«Ақ жол» Алашты нақты іспен қолдайды
2018 ж. 26 қараша
4467
2
«Ақ жол» партиясының ұйымдастыруымен 24 қараша күні Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы университетте "XXI ҒАСЫРДАҒЫ АЛАШТЫҢ АҚ ЖОЛЫ" ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ байқауының II-кезеңі өтті.
Айтулы іс-шараға «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов, сондай-ақ партияның Орталық кеңесінің хатшысы Арман Сқабылұлы, «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе филиалының төрағасы Асқар Садықов және осы облыстың әкімдігінің өкілдері қатысты.
Биыл байқауға республика бойынша 150-дей зерттеу жұмыстары түскен. Бұл – рекордтық көрсеткіш! Соның ішінде мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққан 34 қатысушының жұмысы II-кезеңге жолдама алды. Жас алаштанушылардың жұмысына арнайы құрылған комиссия баға берді. Оған белгілі алаштанушы ғалым Қайырбек Кемеңгер, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, тарихшы Мәден Асылбек және жергілікті ақын Бижан Қалмағанбет мүше болғанын айта кету керек.
Дәстүрлі түрде өтетін бұл байқау кейбір ерекшеліктерімен комиссия құрамындағы төрешілердің аса қызығушылығын тудырып, назарын аударды. Себебі бұрын-соңды зерттелмеген тың тақырыптар көтерілді.
– Жиырманың төңірегіндегі жастар «Алашордалықтар идеясы мен Стивен Кови идеясына психологиялық салыстырмалы талдау» немесе «Мағжанның Мәскеудегі ағартушылық қызметі» атты зерттеулерін ортаға салғанда көпті көрген Қайырбек Кемеңгер мен Амантай Шәріп секілді алаштанушылардың өзі бас шайқады. Сүйсіндік. Ертеңіміздің осы жастардың қолында екенін түйсініп, қуандық. Мағжан да соны меңзеген-ау: "МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН!», - дейді байқауға баға берген партияның ОК хатшысы Арман Сқабылұлы.
Сонымен, байқау қорытындысы бойынша, 12 үміткер III-кезеңге жолдама алды. 1-номинация бойынша: Бекжанова Нұргүл, Сүлейменов Әзизбек, Айманов Бауыржан; 2-номинация бойынша: Жылқыбаев Асылболат, Мейрамбекова Динара, Қайрат Динара; 3-номинация бойынша: Мырзағали Абай, Кенжебаева Алтынай,Уәлиев Талапкер; 4-номинация бойынша: Әлібек Байбол, Нәмет Бағлан және Жастлек Надия.
Бұл байқауда жеңілген қатысушы болған жоқ. Ақтық кезеңге өте алмаған жастардың өздері «Ақ жол» партиясының Алғыс хатымен марапатталып, арнайы ақшалай сыйақылар табысталды.
Ал, алаш қайраткерінің ұрпағы, ғалым Қайырбек Кемеңгер: «Алашқа ынтызар ізденушілер барына, Алашты зерттеуге ұмтылған жастарды қолдаған азаматтарға дән риза болдық. "Ақ жол" партиясы сөзбен ғана емес, іспен де Алашты қолдайтынын дәлелдеді тағы. Сәбит Байдалы марқұм ағамыз негізін салған керемет жоба жылдан жылға кеңейіп, көркейіп өсіп, жаңа алаштанушы есімдерді таныта берсін», - деп өзінің ақжарма тілегін білдірді.
Еске сала кетейік, ұлттық байқаудың финалдық кезеңі еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 14 желтоқсан күні Астанада өтеді деп жоспарлануда.