Перуашев Томирис Байсафаның қаза болуы туралы: Әділеттілік жеңіп шығады деп үміттенеміз
2018 ж. 02 маусым
4349
0
Мәскеудің әйгілі жоғары оқу орнында жоғарғы қабаттан құлап қаза тапқан отандасымыз Томирис Байсафаның оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Томиристің өліміне кінәлі деген адам әлі бостандықта жүр. Ресейлік БАҚ пен Томиристің ата-анасының сөзіне жүгінсек, оны терезеден итеріп жіберген жігіт өте ауқатты отбасыдан шыққан, Дағыстаннығ бұрынғы премьер-министрінің ұлы деседі. Елді елеңдеткен оқиғаға байланысты ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев "Қазақ үні" порталының тілшісіне сұхбат беріп, бұл істі жіті бақылауда ұстап отырғанын айтты.
– Азат Тұрлыбекұлы, егер отандасымыз шетелде қайтыс болса не істеуге болады, оның үстіне туған-туысқандары мен жақындары тергеу жұмыстарының объективтілігіне сенімсіздік білдірген жағдайда ше? Депутаттардың тергеу жүргізудің барысына әсер ету мүмкіндігі бар ма?
– Томирис БАЙСАФАНЫҢ қайғылы жағдайына мыңдаған қазақстандықтар сияқты біз де уайымдап, қобалжыдық, оқиғаның барысын жіті бақылап, сауығып кетуін тіледік. Томиристің дүниеден өткені туралы хабар ешкімді де бейжай қалдырмады. Бұл жантүршігерлік трагедия. Мен талантты студенттің отбасына, туған-туысқандары мен достарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Шамалы ғана уақыт өткеннен кейін қаза болған қызына бағытталған кейбіреулердің арам пиғылдары мен тергеу жұмыстарының объективті жүргізілмеуі жайында, жұмсартып айтқанда, кейбір түсініксіз жағдайлар туралы баспасөзде шыққан анасының жарияланымдары көптеген бұған немқұрайлы, атүсті қарамайтын жандардың алаңдаушылығын туғызды. Сондықтан да, Томиристің жанұясы бізден көмек сұрағанда, оны біз назардан тыс бейжай қалдыра алмадық. Бүгінде процесс басталып та кетті – Мәжіліс депутаттары өздерінің ресейлік әріптестерінен Томиристің өлімін тергеу жұмыстарын бақылауды қолға алуын сұрады. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматуллин бастаған қазақстандық парламенттік делегацияның Мәскеуге жуырда ғана жасаған ресми сапары кезінде, менің өтінішім бойынша Мәжілістің Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман бұл мәселені Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің қызметкерлерімен талқылады. Онда біздің отандық дипломаттар әрдайым әзір екенін және өз құзыреті шегінде қолынан келгенше қажетті көмек көрсетуге дайынбыз деп сендірді.
- Өзіңіз депутат ретінде ресейлік әріптестеріңіздің осы іске араласуына мұрындық болғаныңызды естідік...
– Ия, дипломаттардың мүмкіндіктері шектеулі екендігін және біздің мемлекетімізді қоса алғанда, ешқандай мемлекет шетелдік өкілдердің өз елінің құқық қорғау органдарының жұмысына араласуына жол бермейтінін түсіне отырып, бұл түсініктемемен ғана шектелмеуге шешім қабылдадық. Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттарымен кездесулер барысында партиялар арасындағы ынтымақтастық бойынша біздің «Справедливая Россия» фракциясындағы әріптестерімізбен осы қайғылы оқиғаны тергеудің шынайы жүргізілуі туралы мәселені көтердім. «Ақ жол» фракциясы мен ресейлік «Справедливая Россия» партиясы өткен жылы ынтымақтастық пен өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойған еді. Тіпті, Ресейдің Мемлекеттік думасында қазақстандық студенттің тергеу ісімен айналысатын нақты депутат та бар.
- Бұл істі нақты кімдердің бақылауда ұстап отырғанын айтсаңыз...– Біз "Справедливая Россия" фракциясы жетекшісінің орынбасары Олег НИЛОВПЕН олардың фракциясы Ресей Федерациясының Бас Прокурорына осы қайғылы оқиғаға қатысы бар адамдардың аттары мен лауазымдарына қарамастан қазақ студентінің қайтыс болу жағдайын жан-жақты, объективті және әділ тергеуін талап ету туралы ресми өтініш жасайтыны жөнінде уағдаластық. Олег Нилов - ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары Мемлекеттік Думаның ең тиімді мүшелерінің бірі ретінде мойындаған көпшілікке танымал және ең беделді депутат. Ол бізден ресейлік заңнамаға сәйкес өтінім үшін қажетті құжаттар топтамасын жинақтап жолдауымызды сұрады, біз осы өтінішті Томиристің отбасына жеткіздік. Бұдан бөлек, «Ақ жол» фракциясы парламенттік рәсімдерді сақтау үшін «Справедливая Россия» партиясының төрағасы, Мемлекеттік думадағы фракцияның жетекшісі Сергей МИРОНОВҚА тиісті ресми түрде өтініш жолдады. Біз әділеттілік жеңіп шығады деп үміттенеміз. Ал дәл осы кезде, Жанна Ахметованың хабарлауынша, қызы Томиристің өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу Қазақстанның Бас прокуроры Қайрат ҚОЖАМЖАРОВТЫҢ жеке бақылауына алынған. Қадағалаушы ведомствоның басшысы Ресейдің Тергеу комитетінің Төрағасы Александр БАСТРЫКИННІҢ атына тиісті хат жолдады.
А. Сағидолла, Қазақ үні