Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ: Жазушылар одағының имиджін әдебиетіміздің ірі тұлғалары көтереді
2018 ж. 11 қыркүйек
8288
5
Өтежан ағам: «Әй, Шал бала, маған жолама! Кесірім тиіп кетеді…» – деуші еді. Неге екенін қайдам, ол кісі мені «Шал бала» деп атайтын. Сенің таңдауың неге маған түсіп отырғанын білмеймін, Азамат…
(Байбота ағаның телефондағы әңгімесінен).
– Қазіргі әдеби қауымдастыққа көңіліңіз тола ма? Сіздердің арындап тұрған «максималист» кездеріңізде орта қандай болғанын білмеймін, бірақ қазір рушылдық, жүздік, топтық мүдде деген дерт дендеп кетті. Одақтың өзін кешеге дейін «ана рудың ордасы, мына рудың ордасы» деп «руластар мекеніне» айналдырып жіберді. «Тұлға» ғой деп бала күнде сүйсініп жүретін адамдар мыш-мыш әңгіменің деңгейіндегі пенде екенін түсіндік. Әдеби орта да көш соңында ілбіген жауыр ат секілді... төзімді, әйтеуір. Әлде бұл ширек ғасырлық осындай идеологияның зардабы ма?
– Ширек ғасырлық идеологияң не, қарағым-ау, жарты ғасырдан астам уақыт бұрын қалыптасқан сірі жүйе секілді бұл... Әу баста Максим Горькийдің пролетариат жазушыларын жасақтау идеясын Сталин қолдап құрылған бұл одақтың өзі топтық, таптық мүддені көздейтін одақ болатын... Белгілі бір топтың ғана мүддесін көздеу түптің-түбінде ұлтты орға жығатынын сталиндік репрессия кезінде КСРО Жазушылар одағының мемлекет машинасына қалай қызмет еткенінен-ақ көруге болады. Сол зұлмат арыстарымыздың бәрін баудай түсірді. Бассыз қалған ұлт «тап тартысынан» құтылды... Тарихтан сабақ алып үлгермеген біздің аға буын бос қалған қуысты рушылдықпен, жүзшілдікпенен алмастырып толтырды. Мұның көптеген мысалын ақсақалдарымыздың сыбырлап айтқан ауызекі әңгімесінен білеміз. Хатқа түскендері де бар, әрине.
Бекежан Тілегенов деген жазушы болды. Қазір көп ешкім біле бермейді. Ертеде Алматы қалалық партия комитетінде, Қазақстан КП Орталық комитетінде, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет жасаған. Ол өзі «менің жазушым» емес. Алғаш қолыма түскен кітаптарына тұшынбағанмын. Ақын-жазушылардың әдепкі шығармалары көңілімнен шықпаса, ары қарай ол авторды оқымай кететін әдетім бар. Уақытымды босқа өлтіріп аламын ба деп қорқамын. Бірақ оның бір шығармасын Мұхтар Мағауин өте жоғары бағалапты. Кейіннен Тұрысбек Сәукетаев менен сол шығарманы оқыдың ба деп сұрады. Оқыған жоқ едім. Сөз бекерден-бекер айтыла салмайды ғой. Мұнда бір сыр барын анық түсіндім. Содан әлгі Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» деген роман-толғауын тауып алып, ерінбей-жалықпай оқып шықтым. Мен, бәрібір, ол туындыны роман деп қабылдаған жоқпын. Өйткені бұл шығарма роман жанрының барлық шарттарына жауап бере алмайды. Бірақ, автордың өзі атап көрсеткендей, «айтылмай келген шындық» екен.
[caption id="" align="alignright" width="237"] Жан-Леон Жером. «Истина, выбирающаяся из колодца»[/caption]Шындық дегеніміз Жан-Леон Жеромның «Истина, выбирающаяся из колодца» деп аталатын картинасындағы өзі де абыржып, өзгенің де дегбірін қашыратын тырдай жалаңаш әйел ғой!
