Бүгін Ақтөбе облысы әкімінің төрағалығымен өңірдегі спорттың даму мәселесі қаралды. Бердібек Сапарбаев спорт бөлімі мен федерация басшыларын аямай сөкті.
«Үш жылдың ішінде бір емес, бірнеше рет кездестік. Бірақ талай айтылса да, өкінішке қарай, спорттағы жетістіктеріміз өте нашар. Соңғы үш жылдың ішінде Олимпиада ойындары қатарына кіретін спорттан бір де бір әлем не Азия чемпионы жоқ!», — деді облыс басшысы.
Бердібек Сапарбаев соңғы Азия ойындарының нәтижесіне риза емес. Ақтөбе Қазақстан бойынша соңғы орында тұр.
«Азия ойындарына былтыр 4, осы жылы 8 спортшы жібердік деп мақтанамыз. Айнағұловқа үміт арттық, бірақ ол қола алды. Жүзушіміз ақтық топқа да кірмеді. Міне, біздің жұмысымыздың нәтижесі!», — деді облыс әкімі.
Бердібек Машбекұлы спортшылардың іріктелуіне тоқтап, ондағы әділ таңдауға күмән білдірді.
«Жарыстарға «блатпен» баратын сияқты. Егер жақсы спортшылар іріктелгенде, мұндай нәтиже болмас еді. Әр түрлі оқу жаттығу жиындарына миллиондаған ақша бөлініп жатыр. Бірақ сол жиындардың бір де бір қатысушысы Қазақстан, Азия чемпионаттарында орын алмайды. Жиынға 30 адам қатысты деп есепте жазады. Бірақ шынымен одан да аз адам қатысады. Бір сөзбен айтқанда, спортқа бөлініп жатқан қаражатымыз бен көңіліміз ақталмай жатыр», — деді Бердібек Сапарбаев.