Қазыбек Иса. ҰЛЫ ҚЫТАЙ ҚОРҒАНЫН БҰЗЫП ӨТТІҢ !..
2018 ж. 03 тамыз
9137
7
ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ
Сайрагүл Сауытбайға
Қылмысты ел деп Қытайды қабылдаған,
Жауыздықтың білді енді бәрін ғалам!
Бара алмайды ерлікке сағынбаған!
Құштар болған Еліне Құстар сынды,
Шекараға сен болдың бағынбаған!
Ұлы Қытай қорғанын бұзып өттің,
Миллиардтың бұғауын үзіп өттің!
Батырлыққа дәл мұндай өзің барған,
Бата алмаған жоғалды ізі көптің!
Ел біріксе, алмайтын қамалы жоқ!
Екендігін білдірген жанарың от!
Қаршадай қыз қайраты қамал бұзып,
Қалдың енді халқыңның дара әні боп!
Саңлақ керек өзіңдей саналы елге,
Көтере бер күресті жаңа белге!
Қазақ болу қылмыс боп тұрған елді,
Әшкерелеп бердің сен бар әлемге!
Жазалаған жас бала, жарау ұлды,
Бір қазаққа он сақшы қарауыл-ды.
Айдаһар ел ылаңын жайып салдың,
Айналдырған түрмеге әр ауылды!?.
Жоқтығынан тозақта басқа амалдың,
Тас талқанын шығардың тас қамалдың!
Бодандықта көңілің босамаса,
Бостандықта жанарды жасқа малдың!
Түнектерде түршігер түнеп көрдің,
Еркін Елім бар деп сен тілеп келдің!
Қанды қылыш Қытайдан қаймықпаған,
Тартылысын көрсеттің Жүректердің!
Барлығына дайын ең, Бәрін күттің,
Өлсем деген елге кеп зарыңды ұқтым.
Тәуелсіздік көрсетіп Тәуелсіз Ел,
Үні болды сотың да Әділдіктің!
Кедергіні жолдағы жойып өлгің,
Келгені бұл – келмеген ойына ердің...
Кісен қысқан қолдарың гүлге толып,
Соттың соңы ұласты тойына елдің!
Қасабынан Қытайдың кім айығар,
Сен баяндап жатқанда шынайы, дәл -
*«Ұлы қорған бір жағы құлап түсті»-
Тегін емес-
Қазақтың Құдайы бар!
Ел намысы - ең басты шарт осында!
Бәріне бас тіккендер бар қасыңда.
Бауырыңа бастың ғой балаларды,
Абзал жандар қайраты арқасында...
Азат Елдің атанып Азат қызы,
Қалсын артта тағдырдың азапты ізі.
Кедергінің барлығын кесіп өткен,
Қанатыңды қаға бер - Қазақ қызы!
* Сайрагүл соты өткен 1 тамызда Ұлы Қытай қорғанының Мин династиясы (1368-1644) кезінде салынған Яньмэнь асуының бір бөлігі қатты жауыннан құлап қалды!..
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz