НАРЫҚ пен ХАЛЫҚ
2018 ж. 14 қараша
5735
0
БІЗДІҢ ЕЛІМІЗДЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗАҢДЫЛЫҚТАР НЕГЕ САҚТАЛМАЙДЫ?
Адамзат даму тарихында сонау «тас дәуірінен» бастап есептегеннің өзінде көптеген әлеуметтік-қоғамдық құрылымдар мен жүйелерді басынан өткергені белгілі. Алғашқы қауымдық, хандық, феодалдық, капиталистік, социалистік, тіпті елес болып ешкімнің қолы жетпей кеткен қиялдағы коммунистік қоғамдарда да өмір сүрді. Қалай болғанда да адамзат қауымдасып өмір сүру арқылы ғана осы күнге жетіп отыр. Өйтпегенде, баяғыда-ақ жыртқыштарға жем болып, тұқымы тұздай құритын еді. Қауымдастық – жалпыға ортақ қоғам болған соң оның әрбір мүшесінің мүддесі ескерілуі керек. Бірақ осы бір заңдылық үнемі ескеріле бермейді. Адамның психологиясы солай жаратылды ма, әйтеуір өзім ғана байысам, өзім ғана бәрін билеп-төстесем деген жыртқыштық пиғылдан арыла алмай келеді... Ондай теріс пиғылдағы адамдар жалғыз өзі жер бетінде тіршілік ете алмасын біле тұра өзгелерге үстемдік етуге, солардың үлесін күшпен немесе айла-шарғымен иемденуге бейім тұрады. Бұл кең көлемде алғанда – бүгінгі жекеменшік кәсіпорындарға, дүниежүзілік деңгейде қарастырсақ – алпауыт мемлекеттерге де тән құбылыс. Өйткені, олар да өзге елдерді өзіне табындырып, үстемдік құруды көздейді. Әрине, қазір ну орманнан аулап әкелген біреудің аңын тартып алып жеке жейтін тас дәуірі емес, дамыған 21-ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Қаншама ғасырлар өтсе де осы бір теріс психология әлі де жойылған жоқ. Айтайын дегеніміз, қандай қоғам болса да оның әрбір мүшесі сол қоғамды дамытуға үлес қосып, адал еңбек етуге міндетті. Сонда ғана қоғам жалпыға жайлы ортаға айналады. Демек, бұл жерде ең басты көрсеткіш – еңбек болып отырғаны айдан анық. Бұл қағида бүгінгі біз тап болған капиталистік қоғамға да тікелей қатысты. Өзіміз күнделікті қолданып жүрген, дамыған экономика дегеніміз де сол еңбектің жемісі. Еңбектің де еңбегі бар, оның түрлері жетерлік. Сол айтулы экономиканың өзегі –өндіріс болып табылады. Халық тұтынатын тауарлардың барлық түрі, тіпті қару-жараққа дейін өндіріске жатады, оның ішінде шикізатты өңдеу саласы да. Ал, осының бәрін өзіміз өндірмей, шетелден сатып алу қыруар шығынды талап етеді. Ең бастысы ол – өзге елдің экономикасын дамытуға жұмыс істеу деген сөз. Отандық өндірісімізді өркендетуге бізде жағдай мен мүмкіндік жеткілікті. Ең бастысы – шикізат іздеп шетке жүгірмейміз. Жер үсті мен жер қойнауының байлығы баршылық, тек қана ұқсата білу қажет, таза ниет керек. Кен атаулының түр-түрі бар, бірақ оны өңдеп халыққа қажет тауарлар шығаруды дұрыс жолға қоя алмай жүргенімізді ашық мойындағанымыз жөн. Өкінішке орай, біз осы жағынан екі аяғымыздан бірдей ақсап жатырмыз. Содан да біздің еліміз шикізатқа тәуелді болып отыр. Әзірге қазба байлығымызды тек шикізат күйінде сыртқа сатып кіріс табумен шектелудеміз. Ал сол шикізаттан түрлі тауарлар жасап экспортқа шығарсақ мол байлықтың астында қалар едік. Нәтижесінде, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы артып, тұрғындарымыз байлы-бақуатты өмір сүріп, табысы өсіп, сатып алу қабілеті де көтерілетін еді. Бұл жағынан алғанда біз мақтана алмаймыз. Экономика министрі Тимур Сүлейменов өткенде елімізде адамдарымыздың орташа айлық жалақысы үстіміздегі жылдың алғашқы үш айының көрсеткіші бойынша 153 мың теңгеге көтерілді деп айды аспанға бір-ақ шығарғанын білесіздер. Бұл қып-қызыл өтірік, оған ешкім сенбейді де. Елімізде тұрақты еңбек ететін дәрігерлердің, мұғалімдердің, қатардағы мемлекеттік қызметкерлердің, тіпті ірі компанияларда істейтіндердің жалақысы 70 мыңға жетпей жатқанда ол не деген тегін жатқан батпан құйрық. Өтірік айтқанда да қисынға келтіру керек қой. Әрине, елімізде өндіріс мүлдем жоқ деп аузымызды құрғақ шөппен сүртуге болмас. Бұл бағытта көптеген түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жатыр. Соның бәрі халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған, қазынадан қомақты қаржы бөлінуде. Ол жағынан кемшілік жоқ. Бірақ сол бағдарламалардың бір де біреуі толық орындалмағаны белгілі. Бөлінген қаржының бір бөлігі жолай тоналып, жемқорлардың жемсауында кетті, қаншама лауазымдылар сол үшін сотталды. Бағдарлама бойынша ашылған өндіріс орындарының өзі ұзаққа бармай жабылып жататын кездері жиі кездеседі. Солардың қатарынан, кезінде бүкіл елді шулатқан Ақтау планшет, Қарағанды ұшақ жасау зауыттарын атасақ та жеткілікті. Енді біреулері дұрыс жоспарланбағандықтан бүгінгі күн талабына төтеп бере алмайды. Мысалы, Оралдағы арнайы техника шығаратын (өрт сөндіру, көше жуатын т.б.машиналар) зауыт өзінің белгіленген қуатының он-ақ пайызында жұмыс істеуде. Өйткені, бұл техникаға деген тапсырыс жоқ. Ал тапсырыс болмаса сол зауытты салуға қыруар қаржы жұмсап керегі не? Оның орнына тұтынатын басқа зат шығаратын кәсіпорын ашуға болушы еді ғой. Бұл біздің мамандарымыздың біліксіздігі мен бүгінгі нарықтық экономикадан хабарсыз екендігін көрсетеді. Біз капиталистік қоғамда өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Бұл қоғам бәсекеге толы. Нарық заңы бойынша соған төтеп берген кәсіпорын ғана ұтады. Қазіргі заң бойынша кім қандай кәсіп ашса да ерікті. Бірақ, соңғы нәтиже қандай болатынын алдын ала болжай білу қажет. Яғни, бұл жерде де жоспар дұрыс құрылғаны жөн. Мысалы, он кәсіпкер тауардың бір ғана түрін шығарумен айналысты делік. Солардың бір-екеуі ғана ұтады, қалғаны банкрот болады. Өйткені, бұл тауарға деген сұраныс бәрібір азаяды, бір затты адамдар шексіз сатып ала бермейді. Осы жерде «Капитализм дағдарыссыз болмайды» деген коммунизмнің қауға сақалды көсемі Карл Маркстың сөзін еске алмасқа болмайды. Ашығын айтсақ, Марксті ақымақ дейтіндердің өзі адасады. Өзінің «Капитал» атты көлемді еңбегінде бұл жүйенің жағдайын, кем-кетігін дәйекті дәлелдермен баяндап бергенін біз ұмыта бастадық. Ал, байыған үстіне байысам деушілерге бұл еңбектің ұнамайтыны түсінікті. Коммунизм мен социализмді қанша жерден жек көрсек те, оның кейбір заңдылықтарын есепке алғанымыз жөн. Әсіресе, жоспарлы экономика жағын естен шығаруға болмайды. Оны сол жүйеде өмір сүргендер жақсы біледі. Мысалы, бұрындар бір кәсіпорын ашу үшін оған қанша мамандар керектігін, оларға қанша баспана, қанша балабақша, мектеп керектігі алдымен есептелетін. Ең бастысы – сол кәсіпорын шығаратын өнімнің өтімдігі, сапасы мен саны бірнеше жыл бұрын жопарланатын. Қазір ондай есеп-қисап мүлдем жоқ. Сондықтан, ашылған кәсіпорындар жабылып қалады. Экономикада қаржы мәселесі шешуші рөл атқаратыны белгілі. Капитализм деген ұғымның өзі «капитал», ақша деген сөзден тұрған соң айтпаса да белгілі. Яғни, қайткен күнде де көбірек ақша табу басты мақсат болып есептеледі. Ал ақша шығарылған өнім мен көрсетілген қызметке белгіленетін қосымша құн арқылы келетіні де баршаға мәлім. Бұл жағынан да біз өзгелерге өнеге бола алмаймыз. Тауарлар мен көрсетілетін қызмет бағасы бізде ешқандай санаға сиымсыз. Нарық заңына сәйкес бағаны ырықсыздандырамыз деп тойымсыздыққа жол ашып бердік. Әркім өз ойына келген бағаны белгілеп, білгенін істеуде. Негізгі заңдылық бойынша баға сол затқа кеткен материалдық шығындар мен еңбекке және соған жұмсалған уақытқа байланысты белгіленуі керек. Алдымен оның өзіндік құнын анықтап алуымыз қажет. Бүгін бұл мүлдем есепке алынбайтын сияқты. Оған да мыңдаған мысалдар келтіруге болады. Мамандар бағаның жиі көтерілуін мұнай құнының көтеріліп-түсуімен байланыстырып жүр. Соған байланысты теңгеміз құнсызданып, тұрғындарымыздың сатып алу қабілеті төмендеп жатыр. Мақұл, солай делік. Енді Ресей басылымдарының бірінде жарияланған мына бір деректерге қараңыздар. Бір баррельде 159 литр мұнай бар екені белгілі. Шынында, мұнайдан жанар-жағар майлармен бірге көптеген тұтыныс тауарларын өндіруге болады. Сондықтан да оның маңызы жоғары болып тұр. Мұнайды өңдеу барысында ол тағы да 9 литрге ұлғайып, 168 литрге жетеді. Бір баррельден – 85 литр бензин, 25 литр дизель отыны, 20,7 литр авиация керосині, 9 литр мұнай газы, 8 литр кокс, 5,6 литр мазут, 4,5 литр сұйытылған газ және басқа да өнімдер шығаруға болады. Құдайға шүкір, мұнай өзімізден шығады, оның орташа бағасы – 60 доллар делік. Енді есептеп көріңіз, сонда дизель отынының бір литрі қалай ғана 190 теңге болмақ? Бағаның бұл жерде негізсіз белгіленгенін бесінші сынып оқушысы да шығарып бере алады. Тағы бір мысал, осыдан 5-6 жыл бұрын отын-энергетика орталығы Екібастұз қаласында журналистік іссапармен болғанбыз. Әлемге аты әйгілі екі бірдей Жылу-энергетика стансаларында болып жұмысымен таныстық. Орталықтан электр қуатының бір киловаты 1 теңгемен шығады екен. Сол кезде дәп түбіндегі Екібастұзда – 4, қасындағы Павлодар қаласында – 6, Алматыда – 11 теңге көлемінде сатылып жатты. Сонда қалай болғаны, электр қуатын пойызбен тасып жатқаны ма? Электр жүйелері сол бұрынғы кеңестік кезеңнен қалған құрылғылар, оны ешкім жаңартып жатқан жоқ. Ең өкініштісі, орталықтың қайнаған ыстық генератор бөлімінде істейтіндердің айлығы 100 мың тегеге жетпейді екен. Тауардың өзіндік құнын 4-11 есе өсіріп қосымша табыс тапқанмен, қарапайым жұмысшыларға келер пайда шамалы екені бірден байқалады. Міне біздегі жекеменшік кәсіпорындардың сиқы осындай. Бұл туралы Парламент депутаттары монополистер жүйені жаңартқанның орнына өздеріне қымбат көлік, жиһаз сатып алып жатыр деп дабыл қаққаны бар. Ал мұнай өнімдері мен электр қуатының қымбаттауы өте қауіпті. Одан кейін бүкіл тауарлар мен қызмет түрлері бірге қымбаттап шыға келетіні белгілі. Ол өз кезегінде қарапайым халықтың қалтасын қағады. Күні кеше ғана Қауіпсіздік Кеңестің кеңейтілген отырысында Елбасы электр қуаттарының бағасы негізсіз көтеріліп, тұтынушыларды тұйыққа тірегені туралы айтып, сала басшыларына шүйілгені белгілі. Миллиардтаған қаржыны халыққа қайтару және бағаны бақылауға алу туралы тапсырма берді осыған жауапты лауазымдыларға. Бұл да біздің «Қазақ үні» газеті тұрақты көтеріп келе жатқан мәселенің негізсіз емес екенін көрсетеді. Осыған ұқсас сын материалдар басқа да басылымдар мен телеарналарда көрсетілгенмен, оған назар аударып жатқан билікті көрмедік. Халық атынан айтылған сыннан дер кезінде қорытынды шығарылып отырса дәп бүгінгідей жағдай қалыптаспас та еді. Біздегі бағаны негізсіз көтеруге жол бермеуге тиісті монополияға қарсы қызмет саласы қауқарсыз екені бұрыннан белгілі. Тойымсыз кәсіпкерлердің сойылын соққандар қарапайым халықтың қамын ойламайды. Басқаларын айтпаған күннің өзінде осы саланың басшысы болған Мұрат Оспанов Атырау аймағында электр қуатының бағасын ешқандай себепсіз көтеруге рұқсат бергені үшін жауапқа тартылғанын білесіздер. Бір миллиард теңге айыппұл төлеп, қамаудан құтылды емес пе. Жалпы өзге тауарлардың қайта-қайта көтерілетін бағасын қадағалауға тиісті жергілікті билік те жайбарақат отыр. Тұрғындардың бағаға байланысты айтылған арыздарын жүре тыңдайтын басшылар осы күнге дейін бұл мәселені түпкілікті шешуге құлық танытқан емес. Бәлкім Елбасының кешегі ескертуінен соң сірескен сең сөгілетін шығар деген үміт бар. Оны уақыт көрсете жатар...Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz