Елбасы қазақтың байларын "нағыз сауатсыздар" деп сынап тастады
2018 ж. 24 тамыз
18274
0
Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мəселелері жөнінде кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдерін алуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз осы жылдардың ішінде отандық жеңіл өнеркәсіпті жоғалтып алдық. Өзімізде тігілетін костюді қанша киіп жүрсем де, барлықтарың мына жерде Брионимен отырсыңдар. Қазақстанда тігілетін костюмдер одан жаман емес», -деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы италиялық бұл бренд 5-6 мың доллар болса, қазақстандық өнім одан бірнеше есе арзан екендігін әрі киюге де болатынын баса айтты.
«Мен сендерге айтайын, біз қазақпыз ғой. Жас кезімізде аш-жаңалаш жүріп өстік. Көрмегенді көрдік, біздің әке-шешелеріміз түк көрген жоқ. Түк көрмегендіктен қалтамызға ақша түсіп еді, барлығымыз дәу машина алдық, үш қабатты үй салдық. Қазір сол жігіттер үйлерін не істерін білмей, сата алмай жүр. 3-4 қабатты үйге екі баласымен тұру деген қандай масқара. Оны күнде тазалау керек, қарайтын адам керек. Бастапқы кезде солай жасадық. Батыста бай адамдар өзінің бай екенін елдің алдында көрсетпейді. Нағыз бай адамдар солай болады. Ал біздікі «менің машинам ананікінен жақсы, үйім биік» деп көрсетуі керек. Бұл нағыз сауатсыздық саналады. «Ұлық болсаң, кішік бол», деп қазақ неліктен айтқан? Байлықты біреу көреді, біреу көре алмайды», - деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі қазақтың байлары мемлекет жүргізіп отырған саясаттың арқасында дәулетті болғанын айтты.
Сонымен қатар оларды туған ауылдарын барып әлеуметтік нысандар салуға қаржы салуға үндеді.