Тазының жойылып кетпеуіне Мемлекет ықпал етуі керек - Ұлағат Ханзада
2018 ж. 01 қараша
3961
0
Құрметті қазақ мәдениетінің жанашырлары!
Сіздерге қазақ ұлтының мәдениеті мен рухани құндылықтарын дамытуға, еліміздің мемлекет болып қалыптасуына, қазақ мемлекетінің қарқынды дамуына сүбелі үлес қосатын тұлға ретінде ел сыйлап, Елбасы сенім артқанын көпшілік біледі. Қазақ халқының мәдениетімен мыңдаған жылдар бойына бірге жасасып келген ұлттық құндылығымыздан айырылып қалғалы отырмыз. Шырқырап шыққан ащы дауысымыздың, жанайқайымыздың негізгі өзегі тазы туралы болмақ. Уатсап желісі арқылы соңғы екі күн ішінде Ресей Федерациясы қазақы тазы тұқымын «Орта Азиялық борзая» деген атпен бекітіліп, жаңа тұқым ретінде тұсауын кескелі жатыр деген ақпаратқа қанығып, сол көрмеге «шақырту» алып жатырмыз. Көршіміз бізге «жаны ашып» құмайдың «қыр-сырын түсіндірмекші». Біз, яғни, еліміздегі барлық тазы жанашырлары, сонымен қатар, ұлттық құндылықты насихаттап жүрген кәсіби аңшылар тобы сіздерге төмендегіні баяндаймыз:
Қазақтың жеті қазынасына енген ғажап құндылығы тазының әлі күнге дейін Халықаралық кинологиялық қауымдастық мамандары жеке тұқым ретінде мойындамауы себепті ұлтымыздың асыл қазынасы аяқ асты болып, көрінген «жиреншаштының» ермегіне айналды. Қазақтың аңшылық танымы арқылы күнделікті қолданысымызға енген 4000 сөзден бір мезетте бас тартуымызға тура келгелі отыр. Нақтылап айтсақ, осы уақытқа дейін бірде-бір тазы көрмесінде бағзыдан келе жатқан бөрібасарлар мен аузымен құс тістеген құбарландар жүлделі орынға ілігіп, көпшілік көзайымына айнала алмады. Бұл қазақ даласында өзі алғыр, өзі жүйрік, өзі жүректі тазылардың болмауынан деп түсінбеуіміз керек. Керісінше, сондай тазылардың өте көп болғандығынан өтпей тұр. Тек бекітілген талап бойынша бойы 55-70 см аралығындағы тазылар ғана керемет саналып отыр. Өйткені, тазылар әдеттегі ұсақ аңдарды аулайтын аңшы иттермен салыстырғанда әлдеқайда ірі әрі қарулы болғанын қаламайтын сарапшылар көп. Бабамыздың: «Тазы бойы жеткенін шалады, қайраты жеткенін алады» деген дана тәмсілі жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі.
Қазақстан кинологиялық одағының 1925 жылы бекітіліп, 1932 жылы жарияланған аңшы иттердің стандарты негізінде 2007 жылы жасаған талаптарымен ешқандай аңшы келіспейді. Себебі, кинологиялық орталықтың бекіткен стандартына қолымыздағы құмайымыз сәйкес болу үшін тазыларымыз алыстағыны көре алмайтын, жүрексіз, өте жұқа, аңды ұзақ шалатын, шолғын жүріске шыдамайтын төзімсіз болуы тиіс. Ал қазақ ондай тазыны ешқашан ұстамаған. Енді құрғақ сөзден нақтырақ мысалға көшейік. Мәселен, Республикалық кинологиялық орталықтың 2007 жылы бекіткен стандартында тазының басы міндетті түрде біз тұмсық болу керек дейді. Ал аңшы танымында біз тұмсық тазыны «түлкі тұмсық» деп жақтырмайды, яғни, аңды қуып жетсе де жағының әлсіздігінен түлкі-қарсаққа ауыз салмай қорқақтап тұратын, алқалы топ алдында аңшыны күлкіге қалдыратын тазы деп есептейді. Кез келген ит жүгіртіп, құс салған қазақтың нақты жақ пен бас сүйек бітіміне байланысты «шықшытты», «қасқыр шеке», «құлын тұмсық» деген атауларды алға тартары сөзсіз. Бұл ұғымдардың барлығы алғыр тазының бас сүйегіне қатысты. Жоғарыда аталған стандартта тазының кеңсірігі мен көзі өте жақын орналасуы керек, тіпті, білінер-білінбес аралықпен бөлінуі керек деген талапты бекітіпті. Бұл тіптен күлкілі. Көз жанары мен кеңсірігі дәл осылай орналасқан тазының осы уақытқа дейін қиядағыны көргенін естіген құлақ жоқ, көрген көзді айтпағанның өзінде. Шын құмайдың талабы мүлде басқа. Ол аз болғандай тек қана шашаққұлақ тазының стандарты бекітілген. Ал қазақ сахарасында бұдан бөлек жарғаққұлақ және тараққұйрық түрлері де кездеседі. Сөзіміз дәлелді болу үшін халық даналығынан мысал келтіргенді жөн көрдік. «Шашақ алар-алмас, жарғақ жанын қоймас» деген мақалды аспаннан алған жоқпыз. Ол аз десеңіз, ертегідегі «...алып бәйтеректің басына шыққан аждаһаның басын самұрық іліпті, құйрығын тараққұйрық алыпты...» деген әпсана қайдан келді? Бұдан бөлек жоғарыдағы стандартта тазының ішіндегі өңірлік ерекшеліктер мен тұқымның өз ішіндегі тұқымдастары мүлде ескерілмеген. Мысалы, тазы мен төбет тұқымдастарына жататын қазақта кербез, дүрегей, қайыңқаптал, көпек, алапар, барақ деген жеке тұқым болуға лайықты түрлері атаусыз қалған.
