МАГНАТ МИТТАЛҒА ЕЛБАСЫНЫҢ ЕСКЕРТУІ ӘСЕР ЕТЕ МЕ?
2018 ж. 14 қыркүйек
4949
0
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болып, өндірісті аймақтағы ірі кәсіпорындарды аралап, жергілікті халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен жақынырақ танысты. Облыс активімен кездесу кезінде президент өңірдегі өзекті боп тұрған экология, ауыз су, жылу мәселелерін шешу керектігіне баса тоқталды.
Президент Теміртауға мардымды жылу бере алмай жүрген «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының басшыларын сынға алды. Өйткені, алып комбинат қана емес, қаланың басым бөлігі осы №2 жылу энергетикалық орталығына тәуелді. Егер станция тоқтап қалса тұтас қала жылусыз қалады. «Миталл мырзаға сәлем айта барыңыздар. Біздің Үкімет ол кісімен хабарласып бұл сұраққа жауап беруін талап ететін болады. Станцияның жұмысын шұғыл жаңарту қажет» – деген Елбасы өзі айтқан жылу-энергетикалық орталығына арнайы барып, жұмысшылармен жүздесіп, жылдар бойы жоспардан қалып келе жатқан жаңартуды тездету керектігін компания басшылығына қадап айтты. Өйткені, 60-ыншы жылдары салынған қазандық қуаты қалаға жетпей жатыр. Бұған 350 млрд. теңге қаржы қарастырған. Назарбаев станцияларды жаңартумен қоса, экологиялық сұрақтарды да шешуді тапсырды. Қарағанды облысында жыл сайын ауаға 600 мың тонна зиянды заттар шығарылады. Бұл республика бойынша ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың төрттен бір бөлігі.
Айта кетейік, шығын шығармай қалтасын қалыңдатуды ғана ойлайтын миллиардер Лакшми Митталдың еншісіне тигелі бұл алып кәсіпорынның басынан бұлт кеткен емес. Шахталарда болған апаттардан ондаған кеншілер тірідей қара жерге көмілді, айлап айлық бермей жұмысшыларын зар илетіп, кәсіпорын кеңсесінде өзін-өзі өртеуге дейін жеткізгені белгілі. Кезінде премьер-министр болған Серік Ахметов облыс басшылары мен құқық қорғау орындарына компанияны жарты жыл бойы бүге-шүгесіне дейін жіті текесеріңдер деп тапсырма беріп өз басына бәле тілеп алғаны да аян. Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмысшыларды жақтап «Металлургтердің артында мен тұрмын!» деп ескерткені де Митталға маса шаққан құрлы әсер етпегенін білеміз. Қазақстанның байлығын сорып жатқан магнатқа қарсы қатал шара қолданатын кез жеткен сияқты. Алып кәсіпорынды алты айлық жерден, Лондонның төрінде жатып алып бақаратын Миттал мемлекет басшысының жолдаған дұғай сәлеміне бұл жолы не дер екен?..
Зейнолла АБАЖАНОВ,
qazaquni.kz