АҚЫНДАРҒА АЩЫ САБАҚ

1.Наурыз айында өткен Қазақстан Жазушылары ХV Құрылтайының үлкен дау-дамаймен өткені елде ұятырақ оқиға болғаны белгілі. Одан кейін де оның дүмпуі көпке дейін басылмай қойды. Әсіресе, әлеуметтік желіде қатты талқыланды. Құрылтайда одақтың бұрынғы басқармасына ащы сөздер айтқан халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов пен Мұхтар Шаханов өз қаламдастары тарапынан қатты сынға ұшырады. Әрине, олардың өздерінен де бар, дегенмен, сонша ара талағандай еткендері жөн болмады. Мен, әсіресе, Мұхтарға айтылған әсіре сын, қорлау сөздерге шыдай алмай, «Қазіргі қазақ қоғамының қаһарманы кім?» деген Мұхаң туралы мақала жазып, жалпы жұртқа сұрау тастадым. Ол әлеуметтік желіде және «Жас Алаш» газетінде, «Қазақ үні» газеті мен сайттарда жарияланды, теледидардан берілді. Әлеуметтік желіде екі мыңнан астам адам пікір білдірді. Солардың 99 пайызы Мұхаңды жан салып қорғады, жүздеген жүрек тебірентерлік ыстық лебіздер айтылды. Желіде одан кейін тағы екі дүркін Мұхаңды қызғыштай қорғаған пікірсайыс болды. Оған ақын Серік Ақсұңқарұлының бір газетте: «М.Шаханов үйінде тыныш жатпай, көшеге шығып кетіп еді, сүйкімсіз болып қалды» деген мағынада пікір айтқаны себеп болды. Жүйкесі жұқарған жұрт Серіктің республикаға белгілі айтулы ақын екеніне қараған жоқ, оның адресіне ауыр сөздерді қарша боратты. Бұл – біздің қарапайым азамат­тарымыз­дың елдік мәселеде азаматтық белсенділі­гінің жоғары екендігін көрсетті! Мұны әлеуметтік зерттеу десе де болады. Біз бұған қуансақ керек. Адам, азамат, ақын – бұлар кімдер? Ақындардың басты міндеті не? Жатып алып өлең жаза берсе болғаны ма? Міне, ақындар үшін осы өзекті мәселелер қатты сөз болды. Сол себепті мұны айналып өтуге болмайды. Енді пікірлерге кезек берейік. Жасұлан Ыбыраев: «. . . Ұлт үшін өлең жазып, жыр жырлаған батыр емес, ұлт үшін мінбеге шығып, билікке шындықты ашып, бар даусымен айқайлап айтқан адам батыр! Мұхтар ағамыз дәл сондай адам!» Міне қандай тамаша пікір! Нағыз шындық сөз, дұрыс пікір осы! Демек, адамды сұлу сөзіне қарап емес, ісіне қарап бағалау керек дейді оқырмандарымыз. Мұны бірінші сабақ деуге әбден болады. Есбол Махисов: «Елінің қайғысына қайғырып, халқының мұңына қабырғасы қайысып, ел үшін «Аттандап!» атқа мінбесе, онда оның несі ақын?! Ақын деген судыратып құр өлең жаза бермесе керек. Үйінде жатып алып, ақ парақты шимайлай беретін ақынды мен ақын деп санамаймын. Екіншіден, Мұхтар ағаға баға беріп, сын айту үшін, ол кісінің халқы үшін бітірген ісінің 100 ден бірін істеп алсын!» деп түйіндеген. Ал бұған қайсымыз қарсы шығып, не уәж айта алар екенбіз?! Айта алмаймыз. Желі газет емес, онда көпсөзділікке орын жоқ. Мұндағылар аз сөзге осылай көп мағына сыйғызып, қысқа айтса да нұсқа ғып айтады. Есбол да міне бір мақалаға жүк болғандай пікір айтқан. Міне бұл – екінші сабақ! Асқархан Нұрахметов: «Ақын ең бастысы, халқымен бірге отқа да, суға да түсуі керек. Мұхтар сондай ақын! Ең жаманы бұл – сарай ақыны». Жексен Әбдірахманов: «Мұхтар аға Шахановтан артық жатқа оқылатын ақын қазақта болған емес. «Ғашықтық ғаламатын» біздің буында жатқа оқымаған замандасымыз кем де кем. Қазақтың бүгіні мен болашағы үшін арыстандай алысып, келе жатқан текті ақын! Мұхтар ағадай болуға тырыссын, ақынмын дегендер. Ақын болса, Шахановтай азамат болсын! Елім, жерім, деуге шамасы келмеген, сұлу сөзді шұбаттай қанша созса да оларды ақын деуге аузым бармайды». Бұған мен мынадай сөз қосқым келеді. Бүгінде анау ақын оқулары, мынау ақын күндері деп мектеп оқушыларына сол ақынның өлеңдерін мәжбүрлеп жаттату орын алуда. Ал Жексен айтып отырғандай, Мұхтар өлеңдерін жұрт өз еріктерімен оқып жаппай жаттаған ғой. Оның «Ғашықтық ғаламатынан» басқа «Танакөз», «Қараспан қыпшақтары» поэмалары қандай еді! Имаш Тілеухан: «Қоғамдағы шындықты өлеңінен де, өзінен де таппайтын ақындарды қайтеміз? Төлеш Сүлеймен: « Махамбеттің іргені түріп қойып, қос құс жастықты жастанып жамбастап жатып алып, хан шатырына көз астымен қарап қойып, өлең жазып жатқаны, ә?!» О, қалай айтады, неткен керемет тауып айтылған астарлы мағыналы сөз дейсіз! Ия, мына жоғарыдағы пікірлер – ақынға да, жазушыға да, әдебиет сыншыларына да зор сабақ әрі қатаң талап! Қазір сыншымыз деп жүргендер бірыңғай мақтауда алдына жан салмайды. Жағымпаздық әдебиет сынын да жаулап алды. Сыншылар қай ақынды алса да көпірте мақтаумен классик етіп шығарады. Ал жоғарыдағыдай халықтық поэзициядан пікір айтып, ақынның қалың томында елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған күрескер рухты жырлар бар ма екен деп іздеп, бағалау деген бізде жоқ қой. И.Тілеухан айтып отыр­ғандай, өлеңінен де, өзінен де қоғамдағы шындықты іздесең таппайтын ақындарды, шынында, қалай бағалауымыз керек? Бұл міне халық төтесінен қойып отырған сұрақ! Сыншыларға сабақ болатын сұрақ! Соған қарап сыншыларды да сынауға болатын сұрақ! Осы сұрақты біз сыншылар ақындарға батыл қоя алмай жүрміз бе? Әрине, жоқ. «Мына жыр жинағыңда бәрі бар, өлеңдерің жақсы, бірақ қоғамдағы шындық жоқ екен, шындық қайда?» деп, ақыннан сұрап, сынға алуымыз керек екен-ау! Имаштың бар бол­ғаны осы бір сөйлем сауалын бәріміз жаттап алып, қанатты сөз есебінде дәптерге жазып қойсақ артық емес. Бұл да, міне, үшінші ащы сабақ! Ақындар, міне бізге халық осындай сабақ беріп отыр, ой салып отыр. Бұл пікірлерге жекелеген адамдардың сөзі деп қарауға болмайды. Бұлар қарапайым халық сөзі. Халықтан артық асырып айта алмайды екенбіз. Неткен аталы да өткір сөздер десеңізші деп, өзім сүйсініп таңдай қағудамын. Бір сөзбен тауып айтады, түйреп те тастайды. Сондай ең ауыр батпандай сөзді Ерлан Мырза ортаға тастады: «Ақынмын деп қағазға сыза бергендер бөрібасардың үйшігінен шықпай жата бергеніндей боп көрін­бей ме?!» депті. Түу! Нағыз сатира! Мына азамат үйлеріңнен көшеге, Мұхаң сияқты халық арасына шығыңдар деп отыр емес пе?! Ал ақындар таңдау өздеріңде. Кімге көше, кімге үйшік?! Осыған дейін ешкімнен естімеген, маңдайдан соғып, есеңгіретіп тастайтын ащы сабақтың көкесі осы шығар! Енді бірі Шахановтың жағасынан алмас бұрын, оның ел үшін істеген ісінің тым болмаса, жүзден бірін істе, сосын барып, үйіңде көсіл, шідерің үзілгенше шірен деді ғой басында. Ал бұған не дейсіздер?! Түк дей алмаймыз. Өйткені, өлең жазудан басқа түк бітіріп жүргеміз жоқ. Көбіне ойдан шығарылып жазылатын том-том романдар салмақты ма немесе ел үшін нақты іс пен азаматтық ерліктер қымбат па?! Қазақ қайсы­сына мұқтаж? Олай болса, ойланып, халықтың жоғарыдағы ащы сы­ны­нан сабақ алғанымыз жөн шығар. 2.Біздің ақын-жазушылары­мыз­дың көп­шілігі, Мұхтарша айтқанда, оншақты­сынан басқасы «біздің міндетіміз роман жазу, өлең жазу, ал басқасында шаруамыз жоқ, саясатпен айналыспаймыз» деп ашықтан ашық айтып мәлімдейді. Және соны мақтанышпен айтатынын қайтерсіз. Мұндай пікірге ызасы кеп жүрген жалғыз Мұхаң ғана емес. Көрнекті жазушы, атақты драматургіміз Дулат Исабеков бірде бір беттік мақаласына баттитып тұрып: «Саясатпен айналыспай, өзімше өмір сүремін» деген жазушы таза жазушы емес!» деп тақырып қойған болатын. Мұны саяси сабақ десек керек. Бұдан шығатын қортынды қандай? Әдетте, зиялыларымыз халықты оятулары, ел мен жерді қорғаулары керек деп жатамыз. Ал шынында, мына қарапайым халық оянып, керісінше зиялыларыңыз ұйқыда жатыр. Оны интернетті меңгеріп, әлеуметтік желіні қарап, ондағы мыңдаған достарымен пікірлесіп отыратын адамдар жақсы біледі. Шүкір, соның қатарында біз де бармыз. Қазір әлеуметтік желідегі елдің тынысын тыңдап отыратын белгілі ақын-жазушылар саусақпен санарлықтай аз. Соның салдарынан зиялыларымыз халықтан қол үзіп алшақтап, өмірде артта қалып, өзімен-өзі боп, ұйқыдан ояна алмай жатыр. Егер олар Алаш арыстары сияқты оянған болса, бүгінгі өміріміз бүтіндей басқаша болар еді. Олай болса, мен сергек оқырмандарға былай деймін: керісінше Сіздер оларды оятыңыздар! Қалай десеңіздер, елге танымал әр жазушы, әр ақын халық өкілі депутаттары есепті. Олар құр жаза бермей, ел мүддесі үшін күресуге де міндетті һәм борышты. Қай-қайсыңыздың да ауданыңыз­дан, облысыңыздан, қалаңыздан шыққан Астана мен Алматыда отырған ақын-жазушы­лырыңыз бар. Көпшілігі сол елдің, не қаланың «Құрметті азаматтары». Олай болса, Сіздер сол Құрметті азаматтарыңыздан, атақты ақын-жазушыларыңыз бен басқа да үлкен ғалымдарыңыздан «ел мен жердің тағдыры шешіліп жатқан кездері, халықтың несібесі шашылып шетке асырылып жатқанда неге қалғып-шұлғып отырсыңдар, оян!» деп, ұял­тыңыздар. Бұларды басқаша ояту мүмкін емес. Шынында, әр өңір тұрғындары өз ақындары мен жазушыларына талап қоюды білмей жүр. Олар елдеріне келіп, мәре-сәре мерейтойларын өткізіп, машина мініп, шапан жамылып, қалтасын конвертпен қампайтып қайтып жатады. Ал сол қаламгер елі үшін өзі не істеді?! Жарайды, том-топ кітаптар шығарған екен, бірақ бұл оның жеке кәсіптік жұмысы. Ауыл азып-тозып жатыр. Болашағы жоқ ауылдар деп жала жабылып, көптеген ауылдар жабылуда. Оның сыртында қоғамдағы келеңсіздіктер елді есеңгіретуде. Халық Парламент депутаттарынан ғана жауап сұрауды біледі. Ал Халық жазушылары, Халық ақындары, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары және басқа атақты қаламгерлер қайда? Ел солардан неге сұрамайды? Сұрасын, талап етсін, депутаттарға аманат айтқандай аманат айтып шаруа тапсырсын! Құрылтайдан кейін жазушылар жабылып Қабдеш пен Мұхтарды арадай талап, шырылдатты. Ал елдік, тілдік мәселелер өткір қойылып, Президентке хат жазғанда, тізімде сол екеуі бірінші тұрады. Бұдан соң Дулат, Темірхан, Қалихан, Ғаббас Қабыш, Қазыбек Иса және барлығы оншақты ғана жазушы қол қоятын. Сонда қалған 600-700 ақындар мен жазушылар қайда? Оларға мемлекеттік тіліміз бен дініміздің, еліміз бен жеріміздің тұтастығы, амандығы-саулығы керек емес пе? Еліне кездесуге келгенде олар­дан жерлестері соны сұрауы керек. Міне, мұны үлкен мәселе етіп көтеретін кез жетті. Солардың көпшілігінің сол елдің не сол қаланың «Құрметті азаматтары» деген атақ­тары бар. Демек, оларға да депутаттарға қойы­латын талаптар мен аманаттар берілуі тиіс. ...Әлеуметтік желіде және газетте жарияланған мақалама оқырмандар өте риза болып, маған көп алғыс айтты. Қайыргүл Дүзбаева: «...сізге көп-көп рахмет! Сергелдең болып, сан-саққа жүгірген ойға да, сөзге де тоқтау қойдыңыз. Ел ішінде дау туса, төрелік айтар аға бар екенін көрсеттіңіз, зиялы қауымға жалтақтап жүйелі сөз күтіп едік. Сол сөзді сіз айттыңыз. Осындай ағаларымыз аман болсын, жүз жасаңыз!» деп риза болды. Мың жасаңыз деп бата бергендер де бар. Осындай жүрекжарды пікірлер мен алғыстарын жаудырған барша достар мен оқырмандарыма мен де ақ алғысымды айтамын, мың рахмет! Сіздер де жүз жасаңыздар, қадірлі хал­қымыз мың-мың жасасын, мәңгі жасасын! 3.Бүгінде интернеттің әлеуметтік желісі әлеуметке күнделікті жедел қызмет көрсетуде баспасөздің басқа салаларын артқа қалдыруда. Қандай жаңалықты болса да сол сәтінде жұртқа хабарлап үлгереді. Бәрінен де бұрын халықтың еркін ойын жасқанбай, жалтақтамай айтып жеткізетін мінберге айналды. Онда ешкім ешкімнен сөз сөйлеуге рұқсат сұрап жатпайды. Сөйтіп, әлеуметтік желі халықтың ой-пікірін, талабын, өткір сынын үкімет пен билікке жедел жетізіп отырады. Міне, соның арқасында қарапайым халық мәселелерді өзара тез талқылап, бір-бірлеріне таратып уақытында хабарланып тұрады. Содан да болар, қарапайым халық бірер жыл көлемінде саяси жағынан тез сауаттанды. Алдыңғы жылы жер мәселесінде халықты митингілерге бастап, көшелерге алып шыққан да әлеуметтік желі болатын. Сөйтіп ол өзімен санасуға мәжбүр ететін саяси және әлеуметтік әлеуетті күшке айналды деуге толық негіз бар. Әттең, үлкен өкінішке қарай, билік пен үкіметтің түрлі Стратегиялық және эконо­микалық зерттеу орталықтары әлеуметтік желідегі халықтың ортақ пікірін, ой-ұсыныстарын, талап-тілектерін, көтеріп жатқан дабыл үнін зерттеп-зерделеп қорытып, тиісті мемлекеттік органдарға уақытында жеткізіп отыруды білмей, соның маңызын жете түсінбей отыр. Олар оны түсінгенше әлі талай уақыт өтер. Сондықтан, бұл абыройлы міндетті халыққа оперативті қызмет көрсететін журналистер мен газеттер мойнына алуы керек. Олар әлеуметтік желімен бәсекелес емес, мүдделес, серіктес болып, ондағы еркін ойлы халықтың түрлі күрмеуі қиын мәселелерді талқылау барысындағы құнды ой-пікірлерін сараптап, өз газеттерінде арнайы айдармен жариялап тұрса жақсы болар еді. Өзіміз айта алмай, айтуға батылымыз жетпей жүргенде, желідегі батылы жеткен адамның сөзін неге жарияламасқа. Ондай қадамдар жоқ емес, бар. Мысалы, Мұхтар Шахановты арадай талап жатқанда, менің желідегі оны қорғаған мақаламды «Жас Алаш» газеті рұқсатымды алып, «Мұхаңның ерліктерін көре алмайтындар көп» деген тақырыппен 10 сәуірдегі санында Т.Сәукетаевтың сын мақаласына қарсы пікір жариялады. Бүгінге тек желідегі «Қазіргі қазақ қоғамының қаһарманы кім?» деген мақалама 937 «ұнайды» деген белгі соғылып, 410 нақты пікір жазылып, 367 оқырман жұртқа тарату белгісін басқан. Демек, газеттер мен әлеуметтік желі ынтымақтасып, бірін-бірі қолдап, бірін-бірі толықтырып отырса деген тілек-ұсыныс айтамыз. Кейде газеттегілер мына мақалаңыз желіде шығып кетіпті, баса алмаймыз дейді. Бұл, меніңше, дұрыс көзқарас емес. Неге десеңіз, әлі толық ояна алмай, қалғып жүрген, халықпен байланысын үзіп алған, ел мен жерде мүлдем жұмысы жоқ 700 ақын-жазушы мен басқа да ғалым зиялылар интернетті ақтарып оқымақ түгіл, көбісі әлі еңбектерін қолмен жазып, бұрынғы жазу машинкасымен басады немесе ақша төлеп бастырады. Олай болса, әлеуметтік желімен байланыс халықпен байланыс деген сөз. Сол себепті, өзекті мәселелер жөніндегі желідегі елдің пікірін газеттер қорытып жариялап тұрғаны дұрыс. Мысалы, қытайдағы қандаста­рымызға адам айтқысыз қысым жасалып жатқаны жайында әлеуметтік желіде жылдан астам уақыт бойы дабыл қағылып, үкіметтен ара түсуді талап етті. Сыртқы істер министрлігі жақында ғана зорға деп, Қытай үкіметіне нота жолдады. Енді желіде Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы бөліміне хат жазу жөнінде мәселе көтерілуде. Газеттер сол пікірлерді қорытып, сараптап үкімет назарына, жалпы халық назарына неге ұсынбасқа? Демек, газеттер мен әлеуметтік желі ынтымақтаса жұмыс істесе екен дейміз. Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, әдебиет сыншысы qazaquni.kz