МИНИСТРЛІКТІҢ ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ ҚИМЫЛЫ ЕНДІ БАСТАЛДЫ
2018 ж. 07 маусым
4426
6
Менингит ауруының жаппай таралуы мен денсаулық сақтау саласының нақты шұғыл шаралар қолданбай отырғаны тұрғындардың наразылығын тудырып жатқаны белгілі. Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингококк вирусына қарсы күрес бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар тиімділігін бағалау мақсатында Алматы қаласы мен Алматы облысына іссапарға шығып, жергілікті жердегі жағдайды өз көзімен көрді. Алматы қаласында, Талғар, Есік, Қаскелең кенттерінде болып медицина мекемелерінің жұмысын тексерді. Іссапар соңында БАҚ өкілдерімен кездесіп, Алматыдағы «Қазақстан баспасөз клубында» арнайы мәслихат өткізді.
Министрдің айтуынша, 2018 жылдың басынан бері өлім қаупі жоғары бактериялық менингококк инфекциясы күдігімен 593 адам қаралған және 213 адам емдеуге жатқызылған. Олардың арасында 59 науқастан менингококк инфекциясы расталды. Науқастар арасында 14 жасқа дейінгі балалар саны – 21. Бүгінге дейін он адам емдеп шығарылды және 55 науқас ем алып жатыр.
«Аталған сырқаттан 13 адам қайтыс болды: Алматы облысында – 4, Қызылорда облысында – 1, ОҚО – 2, Алматы қаласы – 6 адам. Өкінішке қарай, қайтыс болғандар арасында алты бала бар», – деді министр. Сондай-ақ, ол менингитпен күрес бойынша арнайы штаб құрылғанын хабарлап, Премьер-Министрден штаб жұмысына көмек беруді сұраған болатын.
— Осы уақытқа менингитке байланысты 59 адам тіркелді. Алматыда соңғы үш күнде менингитке байланысты ауруханаға түскендер жоқ. Премьер-министрдің бұйрығымен Алматы қаласының ауруханаларын тексеруге келдік. Кешелі бері Талғардағы ауруханаға, Есіктегі ауруханаға, қалалық балалар инфекциялық ауруханасына, жетінші қалалық ауруханаға барып, жағдаймен таныстық. Менингитке шалдыққандармен қатынаста болғандардың саны төрт мыңға жетті. Олармен дәрігерлер тікелей жұмыс істеп жатыр. Медициналық көмекке келер болсақ, облыстағы тұрғындарға көрсетілетін көмектің төмен екені жайлы арыздар келіп түсті. ДСМ енгізген ережелердің бұзылуы да болған. Ережеге сәйкес, науқасты бір ауруханадан екінші ауруханаға жіберуге рұқсат жоқ. Талғардан Қаскелеңге жіберілген науқас қайтыс болған. Соған байланысты тексерулер жүргізілді, – деді министр.
Біртановтың айтуынша, тұрғындардың тіркелген жеріне қарамастан, медициналық көмек науқас жеткізілген ауруханада көрсетілу керек. Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасымен осы мәселе жұмаға дейін шешіледі. Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингококк инфекциясына қарсы вакцина бағасын арзандату бойынша жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Айта кетейік, кеше Талдықорғанда 17 жастағы студент жігіт менингиттен көз жұмды. Сондай-ақ, Астанада менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен жансақтау бөліміне екі жастағы бала жеткізілді.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бесінен алтысына қараған түні еш ескертусіз Алматыдағы №12 емхананы тексерген. Емханаға келгенде бір топ адам бас дәрігердің қабылдауына кіре алмай тұрған. Министр медициналық көмекке зәру адамдардан кешірім сұрап, емхана қызметкерлеріне қатаң ескерту жасады. Біртанов емханада тек 3 дәрігер жұмыс істеп жатқанын айтып, емхана қызметкеріне барлық дәрігерді шақыртқызып, емге мұқтаж науқастарға дереу көмектесуін талап етті. Министр бірнеше күн бұрын науқастарды қабылдайтын қосымша пунктерді ашуды тапсырғанмен, алайда тапсырма әлі күнге дейін орындалмағанына көз жеткізді. Елжан Біртанов күн санап дәрігерге қаралғысы келетіндердің саны артатынын айтып, алдын ала шараларды қолдануды тапсырды.
