Қазақтар Астанадағы Қытай консулдығының алдына жиналып, қамаудағы туыстарын босатуды талап етті

Астанада Қытай консулдығы алдында он шақты азамат жиналып, Қытайда қамауда отырған туыстарының босатылуына көмек сұрады деп хабарлайды Азаттық. Жиналғандардың айтуынша, Қытайда ұсталған туыстары сол елдің азаматтығынан шықпаған, кейбірі Қазақстаннан ықтияр хат, ал өздері азаматтық алған.

Бақыт Қызырқызы Қытайда әкесі қамауда отырғанын айтады. Әкесіне Алматыда жүрегіне ота жасалатын болған. Визасының мерзімі аяқталатын болған соң, оны ұзартуға Қытайға барғанда ұстап әкеткен. "Балаларының барлығы Қазақстан азаматтығын алған. Ақордаға арыз жаздық. Қазақстан президенті әкімшілігіне, сыртқы істер министрлігіне арызымызды өткіздік. Енді консулдыққа келіп тұрмыз" дейді ол.

Гүлнұр Бейқұтқызы Қытайда күйеуі қамауда отырғанын айтады. Оның сөзінше, күйеуі екеуі Қытайда жұмыс істеген, 2011 жылы отбасымен Қазақстанға көшіп келген. "2017 жылы наурызда Қытайдағы Іле Қазақ облысында жұмыс істеген мекемесі үш күнге келіп кет деп шақырып, сол бойынша Қытайға кеткен. Содан әлі оралмады. Кейін білсек, күйеуімді ұялы телефонынан WhatsApp қосымшасы шықты деп ұстапты. Саяси үйрену орталығына жапқан деп естідік. Күйеуім Қытай азаматы, Қазақстанның ықтиярхатымен жүр. Мен өзім, бала-шағам Қазақстан азаматымыз" деді Гүлнұр Бейқұтқызы.

Бағыраш Мансұрқызының айтуынша, Қытайда 24 жастағы қызы қамауда отыр. "2012 жылы Қазақстанға көшіп келгенбіз. Өзім, бір ұлым, қызым да азаматтық алған. Ұсталған қызым Қытайда оқып, одан соң Қызылордада жұмыс істеген. 2017 жылы желтоқсанның соңында Қытайға өткенде ұстаған. Содан бері хабар жоқ" деді Бағыраш Мансұрқызы.

Жиналғандар Қытайда тұратын туыстарымен хабарласып, ашық сөйлесе алмайтынын, туыстары қамаудағылар туралы айтудан қорқатынын айтты.

Жиналған азаматтар Қытай консулдығына осы еде қамауда отырған туыстарын босатуға көмек сұрап, хат тапсырмақ болған. Бірақ елшілік қызметкері қазір түскі үзіліс екенін айтып, түстен кейін сағат 16-да келуді сұрады.

Қытайда қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан хабарлана бастаған. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде германиялық қазақ Өмірхан Алтынбұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.

Өткен айда Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін "Қытай азаматтығынан шығу заңдылығын бұзған болуы ықтимал" деген күдікпен Қытайда ұсталған этникалық қазақтар туралы журналистер сауалына берген жауабында: "Бізде дәл қазір 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деп айтқан.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 6 маусымда Қытай астанасы Пекинге сапарлап барды. Назарбаевтың Қытай басшылығымен келіссөзінде Қытайдағы этникалық қазақтар ортасындағы туыстарына барып ұсталып, қамалған Қазақстан азаматтары мәселесі айтылған-айтылмағаны хабарланбады.