"Өзің оқуың керек": Ринат Зайытов Білім министрін сынап тастады
2018 ж. 22 қараша
15198
0
Өз мемлекетінде өз құқығы екінші, тілі үшінші орынға, ал ұлттық болмысы оныншы орынға қойылатын ұлт бақытты ма?
Ринат Зайытов көптен бері айтысқа қатыспауының себебін түсіндірді. Ақынның айтуына қарағанда, аймақтардағы жағдай баз-бұрынғыша. Яғни, Зайытовтың атын естіген айтыс ұйымдастырушылары одан ат тонын ала қашады. Бұл туралы айтыскер 31 арнаға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Облыстағы жағдай бұрынғыдай. Атымды естісе, неғұрлым жолатпауға тырысады. Мен қазіргі жүйенің дұшпанымын деп есептеймін өзімді. Солай болуға міндеттімін деп ойлаймын өзім.
Билік деген біртекті емес деген жаңсақ пікір, билік деген – жүйе. Бір өзеннің арнасы сынды ағысы біреу. Демек оның сол ағыста келе жатқан кез келген лауазымды адам ол сол жүйемен келісетін, сол жүйеге жұмыс істейтін адам”, – дейді Зайытов.
Бұдан өзге, азулы ақын “Қазақ халқы бақытты ма?” деген сауалға жауап берді.
“Өзінің мемлекетінде, жерінде өзінің құқығы екінші, ал тілі үшінші орынға қойылатын, өзінің ұлттық болмысы оныншы орынға қойылатын ұлт бақытты ма, бақытты емес пе? Сіз қалай ойлайсыз? Менің түсінігімде, оған бақытқа дейін әлі көп нәрсе керек”, – дейді ол.
Сұхбат барысында Ринат қазіргі білім беру бағдарламасы туралы сөз қозғады. Ол балаларына сабақпен көмектесе алмайтынын, себебі қазіргі бағдарламаны түсінбейтінін атап өтті.
“Өтірік айтпай-ақ қояйын, балаларымның сабағын оқыта алмаймын, себебі қазіргі мектеп бағдарламасын түсінбеймін. Қазір балалар 5-сыныпта дене шынықтырудан 5 бет реферат жазады. Түсінесіз бе? Қазір 2-сынып балалары Шәкәрім туралы шығарма жазуға мәжбүр. Біздің ақылды, кемеңгер министрдің бағдарламасы бойынша… Сондықтан қазіргі балаларға сабақ оқытып, көмектесу үшін өзің қайта оқуың керек шығар. Мүмкін сол кезде бірдеңе түсінетін шығармын, бірақ қайдам”, – дейді Зайытов.
Осыдан біраз уақыт бұрын құлағына сырға тағып, шашын бояйтын әншілерді сынға алған Ринат қоғамда қызу талқыға түскен еді. Айтыскер әлі де осы мәселеге келгенде жастардың болашағына алаңдайтынын жасырмады.
“Жүрегінде жігері бар қазақтың жас жігіттері бар, Құдайға шүкір. Соларды көргенде қатты қуанамын. Егер қоғамды олармен өлшейтін болсам, онда қазақтың көретін жарығы бар әлі. Ал жаңағы сіз айтқан эстрададағы өзінің тілін, мәдениетін менсінбейтін, өзінің не болып жатқанын, баласының тағдырына алаңдамай, бірақ ар жақта Хабиб пен Макгрегордың төбелесіне алаңдайтынын көрген кезде, мен қатты қынжыламын. Қазақтың болашағы үшін алаңдаймын. Солар өркендеп, қолына билік алып кеткеннен қатты қорқамын. Өйткені Софы Сматаевтың жақсы сөзі бар: “Ақылдыны басқарғың келсе, ақымақ адамға қамшы беріп қой”, – дейді. Болды басқа ештеңе емес. Біздің қазіргі қоғамдағы тыныста өнерде, мәдениетте болсын, спортта болсын, басқасында болсын, қамшы өңшең қорқақ, жағымпаз, өз ұлтына деген ешқандай махаббаты жоқ, бір ауыз сөзбен айтқанда бишаралардың қолында”, – дейді Ринат Зайытов.
Сондай-ақ, Зайытов өз пікірінше, айтыскердің ең үлкен трагедиясы қандай болатынын айтты.
“Айтыскер ақынның ең үлкен трагедиясы – еленбей қалуда. Себебі ол шоу-бизнестің өкілі емес, ол ән айтпайды. Бір айтыскер ақынның ойын дәл сондай етіп екінші бір айтыскер жеткізе алады. Бірақ жеткізуге қақысы болмай қалады, бір ақын айтып қойғаннан кейін. Сол айтылған бір ауыз сөзі ертең халықтың жадында қалмаса, ертең осындай ақын болып еді деп бір адам айтпайтын болса, ең үлкен трагедия сол”, – деп түйіндеді сөзін ол.