Ұлы тәуелсіздікке тағзым
2018 ж. 15 желтоқсан
11855
0
Тәуелсіздік – ұлы мұрат, шын ұққанға зор мәртебе. Тәуелсіздік – қан мен терін аямаған қазақтың кешкен азабының өтеуі. Ата-бабамыз аңсап, ерекше ықыласпен күткен еркіндік, бостандық таңы. Иә, қазағым тәуелсіз ел болу үшін қаншама азап пен мазаққа шыдады. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!»деп Абай айтқандай, қайран қаһарман ел, алпауыт халық түрлі сынақты көтере білді. Тәуелсіздік жолында еш аянбады, өмір ағынындағы түрлі бұралаң-белестер мен қиындықтардан еш сағы сынбады. Қайта, керісінше, қайсар мінезі шыңдала берді. Керей мен Жәнібек бастаған сұлтандар тобы Өзбек ұлысынан бөлініп, жеке дара Қазақ Хандығын құрғаны белгілі. Қазақ халқы біртіндеп көбейіп, жер аумағы да еселене берді. Қазақ халқы, тіпті, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған дәуірді де бастан кешірді. Қазағымның тыныштығын жоңғар халқы бұзды.
Тыныш жатқан бейбіт елге шүйлігіп, мазасын алды. Ұлы нәубетті бастан кешірген қазақ «елім-ай» деп елден безгеннен басқа амалы қалмады. Бір жұдырықтай бірігіп, бірлігі жарасқан ел Жоңғар елін тарих сахнасынан жойып жіберді. Қазақ елі Ресейге қосылып, «достас» мемлекет, яғни , терезесі тең, дәрежесі бір мемлекет болуды көздеді. Келіскен шарттарды Ресей патшалығы толыққанды орындамады. Қазақ халқын басынып, біртіндеп, өзіне бодан қылып алды. Онымен бірге шұрайлы жерімізді тартып алып, өз крестьян-шаруаларына жерді бөліп берді. Тіпті, қазақ өзінің жерін жалға алуға мәжбүр болды. Ұлтымызды қорлаған ақ патша, қазақ жігіттерін қара жұмысқа салып қоюға ұмтылды. Бұған шыдай алмай көтерілген қазақтың көзін жойып, теңсіздік орнатты. Көтерілісшілерді басу үшін тайпааралық қақтығыстарды шебер пайдаланды. Олар үшін қазақ елінің қараңғы болғаны тиімді еді. Сол себепті де түрлі жәрмеңкелерде қазақтың ақысын жеп, басынды. Мұндай мазаққа қой мінезді қазақ зорға шыдады.
«Ұлы Қазан төңкерісі» келіп, сарғайған сағымдай жеткен бостандық таңы енді атты деген қазақтың көңілі су сепкендей басылды. Әділетсіз ақ патша алтын тақтан кеткенімен, жұмысшы, шаруа, солдат депутаттарының билігі жеңіске жеткенімен, халыққа ешбір жеңілдік болмады. «Отар болып келген ел, отар болып қалды» деп С.Сәдуақасов сияқты зиялы қауым өкілдері күйінді. Қазақстан олар үшін тек шикізаттың мол сарқылмас қоры ретінде көрінді. Бар байлығын тартып алып, малмен күн көретін қазақтан байлықтарын тәркілеп, шарасыз, панасыз қазақты шетел асуға итермеледі. «Кіші қазан» революциясын ойластырып, аштықты өз қолымен жасап, халықты қырды. «Елім, халқым» деп шырылдаған беткеұстар азаматтарды, олардың отбасыларын түгел қинап, азаптап өлтірді. «Ұлтжанды» жанашыр зиялыларды «ұлтшыл» деп айыптады. Қазақты шоқындырып, орыстандырғысы келді. Қазақ халқының өр рухы, биік құндылықтары, әсем