Талғат Теменов: Баянды Оралдан алып келген мен, ол менің актрисам болды
2018 ж. 04 қазан
9638
0
Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыка театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов зиялы қауымды оятатын факторлар, қазақ тойының неге бәсекеге айналғаны және білімді қазақ жастарының неге шетел асып жатқаны туралы тұшымды ойларымен бөлісті.
Бұл туралы sputniknews.kz хабарлады.- Сұхбат уақытын белгілеу үшін телефон шалғанымызда бос сөзбен емес, ұлт, ұлттық мәдениетімізге, театрымыздың бүгіні мен ертеңіне қатысты сұрақтармен келіңіздер деп қысқа қайырған едіңіз. Сіздің қабылдауыңызда менен кейін екі адам бар екен, уақыт тығыз болғандықтан, әңгіменің тұздығын дәмді ететін негізгі сауалдарды қойсам деймін. Жалпы, Талғат Досымғалиұлы, бұрын ақын-жаушылардың, шенді-шенеуніктердің жарлары үлде мен бүлдеге оранып, қымбат тасты әшекейін көрсету үшін осы театрға келетін еді. Театр бір элита жиналатын орын сияқты болатын Ал, қазір…қазір адамдар бар байлығын той-тоймалақта көрсетуден жарысып-ақ жүр. Кейбір тойлардың сиқын өзіңіз де жақсы білесіз. Жалпы, қазір театрға өзіңіз білетін шенеуніктерден, ақын-жазушы, атақты адамдардан кімдер келеді?
— Біріншіден, театрға келу мәдениеті – мәдениеттің мәдениеті дер едім. Мысалы, өз көзіммен көрген Венадағы Опера театрына үлкен кісілер кешкі сәнді көйлек, ер адамдар смокинг киіп барады. Немесе Жапониядағы Кабуки театрын алайық, жапондар үстеріне ұлттық киімі – кимоноларын киіп барады. Біздегідей театрға "джинсы" киіп келетін адам жоқ. Яғни, бұл халықтың генетикалық мәдениетін көрсетіп тұр. Ал, бізде осы тектік мәдениет 1960-90 жылдарға дейін болды да, одан кейін барлығы өзгерді. Құндылықтар өзгерді. Мәдениет емес, көшедегі "бандалар" сәнге айналды. Содан бастап бізде театр өзінің зиялы көрерменін жоғалтып алды.
Қазір Астанада Опера және балет театрына немесе орыс драма театрына баратын адамдар арасынан кешкі көйлек пен смокинг кигендерді көремін. Ал, біздің (Қаллеки театры – Sputnik Қазақстан) көрермендер арасында ондайлар жоқ. Бұның бірінші себебі – театрдың аурасы, театрдың ғимараты. Қойылым көргісі келген адам біздің ғимараттай жерге келгісі келмейді.
Екіншіден, Астанада театрға келіп жатқан шенеуніктерді мен көп көрмеймін. Шақырмаса, келмейді. Кеше ғана біздер Астананың 20 жылдығына байланысты Әуезов атындағы театрға гастроль жасап, "Оттелло"-ны көрсеттік. Сонда бельэтаждағы көрермен отыратын орын емес, тұрып көретін орын іздеді. Және зиялы қауым өте көп болды. Бұл, біріншіден, театрдың абыройы, театрдың аурасы, атақ-даңқы, ойнаған актерлер мен режиссердің атағы, шығарманың творчестволық биіктігі. Осы компонеттер түгел болғанда, театрға адам келеді.
Ал, енді той дейсіз, ия, соңғы 20-25 жылдан бері біздің болмысымызда, сана-сезімімізде, мәдениетімізде той жасау дәстүрі өзгерді. Шоу-бизнес той бизнес болып кетті. Осы той бизнесте кімдер тойға келеді, кім не киініп келеді, кім не алып келеді, кім кіммен сөйлеседі, кім кімнің жанына отырады — қып-қызыл бәсекеге айналды. Бұл ендігі 5-10 жылда кете қоятын дерт емес. Ол үшін сана өзгеру керек. Сана өзгеру үшін бір ұрпақ өзгеруі керек.
10-15 жылда арыла алмайтын дерт болды. Кейде бір жағынан тойлап жүргенге де шүкір дейсіз. Бірақ, асып-төгіліп жатқан ас, дастарханға қойылған тамақтың 80-85 пайызы желінбей қалады. Ысырап. Адам басына неше түрлі ой келеді, осыған қарап, кейде қайырымдылық қорын құрса, сол қор тойдан қалған тамақты мұқтаж адамдарға, тіпті, жатақханада жатқан студенттерге таратса ғой деп ойлайсыз. Өйткені, ысырапты көріп, шошынасың. Баяғыда, Хайнань қаласына барған кезде дәмхананың төбесінен бір жазу байқадым. Ұлымнан аудармасын сұрап едім, "алған асыңызды бірақ жеп қойыңыз, асты тастаудан артық күнә жоқ" деп жазылып тұр екен. Міне, осыны түсіну керек.
- Жаңа сіз қазақ театры 90-шы жылдардан бастап, зиялы көрерменін жоғалтты дедіңіз. Одан бері қайта таба алды ма, әлде таба ала ма?
— Зиялы көрермен Алматыда Әуезов театрында, Лермонтов театрында, Астанада орыс драма театрында, Астана Опера мен Астана балетте бар.
- Сіздерге сонда ғимарат керек болып тұр ғой?
— Ия. Елбасы театр салып береміз деп айтқан. Кейін әкімдер ауысып кетті. Енді бірнеше күнде жаңа әкімге (Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа – Sputnik Қазақстан) қайта кіріп шығамын. Театрдың жаңа ғимараты – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болып тұр.
- Қазір, дәл қазір емес болса да жаңа кино түсіру жоспарда бар ма? "Көшпенділер" сияқты тарихи жанр болмаса да, басқа жандрда?
— Құдайға шүкір, дайын тұрған сценарийлерім бар. Мәдениет министрлігі қаржыландырса, мен дайынмын. Менде "Томирис" тұр, менде "Зарина" тұр, менде "Қаракөз" тұр, "Такси", "Долина смерти" тұр.
- Тағы да көрермен тақырыбына оралсақ? Жуырда жаңа маусым ашасыздар. Ал, Қаллеки театрына жастар, соның ішінде оқушылар көп келетінін жақсы білемін. Осы жастар мен оқушылар сіздердің мақсатты аудиторияларыңыз ба, мақсатты болса, жаңа маусымда оларға қандай қойылымдар дайындайсыздар? Ал, мақсатты емес десеңіз, оқушыларға билетті күштеп сата ма, қалай?
— Театрдың да, киноның да негізгі көрермені – 16-28 жас аралығындағы адамдар. Соңғы уақытта оқушы балаларды зорлап театрға апарудың керегі жоқ деген желеу шықты. Бұл – теріс түсінік. Айналайындар-ау, біз баланы 6-7 жасқа тола сала күшпен мектепке апарамыз емес пе!? Оған ұнаса да, ұнамаса да оқиды. Яғни, бұл заң, бала білім алу керек. Ал, білімнің екінші жағы – баланы бала кезден сұлулыққа, мәдениетке, өнерге баулуда жатыр. Оның бірден бір жолы – мультфильмнен басқа, интернеттегі ойындардан басқа – театрға апару. Баланы театрға апарып көрсетсең, бұл оның – тәрбиесі, бұл оның – білімі, бұл оның – мәдениеті, бұл оның – тағылымы, бұл оның – тілі. Осы тұрғыдан келген кезде, мектеп жасындағы балалардың театрға келгені дұрыс.
Екіншіден, есті көрермендердің де келгені дұрыс. Өйткені, қоғамда зиялы қауымды қозғайтын үш-төрт фактор бар. Біріншісі – бүгінгі интернет, екіншісі – білім, үшіншісі – саяси оқиға, төртінші – өнер. Осы факторлар болмаса, зиялы қауым қалғып кетеді, ұйқыға кетеді. Қоғам өсу үшін ең алдымен зиялы қауым, ақын-жазушылар, өнер адамдары, балет әртістері, театр әртістері, суретшілер, әншілер ояу жүруі керек. Өйткені, халық зиялы қауымға еліктейді. Мысалы, бір Олжас Сүлейменов бір стадионды жинайды, бір Димаш бір стадионды жинайды, бір Қайрат Нұртас бір стадионды жинайды. Осы тұрғыда осы топтардың театрға келгені жақсы.
- "Рухани азық" деп көп айтып жүрміз, жастар зиялы қауымға еліктейді дедіңіз жаңа. Бірақ, соңғы кезде жастар шетелге көп еліктеп жүрген сияқты. Өйткені, шетелге көшіп жатқан жастардың қарасы көп. Жастардың мұндай шешіміне қалай қарайсыз? Шынымен, жастарға жағдай қалмағаныма?
— "Арқада күн салқын болмаса, арқар ауып не бар?" дейді. Сол сияқты шетелге кетіп жатқан жастарды көргенде қарның ашады. Бұл – қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік жағдай. Осы үш жағдай дұрыс болмаса, жастардың шетелге кетуі көбейеді. Орысша мұны "утечка мозгов" дейді.
Қазақша айтсам, еліне ғылымын, білімін, тәрбиесін, күш-жігерін нағыз жұмсайтын шағында көп ақылды азаматтар көшіп кетіп жатыр. Қоғамның әлі зерттелмеген, диагнозы қойлымаған мәселе деп ойлаймын. Бір қыз шетелдікке күйеуге шығып кетсе, артынан шу ете қаламыз. Бүгін бір қыз тұрмақ, отбасымен, бала-шағасымен, әке-шешесімен кетіп жатыр жастар. Қазақстан жер бетіндегі аз халықтың біріміз.
Қытай – 1,5 миллиард шетелде жүргендерін қосқанда 2 миллиард адам. Біз – Бейжіңнің бір көшесіндей-ақ халықпыз. Енді оған шетелге кететіндерді қоссақ, санымыз не болмақ? Шетелге кететіндер кімдер? Талаптылар, білімділер, таланттылар, әдемі қыздар мен ақылды жігіттер және қолында кіші-гірім ақшасы барлар. Мемлекет шетелге көшемін, шетелге кетемін деген әрбір азаматпен жеке-жеке сөйлесіп, "неге кетіп барасың, не керек болғанда қалар едің, қандай мүмкіндік керек?" деп, жөн білуі тиіс деп ойлаймын.
Мұқағали Мақатаев айтпақшы, "Сен де кеттің. Мен де кеттім. Ол да кетті ауылдан. Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау бауырдан!". Бәрі кетсе Қазақстанда ата-бабаларымыдың моласынан басқа кім қалады?
Бұл дегеніміз – есік-терезесі ашық қалған үйдей, басқа шетелдің азаматтары кіре салады деген сөз. Тіпті, шекараны күзететін адам қалмай кетіп қалсақ, не боламыз? Бұл – жаһандық мәселенің бірі. Егер Үкімет, жастар ісімен айналысатын министрлік, осы процесті зерттейтін ғылыми институттар болса, біз бұл аурудың диагнозын немқұрлым ерте тапсақ, соғұрлым тез жазамыз.
Маған мәселен киелі Түркістанның орталық болғаны, яғни, мемлекеттің осындай бағыттағы жұмыстары ұнайды, бірақ, біздің таланатты жастар елден кетпей, керісінше, шетелдегі жастарымыз елге келсе, сондай жұмыстар жүргізілсе мен одан сайын қуанар едім.
- Мемлекет ұжымдардан құралса, сол сияқты әр ұжым өзі бір мемлекет қой. Сол "мемлекетіңіздегі" жас әртістерді баспана жоқ, жалақы аз, жұмыс ауыр болса да, қандай тәсілдермен театрда "ұстап" отырсыздар?
— Дарынды, таланатты адамға не керек? Рөл керек! Басында шатыры, астында көлігі болмаса да, бұлардың рухани азығы – сахнаға шыққанда ойнаған рөлі. Актер алты-ақ секунд өмір сүреді. Спектакльді ойнап бітіп, сахнаның артынан алдына келіп, көременге игілгенге дейін алты секунд уақыт керек. Міне, сол алты секунд үшін театр әртісі қиналғанын, аш-жалаңаш жүргенін, үйінің жоқтығын, жатақхана болса болды, болмаса бір төсекте бес-алты адаммен ұйықтап жүргенін ұмытады. Яғни, творчестволық өтемақысы бар.
- Жаңа маусым да жақындап келеді. Жаңа маусымды қандай қойылыммен бастайсыздар?
— Ия, жаңа 28-ші маусымды ашқалы отырмыз. Қазанның 10-ы күні "Абай" қойылымымен жаңа маусымның шымылдығы ашылады. Одан өзге, Тілектес Мейрамовтың (ҚР Халық әртісі, Еңбек сіңірген әртіс – Sputnik Қазақстан) 70 жылдығын Қарағандыға барып өткіземіз. Алматыда өткізіп, енді келіп отырмыз. Жалпы, мұндай шаралар актердің сыйлы екенін, елге керек екенін одан сайын сездіре түседі деп ойлаймын.
Яғни, актерлердің шығармашылық кешін, бенефисін жасау, арнайы спектакль жазу – олардың еңбегін бағалаудың бір жолы. Тілектес Мейрамовқа арнап "Қар үстіндегі көгершіннің ізі" деген спектакльді қойдық. Оның алдында Гүлжан Әспетованың мерейтойында актрисаға арнап "Зере" деген пьеса жазғыздық. Бұның барлығы актерлерді бағалап, қадірлегеніміздің белгісі. Мұндай кез келген театрда бола бермейтін дәстүр.
- Талғат аға, тұшымды ойларыңыз үшін көп рақмет. Расымен, бос әңгіме, бос сөзге уақытыңыз жоқ екен. Бірақ, соңғы кезде сіздің де атыңызға қарата айтылып жүрген әңгімелер көбейді. Әсіресе, "Махаббат бекетіне" қатысты. Ол әңгіме өзі Сізді мүлде қызықтырмай ма?
— Мені қызықтырмайды. Мен ештеңені өз көзіммен көрген жоқпын. Баян (продюсер Баян Алагөзова – Sputnik Қазақстан) киносын түсіріп жатыр деп естідім. Бірақ, шын мәнінде ол менің повесім, ол менің сценарийім. Бұл мәселені заңгерлер сөйлесіп, өздері шешеді.
Ал, жеке өз басым Баянмен дұшпан болайын деп отырған жоқпын. Ол да менің студентім. Ол менің актрисам болды. Оны Оралдан алып келген мен. Қазақта мақал бар: "Алдыңда жүрген ағаның етегін баспа, жолын қу. Артыңнан ерген інінің бетінен қақпа, белін бу" дейді.
- Ия, осыған дейінгі сұхбаттарыңызда 1-курс студенті Баян ханымды киноға таңдап алғаныңызды айтқансыз. Жалпы, Гүлнәздің рөліне сол кезде Баян Алагөзовадан басқа үміткер болды ма әлде таңдау Баян ханымға ғана түсті ме?
— Жоқ, бір ғана сол болды. Баян үшін сценарийді арнайы жаздым.
- Жақсы, түсінікті. Сұхбатыңызға көп рақмет!