Аталмыш стандарттың ең қызық жеріне енді келген сияқтымыз. «Тазының мойны ұзын, әрі жауырыны көтеріңкі, яғни, анық көрініп тұру керек, арқасы әдетте теп-тегіс, кей жағдайда ғана сәл иілуі мүмкін» дейді білгіштеріміз. Мұндайды бұрынғы қазақ естісе күлкіден ішегі түйілері сөзсіз. Біріншіден, мойны ұзын тазы аңды ұзақ шалады. Жетсе де мойны талып әрең жетеді және одан ары ол тазының жүгіруге құлшынысы кемімесе артпасы анық. Екіншіден, жауырын мәселесіне келейік. Оны да қазақша түсіндірмесінде шоқтығы деп көрсеткен. Шоқтық тек жылқы тұқымдасына қатысты сөз. Ал сөздің дәмін таңдайына татып сөйлейтін, ойдың жүйесін ажырататын аңшы қазақ тазының жауырынын шоқтығы деп атамайды. Ана тіліміздің танымында ерсі деген әдемі сөз бар. Әдетте біреу оғаш қылық жасаса «мынауың ерсі көрінеді» дейміз. Енді осы ерсі деп отырғанымыз тазының жауырын бөлігінің атауы. Ал қазақ ерсі көрініп тұрған тазыны ұстамақ түгілі үйінің маңайына жолатпаған. Себебі аңға жетіп соқтасын жемеген тазы сұғанақ болады. Керісінше, жүйрік тазының жауырыны артқы жамбасынан сәл жатаған, омыртқасы мен жон арқасынан төмендеу болғаны дұрыс. Қоян жонды тазылар қай кезде де жүйріктігімен аты шыққан. Оған арғы-бергі әдебиетімізде мысал жеткілікті. Үшіншіден, жон арқасы тақтайдай теп-тегіс тазыны қазақ алқабел немесе бұраң бел дейді. Мұндай тазылар әдетте ұзын-сонар жүріске шыдамсыз, сәл жүгірсе белі талып, көрінген жерде жатып қалатын болған соң ешқашан ұстамаған. Арыға бармай-ақ «шолаң иттің арыны қатты» деген мәтелді тілге тиек етелік. Мұндағы шолаң деген сын есім белдің қысқалығына тікелей қатысты. Ал Республикалық кинологиялық орталық мамандарының ұйымдастырған көрмелерінің барлығында нақ осындай тазылар орын алып жүр. Ал бұл өз кезегінде әлемдік деңгейдегі жарыстарда топ жаратын құмайлардың шығуына кәдімгідей тосқауыл. Осы орайда сөз арасына тағы бір мысалды қоса кетейік. Орталық өкілдерінің тазының стандарты деп бекіткен құжатындағы суретіне қарап отырсаң қаңқа сүйек сұлбасында тазының артқы аяғының пропорциясы алдыңғы аяқпен шамалас. Дәлірек айтқанда, артқы аяқтағы жіліншік пен асық жіліктің біріккен тұсы өте жоғары. Алайда қазақ үшін тірсегі төмендеу, жіліншігі қысқалау тазы бағалы. Кей жағдайда аңшылардың аузынан «...тіл-көзім тасқа, мынаның тірсегі жерде жатыр екен...» болмаса «...жануарың қоянның аяғы бар демейді екен...» дегендей таңырқау формасындағы теңеулерді естіп жатамыз. Бұл сан ғасыр бойы сараланған тәжірибенің көрінісі.
