"Қазақстанның құрметті азаматы" Ордені қанша тұратынын білесіз бе?
2018 ж. 10 шілде
9643
2
Қазіргі қазақ топырағында қадірлі дүние қалмай барады...
Басқа-басқа, ендігі жерде орден-медальдарды да саудаға салып, сатуға жаппай бет алыппыз...
Менің «пыз» деп, күмәнденіп отырған себебім: осыдан бірнеше жыл бұрын біреулердің Қытайға барып, арзанқол орден-медальдар жасатып, өз елімізде бизнес көзіне айналдырғандығын естігенімде, өз құлағыма өзім сенбедім...
Мүмкін нәрсе емес қой?..
Марапат жасап, медаль беретін де; орасан еңбекті бағалап, орден тағатын да мемлекет емес пе?!.
Егер әркім мемлекеттің құзырын жеке пайдасына асырса, онда елдігіміздің қадірі қайда қалады?..
Жоқ. Мен оңбай қателесіппін.
Менікі: баяғы ескі екпін, тозған муза екен...
Қазақ жұрты мемлекеттің біраз құзырын өз қолына ауыстырып, жекелеп алыпты...
Маған да ұсыныстар түсе бастады, белгілі бір сомадағы қаржыны белгілі есеп-шотқа аударсам: «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін», «Ақжайықтың ардақты азаматы», «Жымпитының жайсаң жігіті» т.с.с. секілді атақ-дәрежелерді оп-оңай иеленіп шыға келеді екенмін...
Өз басым әрдайым көзім көріп, көңілім сенген шындықты ғана айтсам да, билікке жағымпаз қайсыбіреулер менің сөздеріме үнемі күмән келтіріп жатады. Сондықтан, таяу күндері ғана «Жас Алаш» басылымында жарияланған мақаланы мысалға келтірейін.
«Орденнің құны 1 млн 750 000 теңге» деп аталатын мақала былай дейді: «Астана күніне орайластырылған шарадан кеудеңізге орден тағып кетем десеңіз, 1 миллион 750 мың теңге ақша төлейсіз. Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауылынан "Жас Алаш" сайтына Манаргүл МҮТӘЛІП есімді оқырманымыз хабарласты. Жуырда шағын кәсіппен айналасатын күйеуінің электронды поштасына Астанада орналасқан «Общественная награда» ЖШС-нен хат келген.
«Сіздің мінсіз беделіңізді, айрықша кәсіби жетістіктеріңізді және экономиканы дамытуға қосқан жеке үлестеріңізді, өз саласындағы нағыз кәсіпқой маман, талантты ұйымдастырушы әрі басшы ретінде Сіздің сөзсіз абыройыңызды ескере отырып, «Қазақстан Республикасының қоғамдық наградалар мен атақтар жөніндегі комитеттің» сараптау кеңесі – Сіздің кандидатураңызды «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» жоғарғы қоғамдық мойындау Орденімен марапаттауға шешім қабылдады», – делінген екен елордадан келген хатта.
Қоғамдық ұйым шалғайда еңбек етіп жатқан кәсіпкерге толтыру үшін тіпті марапаттау парағын да жіберген.
«Алғашында қуанып қалған едік. Алайда, орденді алу үшін 1 миллион 750 мың теңге төлеу керектігін білгенде таңқалдық. Көрсетілген нөмірлерге сенбей хабарласып едік, олар сол сомманы төлеу керектігін растады. Қысқасы, бұл – атақ сату. Сөлкебай саудалау», – дейді Манаргүл Мүтәліп.
"Жас Алаш" тілшісі «Общественная награда» ЖШС-не хабарласқан еді. Алайда, Сараптау-іріктеу комитетінің төрағасы Игорь НАЗИНМЕН тілдесе алмады. Аталған мекеменің менеджерімін деп өзін таныстырған Татьяна (тегін айтудан бас тартты) есімді қызметкер басшылықтың қашан болатынын білмеймін деп қысқа қайырды. Және орденге лайықты тұлғалардың қалай іріктелетінен де бейхабар екенін айтты.
«Біздікі – мемлекеттік марапат емес. Орден иегерлерінің қалай іріктеліп алынатынын білмеймін. «Неге ақшасы көп» дейсіз ғой. Себебі, шығын көп. Және біз бұдан түскен қаражаттың бір бөлігін қайрымдылық шараларына жұмсаймыз», – деді Татьяна.
1 миллион 750 мың теңгеге орден алушы күтіп алу мен мейманханаға бір күндік орналастыру, эстрада жұлдыздарымен өтетін концерт, шараға БАҚ өкілдерін шақыру, фото мен видеоға түсіру қызметтері кіреді екен. «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» ордені үш жылдан бері беріліп келе жатыр екен...»
Мынау нағыз масқара ғой. Заң қайда, құзырлы мекемелер қайда?..
Қазір, керек десеңіз, «Құрметті құда», «Қызуқанды құдағи» деп аталатын медальдар да пайда болды...
Тексіздіктің де тереңі тым тұңғиық екен...
Досқа – күлкі, дұшпанға – таба болдық...
Үмітіміз үзілмесе екен...
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
Қазақ үні