Белгілі тарихшы: Қазақ мемлекетін құлатқан Ресей империясы екені əлі ашық айтылмайды...
2018 ж. 18 шілде
17367
1
Қырғыздар 150 жыл қазақтардың қол астында болған
Бүгінде ұлы тарихымыз аз зерттеліп жүрген жоқ. Баба тарихқа қатысты ғалымдардың пікірі де әрқилы. Алайда тарихымызды тамтұмдап түгендеп жүрген сол тарихшылардың мақсаты бір. Осы ретте, белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіттің «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланған тарихшы Самат Өтениязовпен сұхбатын оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.
Жалаңтөске Самарқанның билігін сыйлағаннан берген жоқ
– Сәке, сіз қазақ тарихшыларының ішіндегі арғы бабамыз Аттила мен әйгілі Әбілқайыр ханды зерттеп жүрген «бөлектеу» тарихшысыз. Осы таңдауыңыз жайлы аз-кем айтып өтсеңіз.
– Ал, шынына келсек, мен ешқандай да тарихшы емеспін, мамандығым – филолог. Испан тілінің маманымын. Қазақтағы үшінші испанистпін. Бірінші испанист Әбдіуәли Дәженов есімді азамат болды. Мәскеуде оқу бітірген, философия ғылымының кандидаты. «Дон-Кихотты» аударған. Бірақ, дайын тұрған 4 томы басылып шықпаған. Бір мықтының баласы. Бір мықтының қызымен отау құрудың сәті түспей, сол оқиға тағдырын өзгертіп жіберген... Екінші испанист – қазақтың бір жетім қызы, ол да оқуды Мәскеуде бітірген. Кеңес заманында 6 тілде жарық көретін «Советтік Қазақстан» журналын шығарып отырды. Мен оқуды Одессада бітірдім. Бітіріп Қазақстанға келдім. «Қал!» деп жалынған Украинада қалмай, келгеніме өкіндім. Қазақстанға келген соң жұмыс табылмай «қызық» болды. Жаңағы журналды, қазақ қыздың орнын ұсынды маған. Оу, бұл деген біреуге қиянат емес пе?! Ол қыздың бірінші шет тілі – ағылшын, екінші шет тілі – испан тілі болатын, ал, менде керісінше. Қазақстанда қызық болғанда әлі күнге испан тілі факультеті жоқ! Шет тілін оқитындар саны көбейсе де, сапасы бұрынғыдан əлдеқайда нашар. Айтсам, маған сенбеуіңіз мүмкін, бірақ, ол заманда ағылшын тілінің маманына, қазаққа мектептің өзінен жұмыс табу оңай болмайтын – барлық жерде орыс тілділер отырып алған... Бүгін ғой «ағылшындардың» қаны жерге тамбайтыны. Сөйтіп жүргенде Әлкей Марғұлан атамыздың қолына түсіп, тарихшы болып кеттім ғой. Ол кісінің шәкірті болу не деген бақыт! Әлекеңнің ықпалымен шоқантанумен айналыстым, Шоқан жайлы 5 кітабым, көптеген мақалаларым жарық көрді, оның ішінде ағылшын тілінде шыққандары да бар..
Шоқанның 150 жылдығы Қазақстанда 1986 жылы тойланғаннан кейін бір жылдан соң Англияда тойланды, соған республикадан жалғыз мен шақырылдым. Бұл Қазақстанды Г.Колбиннің билеп тұрған кезі болатын. Әділдігін айту керек, Колбиннің кезінде академияда жұмыс істейтін ғалымдардың жағдайы кішкене дұрысталып қалды, қолдары пәтерге жете бастады.
Орыс тарихшысы Левшин 1868 жылы Шоқанның атынан әсіреленген, асыра сілтенген «Абылай» деген еңбек жазып, бастырып жіберді. Ол еңбек Шоқанның абыройына нұқсан келтірді. Себебі, Левшин ол мақаланың ішінен өзінің 1832 жылы шыққан «Описание киргиз-кайсацких орд и степей» деген кітабынан тұтас абзацтарды алып кіргізіп жіберген болатын. Бірақ, Абылай ханның қазақ тарихындағы шынайы рөлі – өз алдына бөлек, үлкен әңгіме...
– Сіз кеше Шымкентте өткен Жалаңтөс баһадүр мен Салқам Жәңгір ханға арналған ғылыми конференцияға қатыстыңыз, бірақ, сөйлемедіңіз...
– Мен академик Болат Көмековтей адал азаматтың қолында 18 жыл жұмыс істедім. Иә, кешегі Жалаңтөс батыр мен Салқам Жәңгір ханға, Орбұлақ шайқасына арналған конференция кестесіне сәйкес менің «XVII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ тарихын зерттеу мәселелері» деген баяндамам оқылуы тиіс еді. Жасы үлкен ағалардан кезек тимей қалды...
Мен сізге айтайын, XVII ғасыр — Қазақ хандығының тасы өрге домалап тұрған кез еді. Орта Азияда осы кезде үстемдік еткен Бұқар және Хиуа хандығы, соның ішінде Бұқар хандығы қазақтармен бәсекелес болды. Жоңғарлармен үш рет соғыстық. Есім ханның жоңғарға жорықпен бара жатып, әскерінің санын білмек болып оларға тас санатуы елдің аузында да, ғылымда да аңызға айналған дүние. Ресейдің «Банк империал» деген банкі Есім ханның есімін бұрмалап Тамерлан деп клип түсіріп, оны 6-7 жыл бойы телеарналардан беріп тұрды. Ол клипті түсірген Тимур Бекмамбетов, Ташкентте оқыған өнер иесі. Қырғыздар 150 жыл қазақтардың қол астында болған. Ш.Уәлиханов «қазақ пен қырғыздың достық қарым-қатынасының шыңы – XVII ғасырдың бірінші жартысы» деп жазып кеткен. Конференцияда сөз тимей қалған мен онда не жайлы айтпақшы едім?
Жалаңтөс батыр кезінде Бұқарада діни білім алған. Бұқарлықтар оған 1612 жылдан бастап 40 жыл Самарқанды билеткен. Билеткенде оны қазақ хандарына қарсы айдап салсақ деген ішкі саясатпен билеткен. Әрі жауынгері көп әмірдің өздеріне ашық қарсы кетуінен, ашық қарсы кетіп, басып алуынан қорыққандықтан билеткен. Бұқарлықтар Жалаңтөс батырға Самарқан әмірінің тағын сыйлағаннан берген жоқ...
– Иә, «дұшпаныңды жаныңа жақын ұста» – Шығыс билеушілерінің көне заманнан келе жатқан қағидаларының бірі ғой.
– Жалаңтөс батырдың Орбұлаққа 20 мың, Ауғанстанға 80 мың ба, 100 мың ба сарбазбен баруы – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Бұл – әмірдің артында қалың халық тұрды деген сөз.
Жалаңтөс батырдың ондай бас айналдырар табысқа жетуінің мықты негізі болды. Соңғы екі мың жылдықта Қазақ мемлекеті ең демократиялы ел болды. Адамзат қоғамының ең үлкен жетістігі демократиялы қоғам құру болса, сол жетістік көне Грекия мен көне Римде, ал, орта ғасырда тек Қазақ мемлекетінде ғана болды. Қазақ елінің адамзат тарихындағы бірден-бір жетістігі мен құндылығы да осы еді... Қазақ тарихының проблемасы – біз тарихтағы қазақ мемлекетінің орнын әлі анықтап бере алмай жүрміз.
Көрші елдермен салыстырғанда осы күнгі Қазақстан тарихы жəне оның зерттелуі мүшкіл халде. Ол – адам сенгісіз фантазиялардан немесе шын тарихты бүркемелеуден тұрады. Еліміздің тарихына арналған кітаптар мен зерттеулер қанша көп болса, қатесі мен проблемасы одан да көп...
