Шаханов Асанәлі Әшімов туралы: "Ұлт алдында қалды оның бар беделі шашылып"
2018 ж. 03 қазан
41465
1
Қарсы пікір айтылса да, сан алап, сан тараптан,
Жер бетінде ұлт пен тілді Құдай ғана жаратқан.
Болсадағы жан-жағында жағымпаз бен қосшы көп,
Тіл мен ұлтты жасай алған әлемде бір басшы жоқ.
Өз тіліне тас ататын қазақ бізде аз емес,
Тек олардың тағдыры мен болашағы мәз емес.
Сонау Кеңес Одағының кезінде,
Сатқындықтың шуағы ойнап көзінде,
«Қазақ тілі керек емес,
орыс тілі жетеді,
Бар қазақтың орыс тілі болсын арман, мекені»,
Деп қорлаған және тепкен ұлттық мүдде есігін,
Іле-шала Степнов деп өзгертіп ап есімін,
Мұсылман дінінен христиан дініне ауысқан,
Тек билікке жағынумен күш-жігерін тауысқан,
Әліби Жанкелдин деген болды атаңыз бөлекше.
Ол кезеңде сондай адам құрметтелді ерекше.
Неге әлі ұлттық мүдде күні теріс батуда,
Неге мектеп, көшелер көп сол Жангелдин атында?
Қостанайда үлкен аудан таппай шыншыл шешімін,
Иеленіп жатыр әлі Жангелдинің есімін...
Ойланған жөн, бұл заманда кім боркемік, кім мықты?
Қалың қауым білгені жөн бір өте ауыр шындықты.
Ұлтын, тілін менсінбесе, ұмытып бас міндетін,
Ұлтқа, тілге ашық түрде қарсы тұрса кімде-кім,
Мейлі, тіпті шіріген бай атанса да дағдылы,
Қасіретпен бітеді екен сол адамның тағдыры.
Өз тіліне қарсыларды жаны – жалған, сөзі – уақ,
Жазалайды екен Алла, тіпті тірі кезінде-ақ.
Ұлтқа, тілге сатқындықтан болашағы тұсалған,
Біреу жайлы айта жүрер аянышты мысал бар:
«Ықыласы билік сүйген тілге ғана құлаған,
Туған тілін менсінбейтін болды басшы бір адам.
Қартайғанда кезікті ол қасіретті түйінге,
Баласы мен әйелі өліп, жалғыз қапты үйінде.
Құдайдың бұл қасіреті бостан-босқа төне ме?
Екі көзі тұманданып, көрмей қапты және де...»
Елімізде ұлтқа, тілге тас лақтырса қанша адам,
Барлығын да осы іспетті қасірет, мұң қоршаған...
Біраз бұрын, саналатын кеудесі – тау, шашы – бұлт,
Телеарнада, ел ағасы – Асанәлі Әшімов,
«Құдай жоқ» деп өзеуреді, ел сенімін қашырып,
Зор атеист екендігін айтты жұртқа ашылып.
Ұлт алдында қалды оның бар беделі шашылып.
Мұсылмандық діннің парқын жеткізген зор сенімге,
Мынадай бір болды оқиға Англия жерінде.
Бұл ел түгел христианша дінге ғана табынған,
Бір адамның зор дауымен,
Және билік қолдауымен,
Қаладағы мұсылманша мешіт мүлдем жабылған.
Неге, неге, ел ойланды, толғанды әрі тамсана.
Ал мешітте микрофон мен үнтаспа жоқ болса да,
Намаз уақыты келген кезде,
жұрттың бәрін таң қылып,
Азан даусы естіледі, бар қалаға жаңғырып.
Таңғажайып оқиғаны бұған дейін кім көрген,
Содан кейін көп христиан мұсылманша дінге енген.
Сан құпия жатыр бүгіп алыс ғалам, алыс төр...
Американдық Армстронг деген алғыр ғарышкер,
Айға барып қонғанда,
Мұсылманша азанды есітіп сол маңда,
Кейін жерге оралғанда, өрлеп сенім толғағы,
Құлшыныспен, мұсылмандық дінге өтіпті олдағы.
Шетке ысырып, тілге, дінге қарсыларды өр кеуде,
Мұсылмандық діннің даңқы күллі әлемде өрлеуде.
Шындық парқы биік ұшып, рухсызға ес берсін!
Мейлі ол күш біреуге ерте, ал біреуге кеш келсін.
Дін де, тіл де – ұлт мұраты ең ірі!
Бірақ тілге, ұлтқа қарсы шыққандардың өмірі,
Қасіретпен бітетінін әрбір адам ескерсін!
Мұхтар ШАХАНОВ,
Қазақ үні