Жоғарғы сот Владислав Челахтың ісін қайта қарайды
2019 ж. 18 қаңтар
2255
1
Астанадағы Жоғарғы сотта Владислав Челахтың ісі қайта қаралатын болды, деп хабарлайды Zakon.kz порталына сілтеме жасап Stan.kz.
ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталған Владислав Челах Жоғарғы сотқа жүгініп, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің шешіміне байланысты, өз ісін қайта қарау туралы өтініш түсірген.
«Осыған байланысты Жоғарғы соттың қылмыстық алқасы оның ісін 2019 жылдың 22 қаңтарында қарайды», – дейді баспасөз қызметіндегілер.
Ал Челахтың өзі әзірге белгісіз себептерге байланысты істің қайта қаралу процесінде болмайды.
Айта кетсек, 2017 жылдың қараша айында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің Владислав Челахтың 2015 жылы жолдаған шағымын қарап, қанағаттандырғаны белгілі болған еді.
«Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 14-бабы бұзылып, Челахтың соттың істі қарау әділ болуы құқығынан айырылғаны мойындалды», – деген еді сол кезде Челахтың қорғаушысы Серік Сәрсенов.
Өкінішке орай, ол 2018 наурыз айында қайтыс болды.
Еске сала кетсек, «Арқанкергендегі» жантүршігерлік оқиға 2012 жылдың 30 мамырында болған. Өртеніп кеткен заставада 14 шекарашы мен қорықшының денесі табылған еді. Кейін бұл қылмысқа сонда борышын өтеп жүрген Владислав Челах кінәлі деп танылып, ол өмір бақи бас бостандығынан айрылған болатын.