Қазақстан Назарбаевтан кейінгі кезеңге дайындалып жатыр ма?
2018 ж. 01 қазан
5966
1
Америкалық World Politics Review сайтында Ресей саясатының Орталық және Оңтүстік Кавказ елдерімен байланысын зерттейтін Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері, сарапшы Пол Стронскимен болған сұхбатты жариялады.
Бұл туралы Азаттық хабарлайды."Қазақстан Назарбаевтан кейінгі кезеңге дайындалып жатыр ма?" деген мақалада Қазақстандағы маңызды мемлекеттік қызметкерлерді ауыстыру мәселесін талқылап, "бұл билік транзитінің белгісі ме?" деген сауалға жауап іздеген.
"Қазақстанның саяси жүйесі жария емес, сондықтан кадрлар алмастыруға не себеп болғаны түсініксіз. Ашықтық болмаған соң Қазақстандағы түрлі саяси топтардың күшеюі мен әлсіреуі туралы сыбыстар тарайды. Аяқ астынан өзгерістер болса, Назарбаев билікті беруге дайындалып жатыр деген сөз шығады. Оның бәрі шындық болуы да, болмауы да мүмкін" дейді бұрын АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Ресей ісі бойынша директор болған және Мемлекеттік департамент зерттеулері мен барлау бюросында сарапшы болып істеген Пол Стронски.
Стронски "Қазақстан қоғамының күн өткен сайын тынышсыздана бастағанын" айтады. Оның бәрін әлеуметтік-экономикалық проблемалардың артуымен байланыстырады. Сарапшы Алматыда мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді өлтірген кездегі қоғамның ызаға толы реакциясы мен Астанада көшелерді жаңбыр суы басып қалған кездегі наразылықты еске алады.
Америка сарапшысы "Мұнай бағасы жоғары болып тұрғанда, мемлекеттік қазына толы болғанда Қазақстан экономикасын әртараптандыра алмады" дейді. Елдегі амбицияға толы экономикалық жоспардың жартылай орындалғанын айтады. Пол Стронски Астананың халықаралық қаржы орталығы туралы жобасының жүзеге асуына күмәнданады. "Мұндай орталық басқа сауда алаңдарымен бәсекелес бола ала ма?" деген сауал тастайды.
“Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасы Астанаға пайда әкелуге тиіс, алайда «Қазақстан басқа салаларға көмектесу үшін инфрақұрылымға Қытай инвестициясын қалай салатыны түсініксіз" дейді сарапшы.
Саяси элита мен тұрғындар арасында Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық және саяси ықпалының артып келе жатқанына алаңдау көбейді. "28 жылдан астам президент болып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында биліктен кетуі спекуляция ма?" деген сауалға Стронски: "Сайлауға түсер-түспесін Назарбаев өзі ғана біледі. Ал оның ізбасары кім болады деген сауал саяси элита мен қарапайым халықты мазалап келеді. Бұл ел ішінде біраз уақыттан бері пікірталасқа айналған" деп жауап берген.
Назарбаевтың жақында биліктен кетуі туралы сыбысты маусым айында "Ол енді сайлауға түспейді" деген сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі мен Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төраға болып сайланғаны қыздыра түсті. Бұған қоса, жақында үкіметте болған өзгерістер "президенттің қызы Дариға Назарбаеваның ықпалын күшейткен болар" дейді Стронски.
"Қазақстандық саясатта түсініксіз жайттар көп, бірақ бір нәрсе анық: билік ауысымы қай кезде болса да, саяси жүйе соңғы 20 жылда ең тәжірибелі саясаткердің шықпағанына, оның жоқтығына икемделуі тиіс. Ел ішіндегі тұрақтылық билік алмасудың қалай өтетініне байланысты. Саяси оппозицияның тамыр жаюы келесі басшының кім болатынына, оның саяси легитимділікті қалай ұстайтынына және қазақстандық саясаттың Назарбаевтан кейінгі кезеңге қалай бейімделетініне байланысты" дейді Пол Стронски.