Зырян қаласы мен ауданы бүгіннен бастап Алтай деп аталады
2018 ж. 28 қыркүйек
3098
0
Шығыс Қазақстанның Зырян ауданы мен қаласын Алтай деп атау ұсынысын аудандық мәслихат депутаттары мен жергілікті қоғамдық ұйым мүшелері бірауыздан қолдады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қалалық мәдениет үйінде әуелі Зырян ауданын Алтай деп атау мәселесі қаралды. Аудандық мәслихат депутаттары жаңа атауды бір ауыздан қолдап, дауыс берді. Ал шаһар атын қайта атау мәселесін жергілікті қоғамдық кеңес мүшелері талқылады. Бас аяғы бір сағатқа созылған жиында қоғамдық кеңес өкілдері бір тоқтамға келіп, шаһар атын “Алтай” деп ауыстыру қажет деген шешті.
Тұрақты кеңес мүшелері де бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Бұл оң шешімге ауданның зиялы қауым өкілдері риза көңілмен тарқасты.
«Қаламызға да, ауданға да тың серпін керек. Сол серпіннің рухани жаңғырудан басталғаны қуантады. «Алтай» дейтін әлемдік брендті экономикамыздың дамуына пайдаланбау күнә дер едім. Осы қаланың өркендеуіне үлес қосып, өндіріс қазанында құрыштай қайнаған аға буын бұл өзгерісті құптайтынын мәлімдегім келеді» – дейді Зырян аудандық қоғамдық және ардагерлер кеңесінің төрайымы Элла Гейгер.
«Алтай – қазақ даласына тағдыр айдап әкелген сан түрлі ұлт пен ұлысты құшағына сыйдырған киелі өлке. XVIII ғасырда келген ескі наным өкілдері де, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жер аударылған алмандар мен өзге ұлттар да Алтайдың қойынынан пана тапты. Сондықтан ауданымыздың осы ұлы атауды алуы заңдылық. Бұл өлкенің Алтай атануы тарихымызды қайта қарауға бастаса деген үміт бар. Тарихшы ретінде мұнда да түркі өркениетінен қалған мұралар көп екенін айта алам. Соның бәрі жарыққа шықса, біз өз бастауымызға оралған болар едік» – дейді өлкетанушы Денис Никитин.