ОРМАНҒА ҚАРАП ҰЛИТЫНДАРДЫҢ ПАРЛАМЕНТТЕ ОТЫРУЫ - ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ ЗОР ҚАУІП!
2018 ж. 30 қазан
7562
8
Мәжілістегі аптаның алғашқы күні «айқаспен» басталды.
Қай елдің парламентін басқарып отырғанын ұмытып кеткен вице-спикер Владимир Божко Мәжілістің пленарлық отырысын ашарда біссімілласын келмеске кеткен комсомолдың 100 жылдығымен құттықтап, 29 қазан ВЛКСМ-ның туған күні екенін еске салумен бастады. Басшы айтқасын, басқалар қалсын ба, Сергей Звольский бастаған депутаттар жамырап қоштай кетті.
«Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бірден бұған қарсылығын білдірді:
-Біз қай мемлекетте тұрамыз? Сіздердің естеріңізге салғым келеді - Біз Тәуелсіз Қазақстанда тұрамыз! Біздің күнтізбеде мұндай комсомолдың туған күні мерекесі жоқ. Біз Мәжілістің ресми отырысында отырмыз. Егер біреулер үшін бұл мереке болса, мәжілістің ресми жиынында емес, басқа жерде бір-бірлеріңізді құттықтаңыздар! - деп қайтарып тастады.
Ресейдің «Достық» орденінің иегері, депутат Ахмед Мурадов Божконың алдына түсіп алып шауып, Азат Тұрлыбекұлына «сіздің осы сөзді айтып отырғаныңыз сол комсомолдық шыңдалудың арқасы» деп соқты. Ал Азат Перуашев жұмыс ережесі бойынша дәл сол кезде жауап бере алмағанмен, кейін өзіне жолығып:
«Маған мінезді бір Алла берген және ата-анамның тәрбиесінің арқасы! Бұған «комсомолдық шыңдалудың» ешқандай қатысы жоқ. Мен ешуақытта комсомол белсендісі болған жоқпын. Сондықтан сіздің сәлеміңіз адресінен адасып кетті. Мен сізді Қазақстанның патриоты екен деп ойлап жүрсем, Ресейдің отаршыл саясатының сойылын соғушы екенсіз ғой...» деп, тойтарыс берді.
Хош, сонымен Кеңестік лениндік комсомолдың 100 жылдығымен құттықтау парламентке де жетті. Өткен аптадағы Алматыдағы Абай атындағы опера және балет сарайындағы комсомолдің 100 жылдық ұлықтау тойын ұйымдастырғандар мен қатысқандарды әлеуметтік желі әлі сынап жатыр. Біз де «Қазақ үні» газеті мен сайтында «БІЗ ТӘУЕЛСІЗДІКТІ КІМДЕРДЕН АЛДЫҚ?!.» атты мақалада өз ойымызды білдірдік.
Ана бір жылы Түркияда бір депутат сөйлеп тұрып, арасында бір ауыз сөзді күрд тілінде қосып жібергені үшін орнынан кетті. Кетірді халық та, билік те... Түріктер күрдтің, жалпы еш елдің қол астында отар болған жоқ. Соның өзінде мемлекеті жоқ ұлттың тілінде сөйлегені үшін солай болды. Бұл тұрғыдан келгенде біз өзімізді отарлап келген Кеңес империясының идеологиясын насихаттап, қызыл комсомолдың қызыл туын тәуелсіз қазақ сарбазына көтертіп, сарай төріне Ленинің бейнесі бейнеленген туды іліп, оны мүсінін қойып тойлау деген ешқандай ұғымға сиятын қарекет емес!
Коммунист-комсомол дегеннің не екенін білмейтін Тәуелсіз Қазақстанның жас сарбазына отарлаушы Кеңес империясының қызыл туын біздің Көк туымыздан да биік, көкке көтертіп, масқара жағдайға қалдырып отырған кім? Ол сарбаздың өзінің аты-жөні кім? Қызыл туды ұстап тұрған сарбаз кезінде Көк туды сүйіп тұрып, әскери ант қабылдаған жоқ па? Осы тойда атақты әнші аға-апалары секіріп, кеңес әндерін шырқап жатқанда, ән айтудан бас тартқан әйгілі әнші Еркін Шүкіманның Тәуелсіздікке адалдық танытқан табанды қайсарлығын нағыз ерлік көрсетуге дайын болуы тиіс әскеріміз неге көрсетіп, отарлаушы елдің қызыл туын көтеруден бас тартпайды? Міне, бұл жерден біздің Тәуелсізігіміздің 27 жылындағы Ұлттық идеологиямыздың жоқтығы анық көрініп тұр. Бұған заңдылықты қадағалаушы Бас прокуратура араласып, бұл сұрақтарға Қорғаныс министрлігі мен тиісті органдар жауап беруі керек!
