КӨКПАРДЫҢ ТІЗГІНІ КӨКБӨРІНІҢ ҚОЛЫНА ТИДІ
2018 ж. 25 қазан
12937
1
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы құрамындағы республикалық «Көкпар» федерациясының президенті болып, Мұқтархан Ділдабек тағайындалды.
Мұхтархан Ділдабек - Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азиялық ойындардың чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.
Тәуелсіз Қазақстанның қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, бокс бекзадасы Бекзат Саттарханов пен Олимпиаданың күміс жүлдегері Мұхтархан бауырым екеуі 2000 жылы Сиднейден жеңіспен оралған кезде қалың елмен бірге қарсы алғанымыз бар еді. Екі бауырым да "көкелеп" алтын мен күміс медальдарын мойныма таға салып, суретке түскеніміз бар. Ол сурет кейін ақын, баспагер Темірғали Көпбаевтың "Бекзат" атты көлемді де, көркем кітап-альбомында да жарияланды. Сол кезде Алматыда Республика сарайында «Туған жерге тағзым» атты Оңтүстік Қазақстан облысының шарасы негізінен қос бахадүрге арналды десе де болады. Мен арнау жыр оқыдым. Жартылай финалда Мұқтархан Кубаның атағы жер жарып тұрған боксшысы, өзінен де зор денелі, алпамсадай Алексис Рубалкабаны ауыр соққымен құлатып, есеңгіретіп тастап, жеңген болатын. Сонда өлеңімнің арасында Мұқтарханға арнаған бір шумақ бар еді. Ұмытпасам:
Сайыста жеңіп алуанын,
Атандың күміс жұдырық!
Кубаның түйе балуанын,
Құлата салдың бір ұрып!-
деген шумақты оқығанда, кең сарайда толып отырған ел ду қол шапалақтап тұрып алып, ақыры Мұқтарханға орнынан тұрып ізет көрсетуге тура келген еді..
Аты аңызға айналған боксшы Мұқтарханның ат үстінде көкпар тартып өскенін елдің бәрі біледі. Ендеше, Көкпар федерациясы өз иесін тапты деуге болады. Көкпардың тізгіні Көкбөрінің қолын тиді! Бұл жерде қоғамдық пікірге құлақ аса білген Ұлттық спорт қауымдастығы басшылығына да алғыс айтамыз.
Енді қазақ шабандоздары Алатаудың арғы баурайындағы ат шаптырым жерге атсыз барыпты, көкпарда аттың қай жағынан мінуді білмейтін өзбектен жеңілді деген намысты қазақ өліп кетердей масқараға, қырғыздан қашқанмен, олардың шатақ шабандозына тұтылып, жерге кірердей сөз естійтін қорлыққа ұшырамайды деп сенеміз. Көкпарды есепке, атты есекке айналдырғысы келетін, келісіммен жеңілудің «саяси» шеберлері де де ауыр соққылы алып Мұқтарханға жолай қоймайтын шығар деп үміттенеміз.
Енді, мұзбалақ Мұқтархан бокстан Олимпиаданың күміс жүлдегері болса, болашақта Қазақ Елін ұлтымыздың төл спорты Көкпардан әлемнің чемпионы атандыра береді деп сенеміз!
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz