Дәурен АБАЕВ: Бізге ақпараттық гигиена қажет сияқты
2018 ж. 26 қыркүйек
2831
1
ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев "Азаттыққа" сұхбат беріп, ақпарат саласындағы елеулі өзгерістер, әлеуметтік желі мен сөз бостандығы, шалғайдағы ауылдарды интернетпен қамту секілді өзекті мәселелер бойынша бірқатар сұрақтарға жауап берді. Аталмыш мақаланы "Қазақ үні" оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.
Азаттық: - Шілдеде ұлыбританиялық «Cable» компаниясының кеңжолақты интернет жылдамдығы туралы шыққан есебіндегі тізімде Қазақстан 95-орында тұр. Бұл көрсеткішті жақсартудың қандай амалдары бар деп ойлайсыз?
Дәурен Абаев: - «Cable» компаниясының есептерін зерттедік. Олар адамдардан мәлімет алып, тексерген. Ол есеп бойынша біз Ресейден 45 орынға төменбіз. Олар Ресейде 1,5 миллион адамның арасында сауалнама жүргізген. Ал, біздің елде 100 мыңнан астам адамнан ғана сұраған. Бірақ біз елдегі инфрақұрылымды жаңартамыз, жақсартамыз деп ойлаймын.
Азаттық: - Яғни, Ресейдегідей бір жарым миллион адам немесе миллиондаған адамға сұрау салса, онда Қазақстанға қатысты көрсеткіш өзгереді дейсіз ғой?
- Әрине, өзгереді. Мысалы, Дүниежүзілік экономикалық форумның биылғы ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінде біз 150 мемлекеттің ішінде 49-орындамыз, көрсеткішіміз жаман емес. Қазір елімізде халықтың 80 пайызға жуығы интернет қолданады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш.
Азаттық: - Қазақстанды тұтас жылдам интернет байланысымен қамтудағы басты мақсат не?
Дәурен Абаев: - Бұл жерде ең бастысы – әлемде болып жатқан технологиялық өзгерістерден қалып қоймау. Өздеріңіз жақсы білесіздер, интернет, жаңа технологиялар арқылы бүкіл салалар қарқынды дамып келе жатыр. Мысалы, осыдан бес-алты жыл бұрын көліктер қалай болса, солай жүруші еді. Қазір мына бейнекамералардың арқасында жүргізушілердің жолда жүру тәртібі күрт өзгерді. Білім саласында біз үш тілді – ағылшын, орыс және қазақ тілдерін дамытамыз деп жатырмыз. Осы интернеттің арқасында, мысалы, онлайн курстарды жүргізе аламыз. Денсаулық сақтау саласы бойынша қаншама іс-шара, консультациялар жүргізіп, еліміздегі бүкіл процестерді зерттеуге болады. Осы саланы дамытпасақ, көптеген дамыған елдерден қалып қоямыз ба деген қауіп бар.
СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ БҰҒАТТАУ
Азаттық: - Әлеуметтік желілерді бұғаттау Конституцияның 20-бабы 2-тармағындағы "Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар" деп жазылған қағидаға қайшы. Мұндай жағдайда қарапайым тұтынушы қайда барып, кімге шағымдана алады?
Дәурен Абаев: - Ондайда алдымен прокуратураға арыз жазса болады. Біздің сайтта «шағымдану» деген бөлім бар. Соған жазуға болады. Біз оны міндетті түрде қараймыз. «Мемлекеттік мекеменің қызметін бағалау» деген бар. Ол да жақсы жұмыс істеп келе жатыр. Мемлекеттік қызметкер онлайнға келіп түскен шағымдарға жауап беруі тиіс. Бұл оның балдарына әсер етеді.
Осындай үрдістер елдің өз ойын жеткізу мүмкіндігін одан сайын өсірді. Өйткені, бұрынғыдай емес, қазір интернеттің, мессенджердің, WhatsApp-тың арқасында халық тікелей әкімдерге шағымдана алады. Сондықтан бұл процесс ашық болады деп ойлаймын.
Азаттық: - Яғни, қолдап отырсыздар ма?
Дәурен Абаев: - Иә, ашықтықты біз, әрине, қолдаймыз. Өйткені, ашықтықтың арқасында қоғам дамиды. Жемқорлық тәрізді бүкіл проблемалар осы арқылы шешіледі.
Азаттық: - Мемлекеттің интернетті бақылауға алу әрекеті азаматтардың сөз бостандығы мен пікір алуандығына қатысты құқықтарын одан сайын шектей түскен жоқ па?
Дәурен Абаев: - Бұл ешқандай сөз бостандығын шектеу емес. Бұрын ең бастысы көп ақпарат алу болатын. Қазір бізге ақпараттық гигиена қажет сияқты. Өйткені, біз өте көп ақпарат ала аламыз. Сол үшін әр адамның ішінде өз шектеуі болуы керек. Бұл балаларға да қатысты. Балалардың не көріп, қандай ақпарат алып жатқанына мемлекет қана емес, ата-анасы да жауапты. Оның сыртында фейк жаңалықтар қаптап кетті. Интернет арқылы адамдардың бір-бірін балағаттауы, өтірік айтуы да көбейді. Қазір бұл мәселемен біздің мемлекет қана емес, дүниежүзі бетпе-бет келіп тұр.
Азаттық: - Қазақстанда Ақпарат министрлігінің болуы елдің әлі постидеологиялық кезеңге аяқ баспағанын көрсетпей ме? Мұндай мекеме қазіргі заманғы мемлекетке не үшін қажет деп ойлайсыз?
Дәурен Абаев: - Көптеген мемлекетте Ақпарат министрлігі бар. Атауы басқа. Кей мемлекттерде «агенттік», «комиссия» деп аталады. Бұл жерде әр мемлекеттің өзінің дамыған, дамып келе жатқан орнын ескеру керек. Ол бір. Екіншіден, сіздер Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тек сөз бостандығын шектеу үшін құрылған деп ойлайсыздар. Мысалы, біз биыл цифрлы радио тарату бағдарламасын бастадық. Одан бұрын елді-мекендерге интернет жеткізу бар, ол да біздің тікелей құзыретімізде. Одан шекарадағы елдімекендерде «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосы істемейді. Ол да біздің тікелей құзыретімізде. Сол ақпараттық қауіпсіздік жағын да ұмытпауымыз тиіс деп ойлаймын. Әрине, мысалы, Швейцария тәрізді дамыған елде мүмкін осындай комиссия ретінде қалыптасқаны да жөн шығар. Бірақ, қазіргі біздің жағдайда Ақпарат және коммуникациялар министрлігі болғаны дұрыс деп есептеймін.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан: Ө. Жоямерген