Мылтықбай Ерімбетов: Сайқымазақ ескерткіш орнату - қазақ ұлтын қорлау (ФОТО)
2018 ж. 08 қыркүйек
5424
2
Наурызбай ауданы Әкімінің назарына
Ергежейлі батырлар
Қостанайдағы батыр ескерткішін арқанмен тартып құлатып масқаралаған видеосуретті көрген соң мынандай сұрағым бар еді. Алматыда Қалқаманда бірінші аурухана қасында бұрынғы Әуезов, қазіргі Әшімов көшесінің Ер Жәнібек көшесінің қиылысында "Жібек жолы" мейрамханасы бар. Соны бір түрік сатып алыпты. Қазаққа жағайын деген бе? Әлде миының жеткен жері сол ма? Әлде Қостанай сияқты бір жақтан әкелді ме, найза, қалқан ұстаған екі батырдың ескерткішін тас тұғырға көшеге қаратып, орнатып қойыпты. Бірақ, найзаны сол қолымен ұстаған батыр ергежейліге ұқсайды. Себебі, кеудесімен белден төмен аяғының размер өлшемі симметрия емес, нәтижеде сайқымазақ ескерткіш болып тұр. Симметрия өлшем туралы белгілі мүсінші атақты Қажымұқан ескерткішінің авторы Тілеуберді Бинашев қатты өкініш білдіре Қазақстанның көптеген жерлерінде мұндай жасанды халтуралардың көбейіп кеткенін айтып ой бөлісті. Демек, шалағай әндер сияқты, сапасыз кітаптар сияқты мүсіндік өнер саламыз да қараусыз қалған екен де. Қазаннан қақпақ кетсе иттен ұят кетеді.
Осы орайда ештен кеш жақсы деп ҚР Жазушылар Одағы ән мәтіндерін сапасын тексеретін қоғамдық комиссия құрды. Мүсіншілерді де сын тезіннен өткізіп алғанның зияны жоқ сияқты. Басқалар күлмесін десеңіз бабаңыздың тас мүсініне де құрметпен қараңыз. Бұл тікелей қазақ ұлтын қорлау деп түсінемін. Түрікті тауып, өзінің белі мен аяғын, кеудесін өлшетіп тұрып айтып едім, өзімді күлкі қылды. Сөйтіп, жел диірменмен алысқан Дон Кихот кейпінде үйге қайттым. Ескерткішің батырың Санчо Панчо сияқты. Б. Байбек осыны алдырып тастаса тиіннен де тиімді тындырымды, тыныш жұмыс болар еді. Түріктің ақшасы кетсе топчанда тұрған ішкі алаңқайға қоя салуға болады. Көшеде тұрғаны ұят. Осы ескерткіштердің сапасын кім тексерді? Кім рұқсат береді? Қай мекеме?
Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ,
ҚР Құрметті журналисі
Қазақ үні