Қазақстанда латын қарпінде алғашқы жалпыхалықтық диктант өткізіледі
2018 ж. 07 қараша
3998
0
14 қараша күні өтетін жалпыхалықтық диктантқа ең кемі 80 мың алматылық қатысады, дейді 24.kz.
Диктант латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиінің негізінде жазылады. Бұл туралы қалалық тілдерді дамыту басқармасының мамандары «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттары мен емле ережелерін көпшілік талқылау» атты жиында айтты.
Аталған іс-шара мектеп, колледж, университеттерде және этно-бірлестік кеңселерінде өтеді. Негізгі мақсат — жаңа әліпбиге байланысты азаматтардың ой-пікірін білу. Жаңа әліпбидің емле ережелерінің жобасын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары жасаған. Жұмыс барысында кирилл таңбасындағы қазақ әліпбиінің емле қағидалары басшылыққа алынған. Бірақ
жаңа әліпбиде э, ю, я дыбыстары мен жіңішкелік және жуандық белгілерінің болмауына байланысты емле ережелеріне де жаңалықтар енгізіліп отыр.
Анар Салқынбай есімді филология ғылымының докторы, профессор былай дейді:
— Мысалы «ансамбль» деген сөзді «әнсәмбіл» деп айтып жіңішкелік белгісін жазудың орнына оны жіңішкертіп айту мәселесі бүгінгі емледе нақты қолға алынып отыр.
Қоғам қайраткері Дос Көшім:
— Тілдік реформа жасалған уақытта емле анықталмаса, емле белгіленбесе, дыбыстың қабыршақтарын қоя салғаннан ештеңе болмайды. Себебі дыбыстар бірімен-бірі біріккенде, араласқан уақыттарда өзгерістер болады.