Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ: ШАРДАРА Орта Азиядағы ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА айналады
2018 ж. 02 қараша
4559
2
Халықаралық «Safari Shardara» фестивалінің ашылуындағы Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың сөзі
Құрметті қонақтар мен Шардара ауданының тұрғындары! Сіздерді облыстың туристік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отырған «Safari Shardara» фестивалінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел дамуының даңғыл жолын айқындап берген «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында туризмді дамытуға айрықша назар аударғаны тегін емес. «Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет» деп Елбасымыз атап өткендей, болашақта Қазақстанда туризм өңірлік ғана емес, жаһандық сипат алуы керек. Ол үшін, яғни, еліміздегі туризмнің өркендеуі үшін тарихи және туристік орындарымызды лайықты дамыта білсек, мемлекеттік бюджет толығып, әлеуметтің әл-ауқаты көтерілер еді. «Safari Shardara» фестивалі Қызылдың құмы мен Шардара су қоймасының жағалауы өңірімізде туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар екенін көрші елдерге де насихаттайтын шара болмақ. Фестивальдің мақсаты – өңірдің туризм әлеуетін көпшілікке таныту екенін айттық. Біз осы іс-шара арқылы шағалалы Шардарада желкенді қайық спорты мен ат пен түйе жарыс, құсбегілік сынды ұлттық спорт түрлері мен өзге де ата кәсіптерімізді жаңғыртуды көздеп отырмыз. Бұл – өңіріміздің бизнес аxуалын жақсартуға және Елбасының «Руxани жаңғыру» бағдарламасында айтылған туған жерге тағзым етумен қабысып тұр. Біз Түлкібаста «Қызғалдақ», Бәйдібекте «Қымызмұрындық», Жетісайда «Қауынфест» фестивальдарын ұйымдастырдық. Ауқымды іс-шаралар арқылы ауданның болашағы үшін маңызды брендтерін елге әйгілі етуді мақсат тұттық. Биыл игі бастамаларды бастап бердік, енді іскер жігіттер, жергілікті кәсіпкерлер, ауданның атпал азаматтары осы ойларды жалғастырып әкетіп, ары қарай дәстүрлі шараға айналдыруы тиіс. Шардара – тарихи әрі шежірелі мекен. Ғалымдардың пайымдауынша, аудан орталығы Шардара қаласының атауы парсы тілінен аударғанда «төрт қақпа» деген ұғымды білдіреді екен. Яғни, ертеде бұл жер тоғыз жолдың торабы керуен жолдарының түйіскен жері болған. Шардара ауданы потенциалы жоғары, туризмді дамытуға лайықты бірден-бір аймақ. Шағалалы өңірде туризмді дамыту мақсатында Шардара су қоймасы жағалауындағы орман қоры санатындағы жалпы көлемі 255 гектар жер учаскесі елді мекен санатына ауыстырылды. Енді осы аумаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары басталмақ. Бұл мақсат жүзеге асып, ауданға инвестиция тартылғанда 60-тан астам нысан бой көтереді деп жоспарлап отырмыз. Нақтырақ айтсақ, таяу жылдары теңіз жағалауының бойынан 20-дан астам қонақ үйлер, яхт-клуб пен мейрамханалардың, 3 балалар лагері мен аквапарктің, 2 аңшылар және балықшылар үйінің, басқа да қызмет көрсету нысандарының құрылыс жұмыстары басталады. Осы арқылы Шардара Орта Азиядағы туризм орталықтарының біріне айналады. Қадірлі қауым! Биыл Түркістан облысы құрылып, ел тарихында елеулі оқиға болғаны өздеріңізге белгілі. Таяуда Түркістан облысына сапар жасаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев екі тарихи Жарлыққа қол қойғаны баршаңызға мәлім. Оның бірі – экономикалық аймаққа қатысты болса, екіншісі – Түркістан қаласын дамытудың кейбір мәселелері туралы Жарлығы болып табылады. Енді қасиетті қалада туризмді кешенді түрде өркендетуге барынша көңіл бөлінеді. Мұндай шешім облысымызға келетін шетелдік туристердің санын еселеп арттыруға мүмкіндік береді. Биылдың өзінде Түркістанға 907 мыңнан астам турист келіп, өткен жылмен салыстырғанда 57,2 пайызға өсіп отыр. Жақында облыс орталығына 1 миллионыншы турист келеді деп күтілуде. Ата-бабаларымыз ежелден саят құрып, жүйрік жарыстырып, құсбегілікті жоғары бағалаған. Теңіздің қадірін білген. Осынау ізгі қасиеттерді жаңғыртатын бүгінгі іс-шара баршаңызға ұнайды деген ойдамын. Шардараның жағалауы шетел туристерін қызықтыратын орынға айналуы тиіс және осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Құрметті, шардаралықтар және қала қонақтары! Сіздерді тұңғыш рет өтіп тұрған «Safari Sardara» фестивалімен шын жүректен құттықтап, баршаңызға бақ-береке, мықты денсаулық тілеймін! Шардара қаласы 26 қазан 2018 жыл Qazaquni.kz