тауып беру жолында көлігімді саттым, несие алдым дегенді айтыпты. Кешіріңіздер, ол кісі тығырыққа тірелетіндей жағдайда емес. Қалада екі бірдей пәтері бар. Сауда нүктелері және бар. Ашығын айтқанда төрт құбыласы тең, тірлігі бүтін адам. Қарындасымды қырық мың долларымды жеп қойды деп қалайша аузы барып айтады? Өз қолымен «Ақкент» тұрғын үй кешенінің әкімшілігінен пәтердің кілтін алып, оны қаннен-қаперсіз жалға беріп келді ғой. Енді келіп қалтасынан шыққан шығынды Гауһардың есебінен түгендеп, қалаберді өзінің абыройын сақтап қалу мақсатында осындай қарекетке барып отыр. «Сенің айтуыңмен үй аламын деп, жеткізе алмай жатырмын» деген желеумен Гауһардан ай сайын жүз мың теңгеден алып отырды. Кейін мен бұған шыдай алмай, алаяққа алданған адамдардың қатарында өзі де барын айтып, ұрысып отырып Гауһардың ңақша беруін тоқтаттым. Бірақ соңғы сот процесінде «айыпты болған соң жәбірленушіге ай сайын ақша беріп келдің» деген сөздер айтылып, Гауһардың жасаған жақсылығы өзіне таяқ болып тиген.
- Енді Гауһарды ақтап алудың қандай қам-қарекеттерін қарастырып жатырсыздар? Белгілі заңгер Абзал Құспан мырза да қарап қалмай, қол ұшын созатынын жеткізді. Гауһардың өнердегі әріптестері де жылу жинап жатқанға ұқсайды ғой.
- Біздің алдымыздағы міндет- жәбірленушінің аузын жабу емес, Гауһардың айыбы жоқтығын дәлелдеп, оны қалай да ақтап алу. Қалғанын уақыт өзі көрсетеді. Мынадай аумалы- төкпелі заманда күн кешіп жатсақ та, халық деген қазынаның дархан көңілін көріп риза болдық. «Аққа Құдай жақ» деген атам қазақ. Әділетті қоғам тұрғанда әділ шешімге қол жеткізетінімізге сенемін! Алла соған жеткізсін!