Астанада орыс тілді сыныптар мемлекеттік тілге көшіріледі

Қазақ тілі алдымен сабаққа енгізіледі. Сөйтіп, тұтас сыныпты мемлекеттік тілге көшіру жоспарланған, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің айтуынша, биыл ата-аналардың ұсынысымен "жаңашыл сыныптарды" ашу жобасы қолға алынады.

"Жоба мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған. Негізгі идеясы - орыс тілінде білім алатын сыныптарды кезең-кезеңімен мемлекеттік тілдегі сыныптарға айналдыру. Іс жүзінде бірінші сыныпқа келетін балалар бастапқыда сабақта ақпараттың 70 процентін орыс тілінде, 30 процентін қазақ тілінде оқиды. Ал бесінші сыныпқа барғанда оқыту тілі толығымен мемлекеттік тілге көшірілетін болады. Жаңа оқу жылында осындай сыныптарды 60-шы мектеп-лицейі негізінде ашпақпыз. Сонымен қатар, дәл сондай әдіс қыздарға арналған білім-инновация лицейінде биыл ашылатын бесінші сыныптарға да енгізілетін болады", - деді Ә.Жанғозин бүгінгі Тамыз конференциясында.

Айта кетейік, бүгінгі жиында қала әкімі қанша мұғалімге пәтер берілетінін айтты.  Бүгінде республика бойынша бір мектепке шамамен 800-1500 оқушы келеді. Ал елордада аталған көрсеткіш 1500-ге жетіп отыр. Алдағы бес жылда Астанаға тағы 120 мыңнан астам оқушы келеді деген болжам бар.

"2011 жылы елорда мектептерінде 75 мың оқушы оқыса, былтыр аталған көрсеткіш 140 мыңға жетті. Биыл 155 мың оқушы болады деп отырмыз. Осыған байланысты алдағы бес жылда мемлекеттік бюджеттің есебінен 24 мектеп салынады", - дейді Ә.Исекешев.

Салтанатты шара барысында мектеп мұғалімдеріне пәтер кілттері табысталды.