Жээнбеков 2023 жылы президент қызметінен кетуге уәде берді
2018 ж. 20 желтоқсан
4488
1
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 2023 жылы өкілеттігінің мерзімі аяқталған соң мемлекет басшысы қызметінен кетуге ниетті екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
"2023 жылдан кейін президент болып, елді басқару міндеті тұрған жоқ, алты жылдан кейін кеткім келеді", - деді Жээнбеков баспасөз мәслихаты барысында.
Президенттің айтуынша, ол тағы бір мерзімге cайланғысы келмейді.
"Тағы бір мерзімге сайланғым келсе, ол саяси бәсекелестік болып кетеді", - деді Жээнбеков.
Сондай-ақ, Қырғызстан президенті келесі мемлекет басшысының жұмысына да араласу жоспарда жоқ екенін айтты.
"Қызметтен кетемін және келесі президентті үйретпеймін, ол өзі ойлануы керек", - деді Жээнбеков.
Еске сала кетейік, Сооронбай Жээнбеков былтыр қазанда Қырғызстандағы президент сайлауында 54,75 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткен болатын.