Оны айтасыз, енді міне, комсомолдың 100 жылдығымен құттықтау Тәуелсіз Қазақстан парламентінде вице-спикер мен депутаттардың аузынан да шығып жатыр... Қазақстанның бодан елден бостан елге айналғанын мәлімдеп, Кеңес империясынан Тәуелсіздік алғанын жариялаған - Парламент Мәжілісі (бұрынғы аты Жоғары Кеңес!) Енді сол парламентте вице-спикері сол отарлаушы Кеңес империясының қызыл комсомолының туған күнімен құттықтайды? Нағыз парадокс осы емес пе? Мәжіліс вице-спикері В.Божко мырза бұл әрекетімен Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік һәм ұлттық идеологиясын аяқ асты етіп отырғанын біле ме екен?
Әлеуметтік желіде комсомолдың 100 жылдығын тойлауға қатысқан оппозиция өкілі Әміржан Қосановтың өзін «Жаңа Қазақстан» форумынан шығару мәселесі көтеріліп жатыр. Ендеше, «Нұр Отан» партиясы да сол комсомол тойына қатысқан депутаттар мен Мәжілісте кеңестік империя сойылын соққандарды да партиядан шығаруды күн тәртібіне қоюы керек.
Ал біз кеше Тәуелсіздікті кеңестік коммунистерден алсақ, онда бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан парламентінде коммунистердің фракциясы болуы тіпті ақылға сыймайтын саяси фарс!
Мәжілістің өзін комсомолдың тойына айналдырып жібергісі келгендер парламентте вице-спикер Божкодан бастап толып отырса, 27 жыл Тәуелсіздігіміз қайда кетеді? Сонда біздің Ұлттық Тәуелсіздік идеологиямыздың жемісі қайда? Кеңес кезіндегі санадан әлі арылмағанбыз ба? Сонда Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асса да, тек мемлекеттің аты мен Коммунистік партияның аты ғана, кабинеттердегі көсемдер портреті ғана ауысқан ба? Парламенттің вице-спикері Владимир Божко Елбасының «Парламент пен үкімет тек қазақ тілінде сөйлеуі тиіс» десе де, тек Ресей тілінде сөйлеп келеді. Тіпті, бір кездері «Мемлекеттік тілде сөйлемеймін!" деп ашық мәлімдеген болатын. Мемлекет парламентінің вице-спикері Мемлекеттік тілде сөйлемеу деген масқара әлемде тек Қазақстанда ғана! Ол аздай қазақ жастарын қалаға кіргізбеуді ұсынған, казактардың атаманын неге біз әспеттеп Мәжілістің үш тізгінінің бірін ұстатып отырмыз? Отар болудан құтылғанымызға отыз жылға жуықтаса да, орманға қарап ұлитындар парламентімізде толып отырса, Тәуелсіздігімізге зор қауіп емес пе?
Өткендегі аталмыш мақаламызда жазғанымызды тағы да қайталаймыз: «Бізден басқа, өзін -өзі сыйлайтын, үлттық идеологиясы бар, өз тілі, өз ділі бар Тәуелсіз Мемлекеттерде бұрынғы отарлаушы ел идеологиясын насихаттағандар болса, (олай болуы мүмкін емес) әншісімен қоса әкімі, министрі, депутаттары қызметінен ғана емес, елінен аман кетуі неғайбыл? Ендеше, біздің билік басқаларды қайдам, отарлаушы империялық Коммунистік Кеңес Одағының туын көтеріп, жырын жырлап жүрген, Тәуелсіз Қазақстанның Парламенттік депутаттық төсбелгісін Кеңестік комсомолдың төсбелгісіне айырбастағандарды сол соңғы төсбелгілерімен қалдырып, мандатынан айыруы керек!»
Бұл ұсынысты халықтың көбісі қолдауда. Нұргелді Әбдіғани, Заңғар Кәрімхан секілді коммунистік-комсомолдық идеологиямен уланбаған Алашшыл жастар жаппай қолдап жатыр. Ал ғалым Омар Жәлел «Әкемізді өлтірген Қызыл жүйемен дос болу қай қисынға сыяды?»-деп сұрақты төтесінен қойды. Иә, кезінде ұлтымыздың жартысына дейін қырылып кеткен Кеңес империясының қанды шеруінде алдыңғы сапта болған комсомолды ұлықтау – Тәуелсіздігімізге зор нұқсан екенін түсінуге парламентте отырған Божко бастаған депутаттардың өздерінің саяси сауаттары жетпеуі – аянышты да, қорқынышты жағдай!
Ол үшін талайдан айтып келе жатқанымыздай, «Ештен кеш жақсы» дегендей, ОТАРСЫЗДАНУ, яғни ДЕКОММУНИЗАЦИЯЛЫҚ саясат жүргізуіміз керек! Өйткені, арам шөпті тамырымен құртпай, ол жерге егін егу - арамтер болатын бос далбаса екеніне көзіміз анық жетті!
Басқа жол жоқ!
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz