«Төрт ағайынды» ісі: Еркін Ізбасар бастаған қылмыстық топқа үкім шығарылды
2018 ж. 03 тамыз
4706
0
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Еркін Ізбасар бастаған қылмыстық топқа сот үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Еркін Ізбасар бастаған қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс өткен жылы басталды. Қылмыстық іс мұнай ұрлығы, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, мұнайды заңсыз тасымалдау мен сату, рейдерлік жолмен бизнесті тартып алу баптары бойынша қозғалып, сот процесі жарты жылдан астам уақытқа созылды.
Сотта Еркін Ізбасар мен оның көмекшісі саналған Аухат Қалиевті ұстау операциясы мен тінту жүргізуі көрсетілді. Іс материалына сүйенсек, мұнай «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «Сағыз Петролеум» ЖШС-нің бірнеше ұңғымасынан ұрланған. Ірі мұнай компаниялары сот отырысы кезінде шығынды өндіруді талап етті. Ал сотталушылар шығынды қайта есептеуді сұрады. Сот отырысы кезінде сотталушылардың бірі өз кінәсін мойындады. Ал бүгін облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сот үкімі шықты. Айта кетейік, іс бойынша барлығы 26 айыпталушы бар.
Сот үкімімен Еркін Ізбасар 12 жылға сотталып, қылмыспен тапқан мүлкі тәркіленді. Ал оның жанында жүрген Аухат Қалиев 11 жылға, сол жылдары облыстық ІІД бастығының орынбасары қызметін атқарған Рахат Аханов 5 жыл 3 айға сотталды. Бұрынғы полиция қызметкері өмір бойы құқық қорғау органдарында жұмыс істей алмайды, полиция полковнигі шенінен айырылды. Сотталушы Адайбек Сәрсенов 3 жылға, Нұрболат Қайырбаев 3 жылға, Айбек Тілеуғазиев 2 жылға, Мұханбет Шавлетов 3 жылға, Болатбек Бекетов 8 жылға, Жандос Ақмағамбетов 3 жылға, Жангелді Өтегенов 3 жыл 9 айға, Руслан Дермұханов 3 жыл 9 айға, Бекжан Құлтаев 3 жыл 9 айға, Нұрлан Ноғаев 8 жылға, Саясат Дүсіпов 3 жылға, Сүлеймен Сүгірбаев 5 жылға, Мұрат Тұржанов 8 жылға сотталып, 8 жылға басшылық қызмет атқара алмайды. Сергей Савченко 3 жылға, Біржан Аманқұлов 11 жылға, Ербол Тектіғұлов 4 жыл 6 айға, Қайыркелді Ізтұрғанов 6 жылға, Нұрлыбек Тонтаев 7 жылға, Жанат Тектіғұлов 3 жыл 9 айға, Кәдіржан Пангерейұлы 7 жылға, Мұрат Қуанышев 3 жыл 9 айға, Қартжан Қалдымұрат 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Амандос Есенғалиев қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.