Түркістан қандай мәртебеге де лайықты - Бекарыс Шойбеков
2018 ж. 20 маусым
5102
0
Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан облысы болып өзгеруі және Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы бүкіл түркі халықтары үшін ерекше жаңалық болды. Бұл өзгерістің барлығы шаһардың гүлденуіне зор үлес қосады. Мұндай пікірді Түркістан қаласының тұрғыны, белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы еліміздің ғасырлар бойы саяси және рухани орталығы болып келген көне Түркістан шаһарының дамып, өркендейтініне сенімді.
«Біздің Түркістандықтар үшін бұл күн ерекше тарихи күн болып тұр. Елбасымыздың жаңа облыс туралы, облыс орталығы туралы Жарлыққа қол қоюы шынында өте маңызды оқиға. Бұл бүкіл ел күткен оқиға дер едім. Сондықтан бүкіл түркістандықтарды, барша қазақстандықтарды осы үлкен қуанышпен құттықтағым келеді. Себебі, Түркістан атауы қандай мәртебеге де, мадаққа да лайықты. Енді біздің алдымызда осындай мәртебелі атаққа сай болу міндеті тұр. Жан-жақтан қарша бораған құттықтауларымыздың өзі көңілімізді көкке шалқытып жіберді. Алғашқы әсеріміздің өзін айтып жеткізе алмай жатырмыз», - деді Бекарыс Шойбеков.