Домбыра - қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мерекелік концертте осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Назарбаев: Домбыра - қазақтың бренді мен паспорты
2018 ж. 01 шілде
4609
1
"Ұлы мұрамызды ұлықтайтын бүгінгі Ұлттық домбыра күнімен шын жүрегімнен құттықтаймын. Менің Жарлығыммен жыл сайын осы айдың жексенбі күні Домбыра күні деп аталатын мереке болды. Сол Жарлыққа байланыст тек қана Астанада емес, Қазақстанның барлық түкпірінде, облыс орталықтары, қалалар, аудандар мен ауылдарда бүгін дəл осылай Домбыра мерекесі болып жатыр. Домбыра қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Ол ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр. Бір кезде Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар таңбалы тас табылғанын бәріміз білеміз. Ғалымдар ол сурет берісі 4 мың, арысы 6 мың жыл бұрын бедерленгенін дәлелдеп отыр. Арал маңында домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дәуірімізден 4 ғасырдың мұрасы болып, ал Алтайдан табылған ата домбыра біздің дәуірімізден 5 ғасырға тиесілі. Көріп отырсыздар ма, Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстанның даласы 4 мың, 5 мың жылдан бері осы домбыраның үнін естіп, қуанышта да, өкініште де, домбырасымын келе жатыр. Ол бүкіл біздің даламыздың, барлық қазақтың бір екенін, қанымыздың да, жанымыздың да бір екенін дәлелдейтін өте нақты нәрсе. Аспап сонау Күлтегін заманынан бері келе жатыр. Одан бері қилы замандардың бәрі домбыраның көмейінен күй болып төгіліп, тарихтан сыр шертеді. Тыңдаушысынан жігерлендіретін төкпе күйлер мен сыршыл шертпе күйлер қазақтың табиғатын танытады. Күміс көмей әншілеріміз домбыраны қолға алып, сайын даланы жаңғыртып, әуелетіп ән салған. Қастерлі аспап бүгінде симфония мен операға әр беріп, классикалық өнердің ажырамас бөлшегіне айналып келеді. Ол қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті", - деді Назарбаев.
Елбасының айтуынша, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы арқылы ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға домбыра ерекше үлес қосады. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері.
"Кешегі арамыздан өткен Нұрғиса Тілендиев домбыра арқылы өзінің өшпес өнерін қалдырды. Олардың бәрі ұрпақтан ұрпаққа мұра болып жалғасып, халықтың жадында сақталып келеді. ЮНЕСКО шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енді. Елімізде қасиетті қара домбыраға деген құрмет ешқашан төмендеген емес. Осыдан біраз жыл бұрын Астаада күй атасы Құрманғазының ескерткіші бой көтерді. Алматыда әйгілі күйші Нұрғиса Тілендиевтің еңселі ескерткіші орнатылды. Осының бәрі домбыра мен күй өнерінің ғасырлар бойы даламызды сазбен тербеткен күйшілердің, қадірлеудің көрінісі болып табылады", - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы белгілі ақын Қадыр Мырзəлінің "Домбыра атты өлеңде, екі шектің бірін қатты, бірін сəл-сəл кең бұра. Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра" деп айтқан қанатты сөзін келтірді. Президенттің айтуынша, бұл - қазақтың қара домбырасына, қара өлеңіне қойылған ұлы ескерткіш.
"Домбыра қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан əлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген, күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтерген. Осы игі үрдіс қазір де жалғасып келеді. Бүгін рухани жаңғыруға бет бұрған халқымыз қасиетті домбырамен құдіретті күйді қаншалықты қадірлейтінін бүкіл елімізге, бүкіл дүниеге паш етіп отырмыз. Осы жерде күмбірлеген күйлер біздің бірегейлігіміз бен рухани тұтастығымызды білдіреді. Лайым, əр уақытта бізге, елімізге Жаратқан бірлік берсін. Осы күйдің бірлігіндей бірлік беріп, қазақтың татулығы мен елдің болашағын жарқын етсін. Бүгінгі шара өскелең ұрпақты қасиетті домбыраға, ұлттық өнерге деген құлшынысын арттыра түседі деп білемін. Домбыраны терең түсініп, мағынасын түсіну үшін меніңше нағыз қазақ болып туу керек. Ауылда ең бірінші естіген дыбысы домбыраның үні болса, өмір бақи ол адам бақытты болады, көңілі жадыралы, көтеріңкі болады, сол музыкаға сай болады. Еліміздің ашық аспаны бейбіт заманын дəріптейтін күмбірлі күйлерге балана берсін. Болашағымыз жарқын болсын. Ұрпақтарымыз да біздей домбыраны сүйіп, алға бастай берсін", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.