Назарбаев қазақстандықтарға қытай тілін үйренуге кеңес берді
2018 ж. 02 желтоқсан
3660
2
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтар үшін қытай тілін үйрену неліктен маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Астанада «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 10 жылдығына арналған «Ұлы дала мұрагерлері» атты оқушылар мен педагогтардың форумы өтіп жатыр. Қазақстан президенті зияткерлік мектептердің ұстаздары мен оқушыларын мерейтоймен құттықтап келді. Форум барысында мемлекет басшысы оқушыларға шет тілдерін білудің маңыздылығы туралы айтты.
Осы орайда Назарбаев қазақстандықтарға қытай тілін үйренуге кеңес берді.«Биылғы оқу жылынан бастап зияткерлік мектептерде оқушыларға өз таңдауы бойынша екінші шет тілін үйрену мүмкіндігі беріліп отыр. Жаһандану жағдайында шет тілдерін білу сән емес, өмірлік қажеттілікке айналды. Өзге тіл басқа ұлттардың мәдениеті мен менталитетін түсінуге жол ашады», — деді президент.
«Сендер кез келген тілді таңдай аласыңдар. Ең көп таралған тіл – ағылшын, екінші орында испан тілі саналады. Бірақ біз үшін қытай тілі өте маңызды, өйткені Қытаймен сауда көлеміміз үлкен, Ресеймен пара-пар», — деді мемлекет басшысы.
Президент Жапонияда да, Қытайда да бизнес ағылшынша «сөйлейтінін, алайда бір жарым миллиард халық болашақта қытай тілінің басым болатынының айғағы екенін атап өтті.
«Мен өз басым үйреніп көрген жоқпын, бірақ басқаларға қарағанда, қазақтарға жеңіл болады деп естідім», — деп күлді Назарбаев.