Күні бүгінге дейін тазының халықаралық дәрежеде мойындалуына ең негізгі кедергі болып отырған басты себеп таза қанды тазының саны 1000 басқа жету керек деген далбаса дәйек. Оны далбаса деуімізге мынадай жағдайлар әсер етіп отыр. Ең әуелі әлемдегі сирек ит тұқымдарының жеке тұқым ретінде тіркелу тарихын қарап отырсақ кейбір тұқымдарды 37 итпен, 60 итпен тіркеген жағдайлар кездеседі. Сол себепті халықаралық кинологиялық федерацияның 2015 жылдың 8-9 маусымында Миланда өткен бас ассамблеясының жиынында бекітілген құжатты басшылыққа алуымызға толық негіз бар. Онда жаңа тұқымның бекітілу нұсқалары тайға таңба басқандай көрсетілген. Біз осы құжат бойынша тазының қазақтың ежелгі қазынасы, халқымыздың ұрпағына аманат еткен рухани мұрасы ретінде тіркеліп, патенттелуін, одан бөлек, атауының орта азиялық емес тазы болып қалуын талап етеміз. Шынтуайтына келгенде, тазы мен төбеттен бөлек осы екеуінен тараған кербез, дүрегей, қайыңқаптал, көпек, алапар, барақ секілді тұқым ішіндегі селекциялық тұқым түрлерінің өзінен 1000 бастан шығаруға қазақ даласындағы ит саны жетеді. Қаласақ әрқайсысының жеке стандартын бекітуге, айшықтап беруге әлеуетіміз сай. Халықаралық талапқа сай жеке тұқым ретінде мойындалу үшін тазының бір-біріне жақын қосылмаған 8 қан тобын анықтап, олардың соңғы үш ұрпағында туыстық қатынастың жоқтығын дәлелдеп шықсақ болды. Ол үшін республика бойынша мәдени құндылықтарды қамқорлыққа алу туралы заңдарды басшылыққа ала отырып санақ жүргізіп, барлығын құжат жүзінде тіркеуге алу керек. Құжат беру ісіндегі қаржылық шығындарды мемлекет өз мойнына алуын талап етеміз. Ал дәл қазіргі кездегі ғылым мен техниканың дамыған заманында, ғаламторлың қисапсыз мүмкіндігін қолдана отырып, мұндай шаруаны атқару тұтас бір министрлік немесе қауымдастық үшін, федерация үшін түк те емес деп ойлаймыз. Өйткені осы уақытта дейін тазының жойылып кетпеуіне ықпал етіп, басын аман сақтап қалған қазақ даласындағы өзіміз секілді жанашыр жігіттер мен кәдімгі аңшылар. Сондықтан бұл шаруаны енді мемлекет тарапынан қолдайтын уақыт келді...
Еліміздің әр түкіпірінде өтіп жатқан көрмелерде орын алатын тазылардың дені бір түсті, нақтырақ айтар болсақ, сары немесе ақ түсті бірегей реңктер. Тіліміздің жауһар байлығын тағы бір паш етіп қалайық. «Ақ тазының алғанынан қара тазының шалғаны қызық» деген мақал бар аңшылар арасында. Ал қазақи түстік танымда ғана кездесетін, ақшулан, көкшулан, тарғыл, ала, теңбіл, шұбар, қира секілді түстерді ешқандай кинолог мойындамайды. Себебі ол түстік атрибуттардың «өгей тілде» аудармасы немесе баламасы жоқ. Сондықтан ондай түстерді қабылдамайды. Бұл жерде де шовинистік көзқарас анық байқалады. Мұндай көрмелердің барлығында қазақы танымды сіңіріп өскен, жүйрік тазының мүшесін танитын абыз кеуде ақсақалдар мен көнекөз қариялардан, қала берді тәжірибелі аңшылардан комиссия жасақталуын талап етеміз.
Жұмыс жасамайтын немесе жасағысы келмейтін қаптаған аңшылық ұйымдар мен қауымдастықтардың орнына өздеріңізге қарасты бір комитет ішінен бізбенен тікелей байланыста болатын 3-4 маман бөлсеңіз жетеді.
Осындай дүниелердің ешқайсысының ара-жігін ажырата алмайтын көршілеріміз қазақтың тазысын жеке тұқым ретінде бекітіп, «орта азиялық борзая» деген атау беріп, 2018 жылдың Қараша айының 3-4 күні тазылардың кезекті көрмесін өткізіп, жаңа тұқымның тұсауын кеспекші. Түйені шөгермей мінетін шолақбелсенді шенеуніктерге айтқандай сөзіміз жетім болып жерде қалмасын. Біздің көкейімізді тесіп, көмейімізге тығылган өксігіміз әзірге осы. Аталмыш шараға байланысты құзырлы органдар тиісті жауабын бере жатар. Біздің бұл әрекетімізді бауыздар алдындағы соңғы тұяқ серпуіміз деп қабылдамаңыздар. Тазы жанашырларының жанайқайы деп түсінгендеріңіз абзал.
Ұлағат Ханзада,
Қазақ үні