Кеңес дəуіріндегі білімді бүгін студенттерімізге бере алмайтын жағдайға жеттік. Жағдайдың осындай екенін ащы да болса мойындайтын уақыт жетті... Қазақ мемлекетінің тарихы Ресей ғалымдарының, «жеңімпаздардың» нұсқауымен жазылып келді. Тіпті мемлекеттің атының өзі бұрмаланып «Қазақ хандығы» деп аталып, Орта Азия хандықтарынан айырмашылығы жоқ болып көрінеді. Есесіне адамзат тарихындағы ерекше мемлекет болғаны көрінбей қалады. Қысқасы, осынау керемет мемлекет дүние жүзі тарихы түгілі өз халқы арасында өз орны мен бағасын əлі күнге дейін алған жоқ...
Қазақ елі адамзат тарихындағы ерекше халық деуіміздің себебі – қазақтың басқа мұсылман жəне түркі халықтарына ұқсамайтын көптеген əдет-ғұрыптарымен қатар, біртұтас тілі бар. Қазақ тілінде басқа халықтардың тіліндегі секілді диалект жоқ. Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған тұтас қазақтың тілі ғана бірдей емес, салт-дәстүрлері де бірдей. Мысалы, өз руынан қыз алмайтын құдалық салтты барлық қазақ бұлжытпай, бұзбай ұстанады. Ертіс пен Еділге дейінгі ұланғайыр территориядағы халықтың салты мен тілінің бірдей болуы дүние жүзі ғалымдарын таң қалдырады. Мысалы, алақандай жерде тұрса да, көрші өзбек пен түркіменнің тілінде диалекті бар, əдет-ғұрыптары да əртүрлі. Қыздары өз ауылынан ұзап ешқайда шықпайды... Ал, қазақтар Маңғыстауда жүрсе де Павлодармен əлде Тарбағатаймен құда болып жатады. Қысқасын айтқанда, әлем халықтарының басқа ешқайсысына ұқсамайтын, өзінің «алтын заңдары» бар ерекше халық – қазақ. «Құда бол деп қинайтын да, құдаларын құдайындай сыйлайтын да» (Қ.Мырза Әли) осы қазақ. Қазақтар өз елінің кез келген қиырымен қыз алысып, қыз беріседі. Осындай асыл қасиеттерінің арқасында қазақ ешқашан бірліктен ажырамаған. Ресей империясы, одан беріде кеңес өкіметі қазаққа көп қиянат жасады. Қазақты жүзге бөліп те, руға бөліп те тастады, бір-біріне айдап салып та бақты. Бірақ, қанша тырысса да қазақты біржолата құрта алмады... Қазақ елінің тағы бір ерекшелігі – ертедегі ғұндардың (хун) барлық əдет-ғұрпы мен тұрмыс-салтын, одан да бұрынғы сақтардың салт-дәстүрлерін біздің заманымызға түгелдей жеткізгендігі. Мысалы, киіз үйде тұру, баланы бесікке бөлеу, құмалақ ашу өнері, жейтін тағамдары...
Қазақ тілінде диалекті жоқ деп жоғарыда айттық. Дегенмен, кеңес өкіметі тұсында қазақ тілінде диалекті бар деп «дəлелдеп», бірлі-жарым диссертациялар қорғалғаны рас. Əрине, мұндай жағдай қазақ болмысына жəне ғылымға кереғар келеді. Бірақ, бұрын болмаған диалектілер қазақ елінде енді шығуы мүмкін. Себебі, мысалы, Өзбекстан мен Қытай секілді əртүрлі елде өмір сүрген қандастарымыз арасында сол жергілікті халықтың тілдерінің əсері байқалады. Ал, Ресейдегі қандастарымыз бірнеше ұрпақ ауысқан соң тілімізді жоғалтуы әбден мүмкін...
Осындай ерекше біртұтас халықты «ұлт болып ұйыспаған халық, əлі ру-руға бөлініп жүрген халық» деп айтқаны үшін тарихшы Юдин жетпісінші жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тарих институтынан жұмыстан шығарылған еді. Оны қуған сол кездегі институт директоры, академик А.Нүсіпбеков болатын. Ондай ауру сөзді айтып, өзіне ұпай жинайтындар қазір де ұшырасып қалады.
Қазақ тілі қандай бай болса, əдебиеті де соншалықты бай екенін мақтанышпен айтамыз. Оған мысал – қазақ ауыз əдебиетінің көлемі 108 том болып баспадан шыққаны. Осы күндері қазақ ақындарының 100 томдығын шығару жоспарланып отыр. Аталған жетістіктер мен ерекшеліктердің барлығы кешегі 300 жыл өмір сүрген, астанасы Түркістан болған, бір орталыққа бағынған айбынды Қазақ мемлекетінің біртұтастығының арқасында пайда болған еді. «Бұл не деген күшті мемлекет болған?!» десеңіз, оның күштілігі басқару тетігіне байланысты болды. Біз қолымыздағы жетістігімізді жіпке тізіп қарайтын болсақ, ол үшін түгелдей Қазақ мемлекетіне борышты екенімізді көреміз.
Бәрі Сарайшықты қиратудан басталған...
– Сәке, енді Қазақ мемлекетінің ерекшеліктеріне қысқаша тоқтала кетсеңіз. Өйткені, тіліміз бен салт-дәстүріміздің біртұтастығы жайлы біршама білсек-тағы, мемлекеттік құрылымымыз жайлы білетініміз жоқтың қасы...
– Қазақ хандығы құқықтық мемлекет және ең демократиялы мемлекет болды. Себебі, хан билігі шектеулі еді. Ханның өзін рубасылар мен билер сайлайтын. Қазақта қырық үш ру болса, оның әрқайсысын рубасы, белгілі би басқарды. Хан рубасыларының келісімінсіз ештеңе шеше алмайтын. Сайланар адам қолбасшы бола ала ма? Қолбасшы бола алатын адам ғана хан болып сайлана алды. Ханда әскер де жоқ. Әскер рубасыларда, билерде. Ханға қаржыны, алым-салықты да рубасылар жинап береді. Демек, Қазақ мемлекетінің ханы түгелдей билер институтына тəуелді болды.
Осы күнгі Қазақстан Республикасында əлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарды оқытуда қордаланған проблема, соның ішінде Қазақстан тарихын оқытудың проблемалары өте көп. Осы пəнді оқытуға өкіметіміз мол қаржы бөліп келе жатыр. Алайда, одан оның проблемасы шешілген жоқ... Егеменді ел болғанымызға 27 жыл толса да, етек-жеңімізді жинап еркін өмір сүріп жатсақ та, көптеген академиктеріміз бен докторларымыз болса да, ғылым мен білім саласында, әсіресе, тарих ғылымында тек ХVІ – ХVІІІ ғасырлардағы тарихымыздың өзінде əлі күнге дейін шешімін таппаған проблемалар бар.
Бірінші, Қазақ хандығының басқару жүйесі жəне билер институты, ондағы ел басқару жүйесінің асқан демократиялы болуы, хан мен билердің орны мен қызметі осы уақытқа дейін студенттер мен мектеп оқушыларына арналған оқулықтарда ашып көрсетілмейді.
Екінші, қазақ-қырғыз қатынастары мәселесі де ерекше үңілуді қажет етеді. Қырғыздар 150 жылдан аса уақыт қазақ мемлекетінің құрамында болды. Есім хан оларды Көкім би арқылы, Тəуке хан Тиес би арқылы биледі.
Үшінші, орыс-қазақ қатынастары негізінен қырғын соғыстардан, яғни қазақ елінің ұлт-азаттық көтерілістерінен тұрады. Оларды қысқаша былай жіктеуге болады:
1. ХVІ ғасырдың соңында Қазақ хандығының солтүстік шекараларына Ресейдің басынан бақайшағына дейін қаруланған казак әскери топтарының шабуылдары.
2. Қазақ-жоңғар қатынастары. Жоңғар шапқыншылығының басталуы. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының алғышарттары.
3. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының ақиқи тарихы.
4. І Петрдің «ақтабан шұбырынды» оқиғасына тікелей қатыстылығы және т.б.
5. Қазақ елін түбегейлі жойылудан құтқарып қалған Əбілқайыр ханның тарихи тұлғасы.
6. Əбілқайыр ханның орыс патшасына жазған тарихи хатының дəл аудармасы мен мазмұны...
7. Қазақ-башқұрт қатынастары.
– Сәке, сіз шынында да қазақ баспасөзінде өте аз көтерілетін тақырыптарды қозғап отырсыз. «Мұндай қожа күнде келмес» дегендей, енді осы мәселені таратыңқырап айтыңызшы.
– Ресей мен Қытай секілді екі үлкен империяның ортасындағы осындай мемлекетті ыдыратып құлатқан Ресей империясы екені əлі күнге дейін ашық айтылмайды. Оның есесіне әлдеқашан сүйегі қурап кеткен (1756 жыл) жоңғарды ғана айтамыз. Бұл күндері қазақ елі кино түсірсе де, бірдеңе жазса да жоңғарды, одан қалса 1771 жылдан соң бас көтермеген Еділ бойындағы қалмақты айтып, әруағын шулатады да, сол кездегі Ресей билігінің жасаған қиянаты туралы жақ ашпайды. Шындық айтылмайтын болса тарихты жазып неге керек?!
Ресей империясы Қазақ еліне алғашқы қарулы шабуылын 1580 жылдары Жайық бойындағы əсем қала Сарайшықты қиратып, тонаудан бастады. Көп ұзамай, 1588 жылы «қазақ ордасының ханзадасы» (орыс жылнамаларында осылай жазылған), қазақ ханы Тәуекелдің немере інісі, Ондан сұлтанның ұлы Оразмұхамедті тұтқындап, Мəскеуге алып кетті. Оның барлық күш-жігері мен əскери талантын пайдаланып воевода дəрежесіне дейін көтерді. Тіпті, оның өлімінің өзі Ресей мемлекетіне поляк басқыншыларынан құтылуға көмектесті... Мəскеуді басып алған Польша королі Лжедмитрий күдікті воеводаның бірі деп Оразмұхамедті өлтіреді. Өзінің жерлесінің кегін қайтару үшін Петр Урусов (Едіге бидің шөбересі) Лжедмитрийді өлтіреді де, Ресей патшасының тағын поляктардан босатып, Ресей мемлекетін құтқарып қалады. Жыл сайын қараша айында Ресей жұрты «бізді поляктардан құтқарған К.Минин мен М.Пожарский» деп ерекше мерекелейді. Бұл екеуіне ескерткішті Мəскеуде Сталин қойдырып еді. Алайда, П.Урусов пен Оразмұхамед туралы бір ауыз да айтылмайды. Егер орыс ағайындар тарихқа адал болса П.Урусовқа алтыннан ескерткіш қояр еді....
Осынау 1580-1730 жылдардағы орыс пен қазақ арасындағы қырғын соғысты белгілі зерттеуші М.Əбдіров өзінің «История казачества Казахстана» деген күрделі еңбегінде: «...С конца XVI – начала XVIII в. начинается ожесточенная и кровополитная, длившаяся 150 лет, казахско-казачья война. ...Многострадальная казахская земля обильно полита кровью наших предков, отстаивших право на мирную жизнь на древней, исконно своей территории...» деп жан-жақты сипаттаған.
Ал, екінші 150 жылдық кезең туралы (XVIII бен XIX ғасырлар), аса қиын кезең туралы Х.Досмұхамедов «Аламан» атты кітабында: «...Осы екі ғасырдағы патша өкіметінің жұмысы қазақты əбден бағындырып алып, қазақты көпір қылып Азияға аттау болды. Кіші жүздің жүз жарым жылдай тарихы қанмен жазылғандай болды» деп толық бейнесін берген еді.
Осылайша, Кіші жүз қазақтарының Ресей басқыншыларымен соғысы жайлы М.Əбдіров жоғарыдағы еңбегінде: «...Казаки были хорошо вооружены и обучены, прекрасно организованы, дисциплинированы, обладали громадным опытом борьбы с покоренными народами. Вот с такими отборными воинскими отрядами 300 лет воевали қазахи за свою свободу и независимость, отстаивая родную землю...» деп дәл мінездеме берген еді.
Қазақ еліне толассыз шабуыл жасаған орыс-казактардың жауыздығы мен зұлымдығы туралы орыс тарихшылары да көптеп жазды. Мысалы, А. Рябинин: «...У яицких казаков был один смертельный враг – это киргизы (т.е. казахи). Они были враги неутомимые, настойчивые, не знавшие ни страха, ни усталости. Яицкие казаки вели против них войну настоящую и ожесточенную» («Уральское казачье войско») деп жазса, А.Карпов «Уральцы» деген кітабында: «...Раз это киргиз – то враг, заклятый враг и все, что носило на себе киргизский облик, все уничтожалось, билось казаками на смерть, целые аулы, старцы, жены – все истреблялось; убивались дети и грудные младенцы, – «вырастут – укусят!» говорили казаки и поднимали их на копья» деп, жауыздық пен қатыгездіктің неше түрін көрсетіп, қаншама қазақ ауылдарын аямай түгелдей қырып жібергенін баяндайды...
1692 жылы Ресей билігіне І Петр келген соң орыс əскерлерінің Қазақ жеріне жаңа қарқынды шабуылдары басталды. Ол қалмақтың ханы Аюкеге барлық титулды, барлық сыйлықты беріп, қалмақтарды қазақ еліне айдап салып отырды. Сорлы Аюке хан қандастарын өлімге айдап отырғанын өзі 1724 жылы өлер алдында, қалмақтар Əбілқайыр қолынан қырылып жатқанда ғана түсінген болар...
І Петрдің тұсында қаруы күшті казак отрядтары мен қалмақтарға қазақ елінің есесі кете бастады. Себебі, Еуропаның жаңа отты қаруына қол жеткізе алмады...
– Қайран, данышпан Әйтеке бабамыз «Малымыздың бәрін сатсақ та мылтық жинайық!» деп сол кезде шырылдаған-ақ екен, айналасы неге екені белгісіз, сол ұранды іске асыруға құлшына кіріспепті ғой.
– Міне, сол кезде жас батыр қолбасшы Əбілқайыр (1685-1748 жылдар) жарқырап, тарихи аренаға шықты. Бұл 1700 жылдар болатын. Қазақ елі мен Ресей қол астындағы туысқан башқұрт халқын қызғыштай қорғаған ерлігі ескеріліп, 1709 жылдың күзінде Əбілқайыр Тəуке ханның өзі бас болған билер кеңесінің шешімімен Кіші жүзге хан сайланды. Енді Əбілқайырдың қазақ елін Ресей басқыншыларынан жарты ғасырға жуық қорғаған ерліктеріне қысқаша тоқталайық.
Əбілқайыр 1707-1709 жылдары башқұрт халқының ұлт-азаттық көтерілісіне 3 мың сарбазбен барып көмек көрсеткен. 150 жылдан бері Ресей қол астында болған башқұрттар оны өз еліне хан сайламақшы болғанда, 1709 жылы күзде қазақ билері шақыртып алып, Кіші жүзге хан сайлайды. Əбілқайыр кеткен соң башқұрт көтерілісі жеңіліс табады. Кіші жүзге хан болған соң Əбілқайыр Ресеймен күресті жақсы ұйымдастыра білді.
І Петр қазақ елін түгелдей жаулап алуды ұйғарады. Жоңғарларды артиллериямен қаруландырып жəне оларға жаңа қаруды үйретуге капитан И.Унковскийді жібереді. 1723 жылғы «ақтабан шұбырындыны» ұйымдастырады. Батыстан қалмақ əскерлері шабуыл жасауға дайындалады.
Жоңғарлар Түркістанға дейінгі жерді түгел басып алады. Алайда, Аюке бастаған батыстағы қалмақ қолын Əбілқайыр əскерлері қайтып қазаққа қарсы бас көтермейтіндей етіп жеңді. Шайқастардың бірінде Аюкенің өзі де өлді.
1723 – 1724 жылдары Теке (қазіргі Орал) қаласына бірнеше рет шабуылдаған Әбілқайыр И.Тимофеев, И.Логинов, Н.Бородин бастаған казак-орыс отрядтарын көп шығынға ұшыратады. Орыстар жағынан 170 адам қаза тапты, көп адамы жаралы болды, көптеген жауынгерлері тұтқынға түсті... 1725 жылы екі жақ тұтқындар алмастырады.
250 жылдықта Әбілқайыр хан туралы кітап шығара алмадық...
– Әбілқайыр хан туралы әңгіме екі бағытта өрбиді. Тарихшылардың бір тобы оны бодан болуды өз еркімен қабылдаған десе, ендігі бір тобы керісінше айтады. Сіз ше?
– «Ақтабан шұбырынды» кезіндегі Əбілқайырдың осы бір жанқиярлық ерлігінің арқасында Кіші жүз қазақтары «Ақтабан шұбырынды» апатына ұшырамады. Керісінше, күшті жауды уақытында тоқтатып қана қойған жоқ, сондай-ақ оларды талқандап, батыс шекараны қауіпсіздендіріп болған соң қазақ елін басқыншылардан тазартуға кірісті. Әбілқайыр хан 1726 жылы бастаған ұлы жорық 1730 жылы Балқаш пен Ілеге дейінгі аймақтарды азат етумен аяқталды.
«Бізге орыс-қазақ қатынасын қайта қарамай болмайды». Бұл сөзді ең алғаш марқұм Жанұзақ Қасымбаев айтып еді. Кейінірек Әбілқайыр ханның Анна Иоанновнаға жазған хатының мәтінінің шынайы мән-мағынасы белгілі болған кезде Тарих институтының директоры Манаш Қозыбаев та айтты ол сөзді. Қазақ-орыс қатынасындағы трагедияның үлкені «Ақтабан шұбырынды» болса, ұлт-азаттық соғыстардың жарқын тарихын жазып кеткен Əбілқайыр хан екенін мойындаймыз. Бұл жағдайды ескерген академик М.Қозыбаев пен профессор Ж.Қасымбаев тоқсаныншы жылдары «Əбілқайыр тарихын қайта қарау керек» деп мəселе көтерген еді. М.Қ.Қозыбаев 2000 жылы 27 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақ хандарының еліміз тарихындағы орнында ұлт мүддесі үшін ғасырлар бойы күрес жүргізген әз Жəнібек хан, Керей хан, Қасым хан, әз Тəуке хан, Əбілқайыр хан сияқты тұлғалардың дəуір тарихында шоқтығы биік-ақ» деп жазған еді. М.Қозыбаевты «Əбілқайыр Ресейге қарсы 48 жыл бойы соғысып, қалайша бодан болуға өтініш жазды екен...» деп күдіктенген Ж.Қасымбаев та қостаған болатын. 2001 жылы Əбілқайырдың тарихи хатының түпнұсқасы табылуы төбеден жай түскендей əсер етті. Біз осы уақытқа дейін оның орысша аудармасын пайдаланып келіппіз. Сол орысша аудармасы талай ұрпақты жаңылыстырып келген еді. Ақыры шындыққа қол жеткіздік. 2001 жылы «Абай» журналының 2-санында А.Исиннің «Әбілқайырдың хатын қалай оқыған дұрыс?» деген мақаласын оқыған жұрт сол тарихи хатта «бодандық» туралы бір сөз жоқ екенін көріп, қатты таң қалды. Əттең, Əбілқайыр хан тарихын қайта қарайтын ғылыми конференция өткіземіз деп жүргенде М.Қозыбаев пен Ж.Қасымбаев қайтыс болып кетті де, игі іс аяқсыз қалды... Ал, өзіміздің қазақстандық Моисеев секілді тарихшыларымыз Әбілқайыр ханның тарихтағы рөлінің тонын теріс айналдырып берумен келді. Шын мәнінде ол Ресей билігімен өмір бойы соғысып өткен адам болған. Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғанының 250 жылдығын 1981 жылы тойладық емес пе? Сол кезде біз Әбілқайыр хан жайлы кітап шығара алмадық. Шығарсақ біз оның шын келбетін беретінімізді түсінген мәскеуліктер институт басшылығына ол жайлы емес, Абылай хан жайлы кітап шығаруға ғана рұқсат берді...
– Аттила жайлы кітап жазған тарихшы ретінде ұлы бабамыз жайлы бір-екі ауыз мәлімет беруіңізді қолқаламай тұра алмаймыз...
– Аттила Мыңзықұлы – Ғұн (латынша хун) мемлекетінің атақты королі (патшасы), ұлы қолбасшы. Оның қазақша есімі – Еділ. Ғұн ордасы Қара теңіз өңірі мен Днестр және Дунай өлкесіне орныққан заманда шамамен 400 жылдары патша отбасында дүниеге келген. Оның әкесі үш ағайынды – Руғила, Ақтар, Мыңзық – белгілі тарихи тұлғалар, әскери қолбасшылар еді. Руғила 420 – 433 жылдары Ғұн ордасын басқарды. Аттила бозбала кезінде Рим қаласында жан-жақты білім алды.
Руғила тұсында керемет күшейген Ғұн ордасы IV ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап Рим мемлекетімен одақтас болып, оны герман тайпалары қорғап келді. 425 жылы Шығыс Римге шабуыл жасаған герман тайпасы - вестготтарды жас қолбасшы Аттила басқарған ғұн әскері талқандап, Византия өлкесін апаттан құтқарады. Бұл үшін Шығыс Рим империясы Ғұн ордасына Паннония провинциясын түгелдей сыйға береді. Сол күннен бастап осы үлкен провинция латын тілінде Hungаria деп аталады, тек орысшасы – Венгрия. Ол кездегі Паннония провинциясының жері қазіргі Венгриядан әлдеқайда үлкен болатын. Оған Швейцария, Австрия сияқты көрші мемлекеттердің біраз бөлігі қарайтын.
433 жылы Руғила кенеттен қайтыс болған соң орданың билігі Бледа Ақтарұлы мен Аттиланың қолында болды. 443 жылы белгілі қолбасшы Бледа өлген соң Аттила жеке әмір жүргізді.
441 жылдан бастап Ғұн мен Рим империясы арасындағы достық қарым-қатынас бұзылды. Себебі, Рим басшылары келісімді бұзып, бірнеше жыл ғұндарға салық төлемей қойған еді. Сондай-ақ, римдіктер герман тайпаларымен жасырын одақтасып, Ғұн ордасына қарсы шықты. Аттила Рим империясына салықты бірнеше есе көбейтті. Герман тайпаларымен қақтығыс Аттиланың Галлияға (қазіргі Франция жері) жорығын бастауға мәжбүр етті. Аттила германдықтарды ғана емес, римдіктерді де жазалады, Аквилей, Милан қалаларын басып алды. Ғұн ордасының ең күшейген кезі – осы кез.
Аттила – қолбасшы, мемлекет қайраткері, қаған-патша ретінде Еуразия тарихында ерекше орын алады. Оның Керке, Хелха атты әйелдерінен 7 ер баласы болған. Солардың ішінде тарихта аты қалғандары – Еллақ, Денгизик, Ернақ... Герман тайпаларынан алған әйелі Кримхилда (437 жылы) және Илдикадан (454 жылы) туған балалары туралы мәлімет жоқ. Аттила 454 жылы кенеттен қайтыс болды...
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