Ақтөбеде Әбілқайыр ханға орын табылмады ма, Сапарбаев мырза?!.
2018 ж. 12 қыркүйек
5254
1
Бірер күн бұрын қазақтың ұлы күрескері, дана саясаткері, ұлы қолбасшысы Әбілқайыр баһадүр ханның басына екі ағаммен - Құлсарыдағы Бекет ата мешітінің имамы Ислам қажы мен елдің көзге түсе бергісі келмейтін жоқшысы, жаны жайсаң азаматы Игілік Барсайұлымен бірге зиярат етіп қайттық. Жаным жеңілдегендей болғанмен, көңілімдегі удай ащы өкініш пен кімге бағыттарымды білмей жүрген ашу-ыза кеудемді қайта өртеді.
Қазақтың тарих айтса, Абылайдан ғана бастайтыны,жарты жерін ондағанжылдар бойы қуатты жоңғар империясы басып алып отырғанын жасырып, өзін өзі алдағысы келетіні, тарихта тұңғыш рет қазақтың аман қалған бөлігінің басын қосып, бір қолға біріктіріп, ата жауды ғажайып тактика мен стратегия көмегімен талқандаған, бір шеті қазіргі Астана, бір шеті Бұланты, Арал Қарақұмы, Бейнеу, Жем болып қусырылып, құруға қалған қазақ халқынын жойылып кетпеуін өз күшімен, Бөкенбай, тама Есеттердің, шақшақ Жәнібек бастаған ұлы тұлғалардың көмегімен жүзеге асырған ұлы ханды ұлықтауды ұмыт қалдыра бастағаны...
Кезінде Әбіш, Мырзатай ағаларым қостаған, хан сүйегін Ақтөбеге жерлеп, ел сүйеніп жүретін комплекс тұрғызайық деген ұсынысымның ескерусіз қалғаны... Тәп-тәуір хан кесенесін Ақтөбеден жеті жүз, Ырғыздан бес жүз шақырым жерге (бәлкім, ақша жеу үшін?) "данышпандар" кеңесімен салып тастағандары... ең бастысы неше жылдан бері ұлы ханға оншақты рет қана отызға жетпейтін адам зиярат еткені... т.т.
Біз сонда не үшін үш жыл хан зиратын зерттеп, жер түбіне қыруар қаржыға құрылыс материалдарын адам күшін тасыдық, ойран-асыр ас бердік, ең сорақысы - зираттан тоқсан шақырым жерге, алыс ауылға музей аштық (оныда ас өткен соң облмузейге жәдігерлерін қайта апарып, болмашы ғана экспонаттармен қалдырдық?
Бұл халық жадын қорлау, хан аруағын қорлау болып шыққан сияқты...
Хан мұнда аманатқа қойылған-ды. Бопайханым өтініші бойынша губернатор қайта жерлеуге жер де бөлген. Бұл өте аянышты нәрсе, біздің қазақтың намысшылдығы рас болса, дәл осыған бола қылғынып өлер еді ғой. Өлген ешкім көрінбейді, мен де елқатарлы тірі жүрмін. Нәлет біздің жүріске!..
Мейірхан Ақдәулетұлы, Қазақ үні