Өзбекстан арналарына Кәрімовтың атын атауға тыйым салынды
2018 ж. 24 тамыз
3423
0
Өзбекстанда телеарналарға елдің тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтің есімін атамау жөнінде бұйрық келіпті. Аталмыш бұйрық ұлттық телерадиокомпания құрамындағы барлық телеарналарға қатысты. Бұл туралы жергілікті арналардың бірінде жұмыс істейтін журналист хабарлаған екен, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Жүргізушінің сөзіне сенсек, ендігі эфирден таралатын барлық бағдарламада Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтің есімі аталмауы тиіс. Әрі мұндай бұйрықты президенттің мемлекеттік кеңесшісі Хайриддин Сұлтанов беріпті.
«Кәрімовтің есімі эфирде аталса, бастарыңмен жауап бересіңдер», - деп дөп басып айтыпты Сұлтанов.
Мұндай бұйрықтың шын мәнісінде болғанын өзбекстандық телеарналардың бірінің бас редакторы да растаған. Айтуынша, жыл басынан бері Ислам Кәрімов жайлы азырақ айтып, Шавкат Мирзиеев жайлы көбірек айтуға кеңес берілген. Тіпті эфирде Ислам Кәрімовтің суреттері мен ескерткіштерін көрсетуге де болмайды.
Айта кетейік, 2017 жылы 31 тамызда Өзбекстанның тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған шарада құттықтау сөз сөйлеген Мирзияев Каримовтың "туған елі мен мемлекет алдында сіңірген ұлы қызметін" атап өтіп, елдің есінде мәңгі сақталатынын айтқан.
Мирзияев есте қалдыру шараларының әрі қарай да жалғаса беретінін айтқан. Дәл осы күні Ташкенттегі "Оксарой" резиденциясының алдында Каримовке арналған ескерткіш ашылды.
Сол жылы қыркүйек айында Самарқанд қаласында Каримовке арналған тағы бір ескерткіш ашылған.
2018 жылы 30 қаңтарда Өзбекстан Ислам Каримовтің 80 жылдығын атап өтті. Бұл күні елдің Карши қаласында Ислам Каримовке арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды. Ал Самарқандта бірінші президентке арналған мемориалды кешеннің құрылысы аяқталды.