Баян Алагөзова: Теменовтің повестінен ештеңе ұрлаған жоқпыз
2018 ж. 27 шілде
6564
0
Күні кеше порталымызда белгілі режиссер Талғат Теменовтың Баян Алагөзованы "интеллектуалды ұрлық жасады" деп айыптаған мақаласы жарияланған еді. Онда 1993 жылы экранизацияланған «Махаббат бекеті»фильмі төңірегіндегі дау жайлы жазылды.
Белгілі режиссер Талғат Теменов өзінің «Гүлназ» атты повесті желісінде түсірілген көркем фильмнің «жалғасын» түсіріп жатқан Баян Мақсатқызына өкпесін білдірді.
Аталған мақала жария болғаннан кейін Баян Мақсатқызы abai.kz редакциясына хабарласып, аталған фильмге қатысты пікірін білдірген екен. Баян ханымның уәжін де оқырман қауымға ұсынуды жөн санадық.
Баян Мақсатқызы, продюсер:
- Мен «Махаббат бекетінің» жалғасын түсіріп жатқан жоқпын. Бұл мүлде бөлек шығарма. Мүлде бөлек авторлар. Мүлде бөлек оқиға желісі. Менің түсіріп жатқан фильмім – «Тағдыр бекеті» деп аталады. Фильм түсіруге құқығым бар ғой.
Талғат Теменовтің повестінен ештеңе ұрлаған жоқпыз. Оқиға желісі мүлде ұқсас емес. Керек десеңіз, Талғат Досымғалиевичтің фильміне, оның сценарийіне еш қатысымыз жоқ.
Ал мен өз фильмімде кімдерді, қандай актерлерді ойнатамын, оны өзім шешемін. Ол менің жеке шаруам ғой.
Иә, кейіпкерлерімнің аты Гүлназ бен Орал. Гүлназ бен Орал деген – халықтық есімге айналып кеткен.
Біз ешқандай авторлық құқықты бұзған жоқпыз. Иә, фильмде «Махаббат бекетінің» музыкасын пайдаланбақпыз. Ол үшін музыка авторы Төлеген Мұхамежанов ағамыздан рұқсат алдым.
Ал «Махаббат бекеті» фильмінің кейбір кадрларын пайдалану деген мәселеге келсек, Нұргелді, бұл фильмнің авторлық құқығы «Қазақфильмге» тиесілі. Талғат Досымғалиевич осыдан 25 жыл бұрын, авторлықты «Қазақфильмге» өткізіп берген.
Ал қазір авторлық меншік ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне тиесілі. Менде вице-министрдің қолы қойылған рұқсат қағазы бар. Сондықтан, мен авторлық құқықты бұзды дегенмен келіспеймін.
Рас, Талғат Досымғалиевичпен байланыс орнатпақ болдық. Телефонын өшіріп тастаған. Байланыс орната алмадық. Ол кісімен тікелей сөйлескен жоқпыз. Әйтпесе, адам секілді алдынан өтпек едім. Өзі қалаған жоқ.
Ал енді, фильмнің сценарийін оқып алмай жатып, «менікін ұрлады» деген ұят әңгіме.
Ол кісінің фильмі – «Махаббат бекеті» деп аталса, менікі – «Тағдыр бекеті» деп аталады.
Темірлан Төлегенов, Авторлық құқық жөніндегі сарапшы:
- Кезінде, тоқсаныншы жылдары Талғат ағамыз «Махаббат бекетін» түсірді. Ол көрерменнің ең жоғарғы бағасын алды. Ол даусыз. Енді мына мәселеге назар аударған жөн. Талғат ағамыз фильмді түсірерде «Қазақфильммен» келісімшарт жасасқан.
Авторлық құқық дегеннің екі саласы болады. Біріншісі - «неимущественные права» дейді, мүліктік емес құқық. Бұл дегеніңіз, барлық жерлерде «авторы мына кісі» деп айтылып, көрсетіліп жүргенімен, ешқандай материалдық түсім болмайды.
Ал екіншісі - мүліктік құқық, яғни «имущественные права» деп аталады. Яғни, автор одан пайда табады.
Міне, «Махаббат бекетін» түсірген кезде арада жасалған келісімшарт бойынша, фильмнің мүліктік құқын «Қазақфильмге» берген. Демек, ендігі жерде фильмнің егесі «Қазақфильм» болып табылады. «Қазақфильм» ол арқылы пайда табу құқына ие.
Ал Баян ше? Баян мүлде басқа оқиға түсіріп жатыр. Бұл мүлде басқа фильм. Бұл Талғғат ағаның фильмінің жалғасы емес. Қарапайым мысал, «Абай жолы» бар ғой. Оны бәріміз оқыдық. Ал енді ертең, басқа біреу келіп, «Ғани жолы» деп кітап жазса, бұл «Абай жолын» ұрлаған болып санала ма? Екеуінің мазмұны мүлде басқа ғой.
Талғат Теменовтің пікіріне қатысты тағы бір айтарым, егер сол фильмнің жалғасын Талғат ағамыз өзі түсірсе, кейін Баян оны қайталап түсірсе, яғни «ремейк» жасаса, онда дауласуға болады.
Ол өзі түсірген жоқ қой. Ендеше басқа біреудің, басқа бір шығармасына неге дауласады?
Ал кадрлардың қолданылуына келсек, жоғарыда айтқандай, ол фильмнің мүліктік құқы «Қазақфильмге» тиесілі. Ал «Қазақфильмдегі» фильмдер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің меншігі болып табылады.
Сәйкесінше, Баян министрлікке хат жазып, осы фильмнің кадрлары мен музыкасын өз фильмінде пайдалануға рұқсат сұраған. Министрлік, бір ғана талаппен, яғни эпизод мына фильмнен деген сілтемемен пайдалануға рұқсат берген.
Ал енді «Қазақфильм» мен Талғат ағамыздың арасында, фильмнің жалғасын тек «Қазақфильм» түсірсін деген келісім болса, бір жөн. Меніңше ондай келісім жоқ.
Мен «Қазақфильмде» 3 жыл авторлық құқық жөніндегі сарапшы болып қызмет істедім. Талғат ағамызбен ара-тұра кездесіп қалатынбыз. Ал бірақ, нақты істес болмадық.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz