ЕРТЕГІДЕЙ ЕЛОРДА
2018 ж. 05 шілде
5493
0
Көрнекті ақын Қазыбек Исаның «Ел тірегі – Елорда!» атты Республикалық мүшәйрадан Бас жүлдені жеңіп алған өлеңі
«Қыштан қаланған Римді мәрмәрден салдырдым»
Октавиан Август. Римнің тұңғыш императоры
Барады алып бақытқа басқан әр із,
Айтылуда сондықтан асқан аңыз. Жаңа ғасыр ажарын жарқыратып. Жалт қаратты жаһанды Астанамыз! Көңілге әсем күмбірлі күй қонақтар, Құлпырады құндыздай қилы алаптар. Асқар тауға аудырмас аңсарыңды, Аспан тауға айналған ғимараттар! Көктен арай құйылса бас қалаға, Түнде жарық көшеде ел жасқана ма? Жадыратар жаныңды жарқын әлем, Аспанда емес жұлдыздар- Астанада! Сиқырласа нұрымен жас қаламды Ай, Керек енді көркемдік басқа қандай!?. Елорданың тойына шашу етіп, Жұлдыз шашып Жаратқан тастағандай!... Еркіндіктің Есілде айт өлеңін, Ерке сұлу сыр айтса, қайтер едің?.. Ойың менен бойыңды түзетеді, Темірқазық жердегі – Бәйтерегім! Бұрқыратып жұпарды бақшадағы, Аңқылдап бір соғады ақ самалы. Көкте қалқып көшкенде ақша бұлттар Көзін алмай қарайды патша дағы... Тұлғаларды тудырар уақыт, ғалам, Жасаған Ер тарихты – бақытты адам. Римді Август мәрмәрдан салса егерде, Астананы елбасы жақұттаған! Жауһар жауған шаһарға мына нағыз, Тіреледі сан елден құлаған із... Сәулетті елі, сәулелі, сәнді орда бұл, Сәулеткері болған соң Нұрағамыз! Тайғақтан жол тар кезде Ер тауыпты алдан, Жат та бізде аз емес жауып қалған… Сақтан деймін – құмарлар қазынама - Сақ батырдан саф алтын сауыт қалған!.. Қанат жайып қаламда өркенді өнер, Ертегі елі ретінде ертеңге енер! Алпамыстай ай сайын алыптанған, Күн қала да күн сайын көркемденер. Елім еркін елеулі кірді «елуге», Үздікке еніп елорда үлгеруде. Сегізінші керемет сенсің бүгін, Алты құрлық алқынар бір көруге. Бәрі риза бітімгер жерге күнде, Асқақтауда асулы белдерінде. Астанаға келгенде келіседі, Әлемдегі шайқасқан елдерің де. Зар заманнан жеткен соң нұр күніне, Ақын біткен ағытар жырды міне. Ұлы Дала төсінде - ұлт ордасы, Айнала бер әлемнің кіндігіне! Бабаларым баһадүр өткір едің, Аңсап күнім Азаттық өтті менің… Көк байрақты көргенде Ақ ордадан, Көкке мәңгі өрлесін деп тіледім!
26 мамыр 2018 жыл.