«Тұйық өмірдің құпиясын» толық оқып шыққаннан кейін сенің әлгі «тұлға ғой деп бала күніңде сүйсініп жүретін адамдарыңның» пенде екенін танығаның сықылды мен де қатты абыржыдым. «Тұйық өмірдің құпиясы» аяқталды, бірақ Қазақстан Жазушылар одағы Бекежан Тілегенов шығармасындағы шынайы өмірді ары қарай жалғастырып жасап келеді. Мен капиталистік қоғам кірген соң келмеске кетеді деп түсінген рушылдық кеселі Жазушылар одағында бойын жасырмақ түгіл, жазылмаған күйде «заңдастырылған». Күні кешеге дейін Жазушылар одағының төрағасы ұлы жүзден шыққан болса, оның бірінші орынбасары мен орынбасары орта және кіші жүздерден болуы керек. Ал төраға орта жүзден болса, оның бірінші орынбасары мен орынбасары ұлы және кіші жүздерден болуға тиіс екен. Одан төменгі сатыдағы қызметкерлер де солай... Ау, бұл жерде әуелі ол адамдардың қай руға, қай жүзге жататыны емес, ұйымдастырушылық қабілеті, шығармашылық мүмкіндігі алға шығуы керек емес пе? Өкінішке қарай, олай емес.
Тағы бір сөз. 2014 жылы «Мереке баспалар үйінен» «Жыр маржаны» аталатын қазақ поэзиясының он томдық антологиясы жарық көрді. Құп! Құрастырушылары ерлі-зайыпты Мереке Құлкенов пен Гүлсім Мұқышева. Қомақты қаржы мен қыруар күш-жігер жұмсалған жап-жақсы жұмысқа «біткен іске сыншы көп», бұл антологияда қазақ топырағында туған Әбунасыр әл-Фараби өлеңдері мен Хорезмидің «Махаббатнамасы» неге жоқ деп сын айта берсек, талай мін табылады. Оны қазбаламай-ақ қоялық. «Жыр маржанының» алғашқы томы Күлтегін ескерткішінің еркін әдеби нұсқасымен ашылса, екінші томы – Абай, үшінші томы – Жамбыл Жабаев жырларымен беташар жасайды. Мұны «қазақы дәстүр» деп мойындайық. Ал қалған жеті томының көшбастар тізгінін Қазақстанның бір өңірінен шыққан ақындарға – кіші ата-балаларына ұстатқан. Ау, антология деген нәрсенің өзіне тән жүйесі болмаушы ма еді? Антология болған соң ру-тайпалық, жүздік жүйе емес, не хронология жүйесі сақталу керек, не авторларының аты-жөні алфавит бойынша орналасуға тиіс еді ғой!
Сенің «рушылдық деген дендеп кетті» дегеніңе байланысты айтып отырмын. Мен де мұндай дендеп кеткен дерттің бар екенін білемін, бірақ дауасын таппай қиналамын.
– Соңғы кезде әдеби аударма саласында бір қозғалыстар байқалды. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ авторларының шығармаларын шет тілдеріне тәржімелеу жұмыстары жүргізілуде. Әдеби аудармамен кәсіби айналысқан ақынсыз. Аударма саласындағы қазіргі жағдайға көзқарасыңыз?
- «Базарда пәлен адам бар, әркім сүйгеніне сәлем береді» деуші ме еді?.. Мен өзім кейінгі кезде «Жазушылар одағы – бір төбе, мен – бір төбемін» деп айтып жүретін болдым. Өзің айтып отырған мәселені әлеуметтік желі арқылы ғана біліп отырмын...
Ал өзім аударма саласында ұзақ уақыт шұғылданып, бірнеше кітап шығарғандықтан аудармашылықтың ұлы өнер екенін жақсы білемін. Қай кезде де аудармашының рөлі ақыннан не жазушыдан бірде-бір кем болған емес. Көркем шығарманы аудару үшін тіл білу, тіпті полиглот болудың өзі мүлдем жеткіліксіз, алдымен аудармашының бойында шығармашылық қабілет, танылған талант, дарын деген нәрселер болуы керек. Оның үстіне біршама жеткілікті деңгейде жан-жақты білімі болмаса, бәрі де далбаса.
Мынаны түсініп алған жөн, Азамат: аударма әдебиет кімдікі? Қазақ әдебиеті шет тілдерге аударылса, ол әдебиет сол тілді тұтынатын оқырманның игілігі үшін жасалады. Ал шетел әдебиеті қазақ тіліне аударылса, ол туынды қазақ оқырмандарының олжасы болып шығады. Біз әуелі өзгеге танылуды емес, өзіміздің ұлттық мүддемізді ойлауымыз керек. Қазақ оқырмандарының өресі өсіп, көркемдік танымы жетіліп, білімі толығып, кемелдене түсуі үшін қазақ тілінен өзге тілдерге емес, өзге тілдерден қазақ тіліне аударуды маңызды деп түсініп, соны қолға алғанымыз жөн.
Қазақ әдебиетінде ХХ ғасырдың орта шенінде орыс тілінен қазақ тіліне аударатын аудармашылар қалыптасып үлгеріп еді. Бірлі-жарым ағылшын, испан, француз, неміс және түркі тілдерінен аударатын аудармашылар бар-тын. Бүгінде ол аудармашылардың санаулысы болмаса, көпшілігі бақиға аттанып кетті. Ғасырдың соңына қарай қазақ тілінен орыс тіліне жолма-жол аударма, мағыналық аударма, көркем аударма жасайтын азын-аулақ қаламгерлер пайда болды. Біз қазір қазақ әдебиетін шет тілдерге жолма-жол аударатын аудармашылар дайындап алуымыз кезек күттірмейтін мәселе деп түсінейік. Ал көркем аударманы аударылатын тілде әлденеше кітабы (өлеңдер жинағы, прозалық туындылары) жарық көрген әдебиеттің талантты өкілдерін таңдап, олар аянбай еңбек етуі үшін мемлекет тарапынан тәржімешілер қанағаттанарлық қомақты қаржы шығару керек. Яғни, қазақ ақын-жазушылары өзге ел оқырмандарына "халтурщик" болып танылмау үшін үлкен дайындық қажет екені өзінен-өзі түсінікті. Бұл – науқандық шаруа емес!
– Қазір қазақ шаршап кеткен секілді. Өз елінде, өз жерінде құқығы тапталып, сарсылып кетті. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, «Алла бізді ауызбіршіліктен айырмаса екен» деп ойлайсың. Мұндай табанынан таусылған елге әдебиеттің керегі бар ма деген «пессимистік» ой келеді кейде... Мысалы, қазақ әдебиетінің классигі Байбота Қошым-Ноғай соңғы екі жылда «Рухани жаңғырды» ма?
– Өтежан ағам айтқандай, тірі адам классик болмайды. Классик болу үшін өлу керек. Классика деген атаудың өзі «көне үлгі» деген мағынаны бермей ме? Мінеки, «классика» деген атау латынның classicus деген сөзінен шыққан екен, орысша «образцовый» деген мағына береді. Менің талай ақынға үлгі болғаным рас. Олардың ішінде қатарларым да, іні-қарындастарым да, тіпті ағаларым мен апаларым да бар. Біреулері айтады, біреулері айтқысы келмейді. Айтқысы келмесе де, ішім біліп отырады. Өздері білсін. Адам баласы ел білетін екі нәрсені ғана ешкімнен үйренбейді, басқаның бәрін де біреуді үлгі тұтып үйренеді. Өзіміз де сөйткенбіз. Бірақ ақынға артында «көне үлгі» қалдыру үшін дүниеден өту керек.
Айтпақшы, сенің сұрағың «Рухани жаңғыру» жөнінде ғой. Менің ойымша, осындай Ел үшін жасалған маңызды жұмыстың ешқайсысы да науқандық шараға айналмағаны жөн. Ал «табанынан таусылған елге әдебиеттің не керегі бар?» деп түңілудің де жөні жоқ. Қазақ елінің болашақта іргелі мемлекетке айналатынына, қазақ халқының өсіп-өнетініне күмән жоқ. Қиыншылықтардың бәрі де өтеді. Абай атаң айтқандай, қаһарлы қыс артынан жайдары жаз келетініне сену керек.
– Лайым солай болғай. Бізде екі жыл сайын ақын-жазушылар мемлекеттік сыйлық үшін «ұлы жорыққа» шығады. Қызылкеңірдек болады. Сізді мемсыйлыққа ұсынайық деп ұйымдар хабарласты ма?
– Қазір мемлекеттік сыйлыққа шығармасын автордың өзі ұсынатыны ешқандай құпия емес. Әрине, олардың бәрі де Жазушылар одағының қолдауына сүйенеді. Осы мемлекеттік сыйлық біраз ақын-жазушыларымыздың бас ауруына айналғаны рас. Әжептәуір ақша ғой енді. Шамалы уақыт талғажау қылады, аздаған абырой алып береді дегендей. Осы сыйлықты ала алмадым деп уайымдап, жүрегіне салмақ түсіріп өліп кеткендер де бар. Ал алғандарының ішінде біреулері бұл абыройға лайықты, біреулері лайықсыз. Оны, мен айтпасам да, елдің бәрі біледі. Бұл өзі әйгілі Қазан төңкерісінің 50 жылдығы қарсаңында кеңестік идеологияны тереңдете жүргізу үшін ойлап табылған шара еді. Сол жылдары мемлекеттік сыйлыққа ие болған мемуарлық шығармалардың бірінде Алаш ардақтыларын елден қалай аластағаны туралы егжей-тегжейлі жазылса, енді бірінде әйгілі революционердің кеңес өкіметін құру жолындағы күресі суреттелетін. Тағы бір үлкен жазушы көркем шығарма жазуды қойып кеткен соң «Ой әуендері» деген мақалалары мен баяндамаларынан құрастырылған кітабына мемлекеттік сыйлық алды. Бертінірек бір драмашы ағамыз Ленин өмірі мен қызметіне арналған «Өліара» деген шығармасымен абыройға бөленсе, «Революция және мен» деген өлеңдер циклі үшін мемлекеттік сыйлық алған ақынымыз да бар. Кейін әртүрлі саланың өкілдері жасаған салалық терминологиялық сөздіктерді шығарғаны үшін мемлекеттік сыйлық алған жазушымыз да бар. Ал кейбір ақындарымыздың мемлекеттік сыйлықты қалай алғаны жөнінде мерзімді басылым беттерінде жазылды да. Мемлекеттік сыйлық алған абыройлы ағаларымыздың кейбіреуі жалғызаяқ жолдың екі жағындағы жантаққа кезек-кезек мойын созатын түйе секілденіп меценаттардың тәуелсіз «Тарлан» сыйлығынан да сыбағасыз қалған жоқ. Ақшаны мен де жек көрмеймін, ол және тектен-текке берілмейтін шығар, бірақ менің шығармаларым көркемдігі жөнінен сол мемлекеттік сыйлық алған шығармалардың талайынан жоғары тұрғанына қатты қуанамын.
– Жазушылар одағының соңғы сайлауында үлкен ағаларымыз сахнаға шығып алып, қиян-кескі ұрысты бастап кеткенін көрдік. Жастарға үлгі болатын тұлғалар қалмай бара жатқан секілді боп көрінді маған сол кезде. Неге ұсақталып барады тұлғалардың өздері?..
– Пікір мен көзқарастың әртүрлілігінен шошудың қажеті жоқ. Оның үстіне сахнаға шығып, мінбеге көтерілген кісінің бәрін бірдей тұлға деп қабылдауға тағы болмайды. Олар да өзің және мен секілді сөз ұстаған ақындар, қаламы жүйрік жазушылар. Ақын-жазушылар да адам. Біреуі туа бітті қызба, біреуі болмысынан шыдамсыз, біреуі томаға-тұйық... «Саптыаяққа сыра құйылып, сабынан қарауыл қараған» кезде ежелгі билер секілді ашуды ақылға жеңдіру де қиын. Әркімнің сүйекке сіңген мінезі бар. Жағдайға байланысты эмоцияны жасырып қалу оңай емес. Тек қазақтар да өзге халықтар секілді көпшілік алдында «балалық жасамай», қарапайым этиканы сақтауды үйренуі керек.
– Бір кездері сізге «аға» деп өлең жазған ақындар қазір әжептәуір басшылық қызметтерді атқарып отыр. Көзқарасы қалай қазір? Жоғарыдағы сауалдың жалғасы деп біліңіз... Мен аттарын атағым кеп отырған жоқ, әдейі...
– Сен атамасаң, мен атайын... Мен де талай ақынға өлең арнадым ғой. Басқа өлеңдерге қарағанда арнау өлеңдердің белгілі бір тарихы болады. Ақындардың ақындарға арнап өлең жазуы ежелгі ғасырлардан келе жатқан әдемі дәстүр. Ортағасырда арабтың Абу-ль-Аля аль-Маари деген ақыны өткен. Сол кісі қайтыс болған кезде оны жоқтап 84 ақын өлең жазыпты. Орыстың ұлы ақыны М.Ю.Лермонтовтың қазасына да арнап жазылған өлеңдер қыруар. Кезінде тұтас бір кітап болып жарық көрді. Өзіміздің Төлеген Айбергеновті де қазақтың менмін деген ақындарының бәрі жоқтаған. Егер өзіңе көп өлең арналып жатса, мені жоқтап жатыр екен деп ойлай бер. Бұл әзіл ғой. Ақындарға тірі күнінде де өлең арналады. Маған жиырмадан жаңа асқан шағымда Күләш Ахметова әпкем өлең арнады. Кейінірек «Жапырақ – жаздың жүрегi» атты кітабында жарияланды. Ол кезде арнау өлеңдердің жолы бола бермейтін. Кейін Есенбай Дүйсенбайұлы ағам да өлең арнаған. Мерзімді баспасөз бетінде де, кітаптарында да жарық көрді. Жұматай Жақыпбаевтың:
«Ол жайлы алып әр кеште дерек,
Қуантам Еділ-Жайықты.
Адамзат болып әлпештеу керек
Байбота Серікбаевты», –
деген экспромты елге табан астында тарап кетті. Талай адамның ауызында жүр. Ақын қыздардың аты-жөнімді көрсетпей өлең арнағандарын айтпай-ақ қояйын. Ал ақын інілерімнің біразы арнайы арнау өлең жазса, біразы атымды атап жырына қосты. Олардың ешқайсысын да ұмытқан жоқпын мен. Бәріне де алғыс айтамын. Өзің білесің, ақын өлеңін өзге адамға бостан-босқа арнамайды. Онда ілтипат, ізет, құрмет т.б. қасиетті сезімдер жатады. Тіпті ақындарға арналған эпиграмма мен пародиялардың өздерінде сыни көзқараспен қатар қимастық сезімі болады.