Тексеру барысында Алматы облысындағы ауруханаларда дәлізге жатқызылған науқастардың жайы министрді жағасын ұстатып, шошытқан көрінеді. Сонымен бірге жұқпалы дерттің жаппай таралуына жол бергендер анықталды. Ұлттық сараптама орталығының зертхана қызметі міндетіне атүсті қарағандықтан менингококк жұқпасын тасымалдаушылар уақытында анықталмаған. Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті сол себепті оның таралуын кеш хабарлағандарын айтады. Қазір қауіпті кеселдің салдарымен күрес қызу жүріп жатыр. Бактериялардың құбылуын, аурудың асқынуын, ықтимал кесел туралы тұрақты зерттеу жүргізуі тиіс Ұлттық Сараптама орталығының жыл басынан бері қайда қарағандары белгісіз. Менингит меңдеген соң барып дабыл қаққан. Қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова Орталыққа қарасты зертхана өткізген есептен жұқпалы дерт өрбуі мүмкін деген ой еш болмаған дейді. Осы уақытқа дейін бәрі жақсы деп есеп беріп келген. Сонда бұған дейінгі жағдайлардың бәрін жасырып келген ғой? Бір қызығы, Сараптама орталығы басшысы дәл менингит мәселесі өршігенде, яғни 10 күн бұрын ауруханаға түскен. Бірақ бұдан әріптестері де хабарсыз болып шыққан. Осылайша жер-жердегі жауапты тұлғалардың жайбаcарлығы мен жауапсыздығы менингиттің өршуіне, елдің бас дәрігерін шұғыл түрде емдеу кешендерін аралауға мәжбүр еткен.
Бізде қалыптасқан әдет бойынша төменнен берілетін есеп арқылы ғана құлағдар болған министр Елжан Біртанов Алматыға арнайы келіп жағдайды өзі білген соң ғана анда-санда болса да сала жұмысын аралап көру керектігін түсінгендей. Талғардағы аудандық аурухананы да түнделетіп аяқ астынан тексеріп, кемшілікті тізіп, кінәлілерге шүйлігуге тура келген. Қаскелеңдегі жағдай бұдан да сорақы болып шықты. Жұқпалы аурулар ауруханасы аузы мұрнына толғандықтан, түскен науқастарды ешқандай жағдай жасалмаған дәлізге жатқызған. «Түнде келдік. Орын жоқ, палата босағанша осында жатасыздар деді. Баламыз үшін көнем енді, не істеймін?» – деді тексерушілерге Қаскелең қаласының тұрғыны Әлима Саурықова. Мұндай былықты көрген Біртановтың өзі ашуға мініп, сақтық мақсатында киген бетпердені шешіп, дәрігерлердің немқұрайлығын беттеріне басты. «Науқасты коридорда емдеу дегенді қайдан шығарғансыздар? Сіздер барлық санитарлық талапты бұзып отырсыздар» – деді министр. Әңгіме мұнымен бітпеді, денсаулық сақтау министрі Қаскелеңдегі ғимараты ескі жұқпалы аурулар ауруханасын жабуға және ауруханың бас дәрігері Жәнібек Ботбаевты қызметінен босату жөнінде нұсқау берді.
Енді Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасы жабылса, онда науқастар қалалық ауруханаға баруға мәжбүр болмақ. Сөйтіп министр Біртанов бір күндік келген сапарынының өзінде қарамағындағы медицина саласына қатысты бірталай былықтың бетін ашты. Бірақ, ол кеткесін баяғы жартас сол жартас болып қалмай ма? Бізде басшылар келгенде жүгіріп, ол кеткен соң бұрынғы қалпына түсетін бағдарламалар мен жоспарлар жетерлік. Орын алған кемшіліктердің себебін айтып, салдарын түзеткен министрлік басшысы, енді менингиттің жайылуын дер уақытында хабарламаған Сараптама орталығына қатысты қандай шара қолданады? Ол жағын ашық айтқан жоқ.
Министрдің бір тексеруінен соң сала жұмысы жақсарып кете қояды дегенге сене қою қиын. Бұндай тексерісті, қатаң бақылауды тұрақты жүргізіп тұру керек. Өйткені жауапкершілікті жоғалтқан медициналық мекемелер басшылары ауырып, көмек сұрап келген адамдардың сөзін жүре тыңдайтыны бұрыннан белгілі. Бұл жерде жергілікті әкімдіктер мен құқық қорғау орындарының атына да сын айтуға болады. Осы сала жұмысына қатысты қалалық, аудандық әкімдіктерге, тіпті құзырлы органдарға да қаншама арыздар түсіп жатады. Әсіресе дәрі-дәрмектің жетіспеуіне байланысты шағымдар өте көп. Бірақ, тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, шара қолдану деген атымен жоқ.
Баспасөз мәслихаты барысында министрге сұрақ қарша борады деуге болады. Жиналыс уақыты аяқталса да журналистер тарапынан сұрақ тоқтаған жоқ. Біртанов сұрақтардың бәріне толықтай жауап беруге тырысты. Орын алған кемшіліктерді де жасырған жоқ, мойындай білді. Кемшіліктер мен қателікті мойындай білу – жақсы қасиет, кейбір басшылар сияқты қарамағындағыларға шаң жуытпай, қорғаштаған жоқ. Солардың бәрін жөндеуге уәде берді. Уәденің қалай орындалатынын алдағы уақыт көрсете жатар.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz