"АЛПАМЫС БАТЫР" ЖЫРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗ ЖЫРШЫЛАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

  «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Елбасымыздың "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында «Тұлпар мініп, Ту алған» атты ұлттық байқауы өз мәресіне жетті. Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған қалалық айтулы жобаға «Алпамыс батыр» жыры таңдалды. Байқауға Алматы қаласындағы барлық мектептің 6-10 сынып аралығында оқитын кез-келген оқушысы қатыстырылды. Қатысуға 1300-ден астам бала өтінім берілсе, оның 54-і өзге ұлт өкілі. Аталмыш ұлттық байқау екі кезеңді қамтыды. Қыркүйектің 10-19-ы аралығында өткен Алматы қаласына қарасты 8 ауданның әрқайсысынан 3 жеңімпаздан іріктеліп алынды. Жалпы саны 24 оқушы қалалық қорытынды кезеңге жолдама алған-ды. Осы оқушылар 26 қыркүйек күні қалалық Оқушылар сарайында сайысқа түсіп, өзара жеңімпазарды анықтады.  Батырлар жырын жатқа айту бойынша "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" деп танылған өнерлі өрендер  «Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахна төрінде салтанатты түрде марапатталды.    Жүлделі I-oрынды Аружан Абсатар (тәлімгері Майра Мырзахметова) иеленсе, ал II-oрын Абылай Бердашевқа(тәлімгері Айжан Оспанбекова)  бұйырды. Ал,  Бекзат Шардарбек (тәлімгері Фарида Сүлейменова) III-oрынды місе тұтты. Осынау дүбірлі додаға барын салып дайындалып, көп ішінен оза шапқан хас таланттарға тапсырылған жүлде қоры да қомақты. Атап айтсақ, бірінші орынға – 1 500 000 теңге, екінші орынға – 1 000 000 теңге; үшінші орынға – 500 000 теңге табысталды. Сондай-ақ, ынталандыру сыйлықтарын иеленген Шыңғысхан Армия, (тәлімгері Айгүл Мамытова), Мәншүк Арыстанбек (тәлімгері Гүлжан Оспанова), Санат Ғизатұлы (тәлімгері Салтанат Нүсіпова) сынды дарынды оқушыларға қомақты сыйлықтар берілді. Жүлдегер болған әрбір оқушының тәлімгері Англияның Оксфорд қаласына барып, Тіл білімін жетілдіру орталығында ағылшын тілін терең меңгеріп қайтуға мүмкіндік алды. «Тұлпар мініп, Ту алған» Ұлттық жобасының жетекшісі Серік Сейітман жас ұрпаққа берер тағылымы зор осындай шаралардың алдағы уақытта да өз жалғасын табуы мүмкін екендігін тілге тиек етті.  

Гүлмира САДЫҚ

qazaquni.kz