ІТ-саласындағы білікті мамандарды уыстан шығарып алмауымыз керек - Дәурен Абаев
2018 ж. 10 желтоқсан
2154
1
«Индустрия 4.0» элементтерін сәтті енгізу - бұл біздің еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне де оң әсерін тигізетін шаруа. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына арналған Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өздеріңіз де білетіндей, 2017-ші жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы Қазақстанның үшінші жаңғыруына байланысты жаңа бағытты ұсынды. Ауқымды істерді шешуге бел буып қана қоймай, «Қазақстанның 2050» стратегиясындағы мақсаттарға жету жолындағы сенімді және нық көпір орнатудың маңыздылығына тоқталды. Президентіміз, үшінші жаңғыру жолындағы негізгі компоненттердің бірі ретінде, тұрмысымызға цифрлық технологияларды енгізудің қажеттілігін айтты. Осылайша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жасау туралы нақты тапсырма берді», - деді министр.
Оның атап өтуінше, бұл дәл уақытында және дер кезінде жасалған ұсыныс болды. Өйткені бүгін, цифрландыру саласы дүниежүзі бойынша, өте ауқымды трендке айналып отыр. Қазіргі кезеңде әлем елдерінің даму көрсеткіштері де осы саламен бағаланады.
«Бүгінгі күні дамыған елдер технологиялық жарысты жандандырып, цифрлық тәртіпті белсенді түрде қабылдауға көшті. Тек ЕуроОдақ елдерінің өзінде 2017 жылы өнеркәсіптік цифрландыру бағыты бойынша 30-ға жуық ұлттық және аймақтық бастама қолға алынған. «Индустрия 4.0» элементтерін сәтті енгізу - бұл біздің еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне де оң әсерін тигізетін шаруа. Елбасы атап өткендей, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының тамыры тереңде жатыр. Бағдарлама біздің өмірімізге ауқымды өзгеріс алып келетін, заман талабына сай болашаққа түрлі бағыттар ашатын базиске айналмақ», - деді ол.
Осы ретте Дәурен Абаев бағдарламаның негізгі аспектілеріне тоқталды.
«Біріншіден, кәсіпкерлік ортада бәсекеге қабілеттілік артады. Цифрлық экономиканың ауқымы шектеулі, мемлекеттің көмегіне ғана жүгініп отырған компаниялар арқылы қарқынды дамыту мүмкін емес. Экономикадағы басты басымдық жеке бизнеске берілуі тиіс. Екіншіден, бұлттық есептеу, жасанды интеллект, машиналық білім беру, үлкен деректер қоры, интернет заттар мен тағы басқа да технологияларды еркін игеруді қолға алу маңызды. Сарапшылардың статистикасы бойынша, жасанды интеллекті енгізу 2030 жылы әлемдік Ішкі жалпы өнімге 14 пайыз өсім береді. Бұл Қытай мен Үндістанның өндірістік кәсіпорындарының қазіргі жиынтық көлемінен де артық көрсеткіш», - деді Ақпарат және коммуникациялар министрі.
Үшіншіден, оның сөзіне қарағанда, кадр дайындау ісіне баса мән беру қажет.
«Әрине, мемлекеттік бағдарламаның аясында білім беру үрдісіне барлық сатылар бойынша тиісті іс-шараларды қолданып отырмыз. Алайда мемлекеттік бастамаға, білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарының өздері де белсенді араласуы керек. Қазір ІТ-саласының қызметкерлері әлем бойынша ең қажетті мамандықтар тізімінде екінші орында тұр. Осы орайда, шетелдік жұмыс берушілерге жоғары деңгейлі кадрлар ауадай қажет. Сондықтан өзіміздің озық білімі бар азаматтарды уысымыздан шығарып алмау басты талаптардың бірі. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, экономиканы жан-жақты нығайту үшін, еңбек нарығындағы ІТ мамандардың үлесі үш пайыздан төмен болмағаны дұрыс», - деді ол.
Осы орайда, министр Қытайдың тәжіребиесін мысалға келтірді. Олар биыл, шетелдерде қызмет істеп, табыс тауып жүрген 432 мың ІТ-мамандарын елдеріне қайтарып алған. Бұл Қазақстанның Ақтөбе немесе Қарағанды сияқты облыс орталықтарындағы халық санымен бірдей көрсеткіш.
«Төртіншіден, бұл саладағы норма шығармашылық жұмыстың жоғары деңгейде жалғаса беруі де айрықша маңызға ие», - деді Дәурен Абаев.