Детектив жанрының дарабозы Кемел Тоқаевтың 95 жылдығы өтті (фото)
2018 ж. 24 қыркүйек
5826
0
Бүгін сағат 15-00-де Алматыда Қазақстан Жазушылар одағында қазақ әдебиетінде детектив жанрын салушы дарабоз жазушы Кемел Тоқаевтың 95 жылдығы аталып өтті, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет жазушының 95-жылдығымен құттықтап, Кемел Тоқаев туралы кеңінен толғады. Ол сонымен біірге жазушының ұлы, мемлекет қайраткері, ҚР Парламенті Сенаты төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы кешке арнайы жазған xатын оқып берді.
Әйгілі ақын Мұхтар Шаxанов өзі ерекше қадір тұтқан Кемел Тоқаев туралы толғанысты сөз сөйледі. Оның адалдығына, шыншылдығына ерекше тоқталды. "Бұл қасиеттер жазушының ұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бойында да бар" деп, ізгі лебізін білдіріп, отты жырын оқып берді.
Белгілі ақындар Рафаэль Ниязбек пен Шөмішбай Сариевтер Кемел ағасы туралы кең көсіле сөйлеп, арнау өлеңдерін оқып берді.Алматы облысы Қаратал ауданы Үштөбе кентіндегі Кемел Тоқаев жалпы мектебінен келген оқушылар өнер көрсетті.
Кеште Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық оркестр өнер көрсетіп, әйгілі әнші Нұрғали Нүсіпжанов бастаған, белгілі әнші Нұржан Жанпейіс пен күйші Нұрғиса Әуешовтер қостаған өнерпаздар әннен шашу шашты.
Кешті белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт пен әйгілі әртіс Болат Әділманов жақсы жүргізді.
Ел тартымды да, тағылымды кештен әдемі әсер алып қайтты.