Конституциядағы 7-ші баптың 2-ші тармағының алынып тасталуын талап етуіміз керек - Санат Сүгірәлі

Мемлекет тілінің басымдылығын қазақтар, өз қолдарыңа алмасаңдар болмайды!

Алдымен:

1. Ертең жұмыстарын бастайтын Парламент депутаттарынан, Конституциядағы 7-ші баптың 2-ші тармағының алынып тасталуын; 2. "Тіл туралы заңның" толық өзгеруін; 3. Әрбір мекеменің, кәсіпорындардың, түрлі ұйымдардың, халыққа қызмет көрсету орындарының барлық түрлерінде жұмысқа алу шартында мемлекет тілін меңгеру- әрбір қызметкердің міндеті болу керек екендігін; 4. Ресейдегі сияқты қандай да жұмысқа алуда мемлекет тілінен емтихан тапсыруды;

Талап етуіміз керек!

Қазақстандағы орыстілділердің барлығы 10-11 жыл бойы қандай мектепте оқыған болса да, (орыс, қазақ ) қазақ тілі пәнін оқыды! Олай болса, олар осыншама жыл оқи отырып, неге күнделікті жай қарапайым сөздерді меңгермеген? Мемлекет осыларды оқыту үшін қаншама қаражат бөлді? Қазақстанды "Отаным" дейтін болса, неге мемлекет тіліне назар аудармайды, себебі біреу; олар әлі де қазақтарға ұлы шовинистік көзқараспен қарайды, басқа себебі жоқ, олай емес деген пікірдегілер қазақ тілінде, тіпті домбыра тартуды да, соғым союды да меңгерген.

Бұларды қолдайтын қазақтар тобы екеу:

1. Билік басындағылар мен солардың бір ауыз қазақша білмейтін, ұлттық құндылықтан жұрдай, өздері бір бет қазақ тіліндегі кітапты ашып көрмесе де,"білімнің бәрі орыста" деп, әлі де уланған санамен жүрген ұрпақтары. Кеше бір қарындасымыз маған, "әр тілде сөйлеу, адам деңгейін көрсетеді" деп ақыл айтты, "қандай деңгейі" екендігін айта алмады, айтпаса да түсінікті шығар, қазақты неге теңегісі келіп тұрғаны..жә, тақырыптан ауысып кетіппін, кешіріңіздер! 2. Ауылдан келген жастарымыз да осыларға қарап еліктеп, шатты-бұтты орысша сөйлеуге тырысады, міне тілдің бұзылуы, өз ұлтының тілін құрметтемеу, осы "орыс тілін білмесең, жұмысқа алмайды" деген тұжырымнан шығады. 3. "Латын тілін енгізеді" деген хабарды естіген халық, бұрын менің айтқанымдай, ескерткенімдей, "қазақ тілі қалады" деген ұғыммен балаларын орыс сыныптарына беріп жатқан сияқты, сондықтан да, мемлекет тілінің басымдылығын үгіттей отырып, міндетті түрде, Конституцияның 7-ші бабының 2-ші тармағын алып тастауды талап етуіміз керек! Әйтпесе барлығы бос сөз, "жарты жылда мемлекет тілін үйреніп аламыз" деген Үкімет құрамындағы басшылар да өз сөзінде тұрған жоқ!

Сөзден іске көшелік, қазағым! Айтылатын нәрсе көп, әзірге осыларды шеше алсақ та жарар...

Санат Сүгірәлі, Қазақ үні