Маған «аға» деп өлең жазған ақындардың қайсысы қазір қандай әжептәуір басшылық қызметтерді атқарып жүргенін білмеймін. Қазіргі «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов елде жүрген кезінде «Хат» деген өлеңін маған арнап, поштамен жолдаған. Мектепті бітірген шағы-ау деймін. Үш жас үлкендігі бар маған еліктеп жүрген кезі болса керек, өлеңді жеке жинақтарына енгізген жоқ. Кейін көңілінен шықпай қалған болса, не рауа. Ол өлеңде біздің жастық шағымыздың әлдебір суреттері мен ыстық ықылас жатқандықтан, өлеңді мен әйеліме тапсырғанмын. «Дидар-ғанибет. Анфас» атты мемуарлық жанрда жазылған кітабында ол бұл өлеңге орын берді. Қызылордадағы «Қоғам ТВ-ның» тізгінін ұстап отырған Шаһизада Әбдiкәрiмов «Қыран» деген өлеңін маған арнаған. 1979 жылы Өзбекстанның Мырзашөл аудандық «Достық» газетінде «Байботаға» деп арнайы көрсетіп жариялады. Ол кезде осы газетте Есенғали қызмет істеп жүрді-ау деймін. Арнау өлеңдерге рұқсат бермейтін кезде кітабынан менің атым сызылып қалса да әжіп емес. Ал Қасымхан Бегмановтың 1990 жылы жарық көрген «Қарашық» деген кітабындағы «Ағаға сыр» атты өлең арналған «Байбота Серікбаев» деген де менмін. Ол тіпті менің туған жерімнің атын атап:
«Бастаудан нәр ап «Талап» жақтағы,
Аптықпай жырың тараған.
Жас тауға балап қарап жатпады
Сенi де «иттер» талаған», –
деп нақтылай түседі. Бірақ, өзім көрген жоқпын, білетін біреулерден естідім, Қасымханның бұл өлеңі кейінгі кітаптарының біріне де қайта еніпті, «Байбота Серікбаевқа» деген арнауды алып тастаған көрінеді. Мүмкін оның «Ағаға сыр» атты бұл өлеңі «Талап» жақтағы бастаудан жыры нәр алған басқа бір ақынға арналған шығар... Маған өлең арнаған басқа інілерімнің қызметтері құбатөбел ғана. Уақыт адамдарды өзгертуі мүмкін. Шындығына келсек, қазір бұлардың маған деген көзқарасы қалай екені мені аса көп мазаламайды.
– Өмірде де, әдебиетте де айнымас дос бола алған жақындарыңыз туралы айтып беріңізші...
– Шынымды айтайын, адамдар қарым-қатынасында достық деген ізгі қасиеттің болатынын мен де жоққа шығармаймын. Бірақ «айнымас достық» ит пен адамның арасында ғана болады-ау деймін. Менің әкемнің Тілектес деген тазысы, Таймас деген төбеті болды. Өліктерін көрсетпей өліп кеткенше әкеме адалдығынан жазбай кетті екеуі де. Әкем де оларды елжіреп жақсы көруші еді. Ертеректе жапондар түсірген Хидэсабуро Уэно дейтін профессорға жан-тәнімен берілген акита-ину тұқымдас Хатико деген ит туралы кинофильмді көргенде сол Тілектес пен Таймасты көріп отырғандай болғанмын.
Бірақ сенің сұрағың ит туралы емес, «айнымас дос бола алған жақындарым» туралы ғой. Ең көне әдеби жәдігерліктердің бірінен саналатын «Махабхарата» дастанында «Кто самый близкий друг?» деген сұраққа «Жена» деп жауап беріледі. Мен, өзгелер үшін жауап бермеймін, өз тарапымнан осы сөздің ақиқаттығына ой тоқтаттым. Әйелім менің барлық қасіретім мен қуанышыма ортақ болды. Артымда қалар ұрпағымды өсірді. Менің шығармашылықпен қамсыз айналысуыма қолғабыс жасап, көп шаруа бітірді. Қазақша айтсам, шығарда жанымыз басқа. Сондықтан да әйеліме арнап «Мен сенен өзге дос таба алмадым...» деп өлең жаздым.
– Оқып беріңізші...
– Мен сенен өзге дос таба алмадым,
жалғыздығымды ән қылдым.
Көзiмнен тамып тостағанға мұң,
қайғымен шөлдi қандырдым.
Кердең мен кербез келемеждерiн
көзiме дағы iлмедiм.
Шынымды айтсам,
сенен өзгенiң
киесi бар деп бiлмедiм.
Сағынарым сен,
табынарым сен,
өбектеп кейде өбесiң.
Томирис сынды тағыңа мiнсең,
қаһарыңды да төгесiң.
Махаббаттың мен зәрiн iшiп ап,
уылжып улы өзегiм,
өлетiн жандай кәрiңе ұшырап,
күтемiн ажал кезегiн.
Ғашықтық дерттiң малғұнға шерiн
шерткенмен ұқпас,
обал-ақ.
Жатамын дәйiм алдыңда сенiң
Кирге ұқсап басым домалап…
Мен сенен өзге дос таба алмадым,
жалғыздығымды ән қылдым.
Көзiмнен тамып тостағанға мұң,
қайғымен шөлдi қандырдым.
– Рақмет сізге! Келесі бір сұрақ... Жақында Мұхтар Шаханов өзін Жазушылар одағының мүшелігінен шығармақшы болғандар туралы жазды. Анық-қанығын білмеймін, бірақ, мұндай әңгімелердің шығуы Одақтың имиджіне кері әсер етпей ме?
– Бұл жайсыз әңгіме Жазушылар одағынан емес, әлдебір даңғаза топтың тарапынан болды-ау деймін. Қазақстан Жазушылар одағының имиджін Қалдарбек Найманбаев пен Нұрлан Оразалиннің төрағалығы тұсында мүшелікке қабылданған әлдебір базарком, корпорация президенті, қорық директоры, әртістер емес, тап осы Мұхтар Шаханов секілді әдебиетіміздің ірі тұлғалары көтереді.
– Қазақ әдебиетінде дамымай жатқан жанрдың бірі – сын. Рас, соңғы уақытта біреуді «жерден алып, жерге салуды» сын деп қабылдайтын деңгейге түстік. Сын шын ба, ол ешкімді қызықтырмайды. Әдеби сынның канондары қандай болу керек?
– Әдеби сынның канондары әдебиетші қауымға әбден түсінікті. Мен сын жанры жайында ешқашан үнсіз қалған емеспін. Тәкен Әлімқұловтың, Зейнолла Серікқалиевтің, Төлеген Тоқбергеновтің, Қадыр Мырза Әлидің, Аян Нысаналының, Бақыт Сарбалаұлының, Сағат Әшімбаевтың өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары жазылған мақалаларындағы секілді қазақ прозасы мен поэзиясы жөнінде айтылған салиқалы ой-пікірлер мен терең толғамдарға толы сынды сағынып жүргенімді қайта-қайта айтқанмын. Тұрсынжан Шапайдың поэзия сынына мойын бұрмай кеткені мені қатты өкіндіреді. Бірақ қазір есі дұрыс адам сын жазбайтын секілді деп түңілемін... Сын жанрының мүшкіл халі ең әуелі Қазақстан Жазушылар одағының көбірек көңіл бөлуге тиіс мәселесі болғаны жөн.
– Оқырман үшін қызық боларлық қандай әдеби басылымдар бар? Қандай әдеби басылымдарды оқисыз?
– Бар ғой, шүкір!.. Алматыда «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Жалын» журналдары бар. Ақтөбеден «Адырна», Тараздан «Жамбыл», Астанадан «Әлем әдебиеті», «Ақ Жайық» журналдары шығады... «Арпа ішінде бір бидай» – балаларға арналған «Балдырған» журналы бар. «Балдырған» журналын немерелеріммен таласып қайта-қайта оқимын. Басқа басылымдарды жаздырып алмасам да, ара-тұра көріп қалып көз жүгіртіп тұрамын.
Сұхбатты жүргізген Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ
Мақала Newsasia.kz ақпарат агенттігінің рұқсатымен, қысқартылып көшірілген.