әдеп-ғұрпы, көркем діні басым болды. Жасампаз қазақ еш уақытта өз ділін, тілін, дінін ұмытұан емес. Қандай тыйым салынса да, қазақ асыл қазынасын сақтап қала алды. Талай-талай қас батырлар жанын қиып, қорғап қалған, талай арулар махаббат құрбаны болған, талай өзегі өртенген өкінішті жандар мен қуаныштан жүрегі жарыла шаттанған пенделердің куәгері болған қасиетті Отанымыз – Қазақ елі. Қазақстан –тәуелсіз ел. Сол тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді десеңші?! Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе, ХХ ғасыр қазақ халқы үшін ауыр тиіп, қайғыға толы кезеңімен есте қалды. Ұзақ жылдар қорлыққа шыдаған қазақты Кеңес үкіметі одан әрі басынып, мүлде бөгде елдің екінші хатшысын басшы қылып қойған кез естен кетпейді. 1986 жылы 15 желтоқсанда қазақ халқы мен еліне сіңірген орасан зор еңбегіне қарамастан, Д.Қонаевты 2 минут ішінде лауазымынан босатты. Бұл талай шыдап та, жылап та баққан қазақтың шыдамының соңғы тамшысы еді. Дәл келесі күні бұл іске ашынған қазақ жастары, әсіресе, жас студенттер түрлі транспараттар ұстап көтеріліске шықты. Ондағы мақсат ұлтшылдық емес, Қазақ елінің жағдайын жақсы білетін, осында туып-өскен басшы тағайындау еді. Әділдіктің салтанат құруын сұраған жалаң қолды бейбіт жандардың тілегіне құлақ асқысы келмеген озбыр орталық жүйесі жүректері тітіркенбестен мұздай қаруланған әскермен шеруге шыққандарды аяусыз жаншыды, итке талатты, аяусыз ұрып-соқты. Бір қару алып шықпаған қазақ жастарына оқ жаудырды. Қоқыс артқандай ауыр көліктерге тиеп, қала сыртына апарып тастады. Оқу орнынан шығарды. Қоғамнан қудалады.
«Қазақ бұзақыларының ұлтшылдық» көрінісі деп бағалады. Талай көкөрім қыздарға қорлық көрсетті. Жігіттерімізді қинап, аямай жазалады. Түрмеге жапты. Дегенмен, қой мінезді деп жүрген қазақ кешегі көк бөрінің ұрпағы екенін танытты. «Досына адал, жауыңа қатал ел» өзіндік көзқарасы бар және онымен санасу керек екендігін солқылдақ басшылыққа жеткізді. Қазақ жастары Алматыда, Талдықорғанда, Ақмолада, Орталық Қазақстанның бірнеше елді мекендерінде тоталитарлық билік жүйесіне қарсы көтеріліп, өкіметке саяси талаптар қойды. Желтоқсан көтерілісі сол кездегі кеңес одағының керегесін шайқалтып, КСРО-дағы ашық демократиялық үрдістің негізін қалаушы оқиғалардың бірі болды. Жазықсыз, қиянатпен жоғары оқу орындарынан шығарылған, сотталған сан мыңдаған қыз-жігіттер кейін ресми ақталды. Бірақ, олардың жүректерінде қалған қаяу, сызат-дақ кете қойды ма екен?! Талайы зардабын шегіп, қасіретін тартты. Қаншама өрімдей жасөспірім қанаты қайырылса да, намысын жерге таптатпай, еңселерін биік ұстады. Бірақ, сырын сыртқа шығармай, шерін тарқата алмай іштен тынды. Неткен қайтпас қайсар, өр рухты биік халық?! Ел таспен атқанды аспен атып, әрбір жамандыққа жақсылықпен жауап қатты.
Сан ғасырда түрлі сыннан өтсе де, өзіндік көркем мінезі мен ұлттық байлықты тәрк етпеді. Мұндай ержүрек халықтың тарихымен сусындаған өскелең жас ұрпақ мол үлгі-өнеге алары сөзсіз. 1991 жылы Қазақ елі егемендікке қол жеткізіп, өз алдына тәуелсіз мемлекет атанды. Мұндай қиындықпен келген азаттықты бағалау қажеттігі түсінікті. Иә, тәуелсіз, дербес Қазақстанның ұландары, ұлы Мағжан ақын айтатындай, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты. Мемлекетіміздің тағдыры мен болашағы енді сол жастардың қолында. Жастар неғұрлым жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, білімпаз болса-соғұрлым алтын бесік еліміздің көркеюі арта бермек. Бізге ата-бабамыз мирас қылып қалдырып кеткен рухани, материалды мәдениетті қорғау, сақтау – басты міндет. Тәуелсіздік –ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Тәуелсіздік-ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қарды дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, толағай жетістіктерге қол жеткізді, әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енді. Мемлекет басшысының елді дамытуға стратегиялық бағдарламалары мерзімінен бұрын жүзеге асып келеді. Өзінің Жолдауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 27 жылдығына аяқ басқалы тұрғанымызды айта келіп: «Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді», – деп алдағы кезеңде кездесетін сын-қатерлерден мүдірмей өтуге шақырды. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастап кешу арқылы қол жеткен өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», – деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр. Ата-бабаларымыз сан ғасыр армандаған Тәуелсіздіктің 27 жылдығы еліміздегі іргелі істермен айшықталып, сәт сайын жақындап келеді. Осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Атап айтсақ, тарихи жеріміздің шекарасы халықаралық шарттарға сай бекітілді. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата заңымыз, ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында барша елдің өзінің тез көркейіп өсуімен таң қалдырып, жаңа Астанамыз дүниеге келді. Әлемдік қауымдастық алдында «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты елдің екенін мойындаттық. Ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі белеске көтерілуде. Өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын тәуелсіз мемлекет құрылды. Жыл сайынғы ел Президентінің халыққа арналған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталды. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бола тұра, көптеген елдерден әлдеқайда алда. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы – қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар.
Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. Қазақстан бүгін де әлем мойындаған дамушы мемлекет. Өзіндік территориясы, ата заңы, халқы мен басшысы бар бақытты мемлекет. Қазақпен бірге өзге 130-дан астам ұлт пен ұлысқа пана болған Отан-ана. Жаһандану заманында әлемдегі ең тыныш, бейбіт, қонақжай, тұрақты дамушы мемлекет. Жиырма жеті жыл ішінде Қазақ халқының ұлттық санасы жаңғырып, өзін-өзі тану, өзінің бай ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін құрметтеу, ұлы тұлғаларын бүкіл дүниеге таныту, бай рухани қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында қыруар шаруалар атқарылды. Ең бастысы, Қазақ халқымен бірге әр түрлі этностардың да Отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әр түрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді. Біз жыл өткен сайын сол бір тарихи таңдаудың сарқылмас құдіретін жан-жүрегімізбен түсінеміз. Ол-егемен мемлекетте бейбітшілік пен келісімде, өзара сенімде азат өмір сүру таңдауы. Ол туған жеріміздің қазынасы мен қазба байлығына дербес иелік етіп, барша қоғамның игілігі үшін өз қалауымызбен жұмсау таңдауы. Ол – өз тағдырымызды өзіміз айқындау, болашағымызды өз қолымызбен жасау таңдауы. Біздің жаңа Қазақстанымыз жарық жұлдыз болып дүниеге келді. Баршамызды Тәуелсіздіктің Ұлы рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады. Ол алтын күндей жарқырап, алтын қыраны қалықтаған Қазақ елінің ашық аспаны астында дүниеге келген әрбір сәбидің жүрегіне орнайды. Ол әрбір азаматтың жүрегінде, әр шаңырақтың төрінде, елімізде бой көтерген әрбір үйде, әрбір қала мен ауылда салтанат құрды. Ол әрбір жаңа өндіріс орнымен, ұланғайыр Отанымызға төселген әрбір күре жолмен, дала төсіне өнген әрбір тонна алтын дәнмен нығаяды. Ұлы тәулсіздікке тағзым ету – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Дана Икапова, Халықаралық Білім беру Корпорациясының оқытушысы,
педагогика ғылымдарының кандидаты Алматы
qazaquni.kz