Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің атауы өзгерді
2018 ж. 29 маусым
2997
2
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды, деп Ақорданың баспасөз қызметі.
***
Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) болып аталсын.
2. Министрлікке Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қоғамдық келісім саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері берілсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) жоғарыда көрсетілген мемлекеттік органдардың штат санын қайта бөлуді;
2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін: 1-тармақта:
«Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі;» деген жол мынадай редакцияда жазылсын: «Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі;».
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев
Астана, Ақорда, 2018 жылғы 28 маусым
№707