"Әкемді қайтарып беріңізші, Нұрсұлтан ата!" - әкесі Қытай түрмесінде отырған сәбидің жанайқайы (ВИДЕО)
2018 ж. 31 мамыр
16890
1
Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйінің мәслихат залында өткен іс-шараны дәл осылай атауға болады. Өйткені, «Атажұрт» қоғамдық ұйымы өткізген жиында Қытай Халық Республикасында жазықсыз жапа шегіп, заңсыз қамауға алынған қандастарымыздың балалары тиісті орындардан әкелерін босатуға көмек сұрап, зар жылады. Қазақ елінің оңтүстік астанасына осындай елу тірі жетімді ертіп келген қамаудағы азаматтарды әйелдерінің де шайлығып, мүлде дәрменсіз күйге түскені байқалды, деп хабарлайды qazaquni.kz.
Қытайда әке-шешелері қамауда жатқан 50 балаға Серікжан Біләш, Қыдыралы Оразұлы бастаған "Атажұрт" қоғамы мүшелері сый-сияпат жасап, көңілдерін аулады. Германиядан Өмірxан Алтын да арнайы келіп, сыйлық үлестірді.
Шараны ұйымдастырушылар Қайрат Байтолла, Қыдырәлі Оразұлы және басқалары да оқиғаны: «Бұл – баланы әкесінен, зайыбын күйеуінен айырған сұмдық. Адамзат тарихында сирек ұшырасатын қасырет. Қытайдың азшылық ұлттарды езгіге салып, қорлауы бүгінгі таңда бүкіл әлемге әйгіленсе де, кейінде тіпті өршеленіп барады. Сол себепті мұндай қисынсыздыққа тосқауыл қоятын кез жетті» деп бағалады.
Жиынға қатысқан белгілі қоғам қайраткері, көрнекті журналист, республикалық «Халық және Президент» газетінің Бас редакторы Марат Тоқашбай:
– Балаларды қорғаудың Халықаралық күні қарсаңында өткізіліп отырған бұл іс-шараның маңызы өте зор, – деді. – Қытай Халық Республикасының билігі біздің қандастарымызды қуғынғын-сүргінге салып, абақытыға жауып, түрмелерге қамап, қорлауды жалғастыруда. Бұл дүние жүзіндегі ешбір заңға, ешбір қисын, қағидаға сәйкесетін әрекет емес! Біріккен Ұлттар Ұйымы 1948 жылы желтоқсанның 10-ы күні Адамзат құқын қорғауға қатысты арнайы Заң қабылдағанын білеміз. Ол құжатта кінәсі дәлелденбеген адамның құқын аяққа таптауға болмайтыны, жазықсыз жанның ар-намысына тиюге тиым салынатыны тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал Қытай мемлекеті осындай халықаралық құжаттарға қарамастан мұсылман қауымына, оның ішінде қазақтарға тізе батырып, адам төзгісіз азапқа салып отыр. Міне, енді сол жақта қамауға алынып, екі айдан жиырма бір-жиырма екеі айға дейін қапасқа қамалған бауырларымыздың балалары мен жұбайлары соларды босатуды талап етіп келіп отыр. Қазақ қоғамы Қытай елінің мұндай геноцидтік саясатын қатаң айыптап, қандастарымызды концлагерьлерден шығарып, елге қайтарылуын талап етеді.
Аталған қоғам жетекшілерінің бірі Өмірхан Алтынның да сөзі осыған сайды:
– Мұндай қысымды Қытай елі азшылық ұлттарға ежелден көрсетіп келе жатыр. Қит етсе қырып-жойып, тұтқындау баяғыдан әдетке айналған. Олар осылайша Қазық елін түбегейлі басып алғанша тоқтамайтыны анық. Ендеше мұсылмандарды, оның ішінде қазақтарды тұқыртудың біздің ұлтты жоюға бағытталған әрекет екенін түйсінетін сәт әлдеқашан туған. Бұдан былай қарап отыра беруге болмайды. Ауызбіршілігіміз қажет. Қазақ деген Тәуелсіз мемлекетіміз бар, мұндай басқыншылыққа ешбір жол бермеуіміз керек! Бұл, біле білсек, еліміздің ұлтық қасыреті. Біз «мемлекетімізде жүз отыздан аса ұлт өкілдері тұрады, Ассамблеямыз бар» деп мақтанамыз. Солар осындайда неге бой көрсетпейді. Қайда солар?!.
Жиынға көршілес Қырғыз елінен де келген балалар қатысты. Олар да тұтқындағы әкелерін босаттыруды сұрап зар иледі.
Мәслихат барысында «Ата-анасы Қытай елінде тұтқында отырған балалардың зары» деп аталатын деректі фильм көрсетілді. Ондағы бүлдіршіршіндердің де «Көмектесіңдер!» деген жан дауыстары жүрек ауыртты.
Шара барысында сөз алған қазақтың қаршадай қызы жиналған қауымның көзіне жас үйірді.
- Үшінші сынып оқимын. Жасым тоғызда. Әкем Қытайға кеткеніне тоғыз ай болды. Паспортын тартып ап, түрмеде жатыр. Нұрсұлтан ата, әкемді әкем беріңізші?-,деп сөзін аяқтай алмай жылап еңіреп жіберді әкесін сағынған бүлдіршін.
Одан соң балалар қолдарын жүрек тұстарына қойып, Қазақ елінің әнұранын айтып тұрып көз жастарына ерік берді. Бүлдіршіндерге қоса жиналған қауым да жылап тұрды...
Бұдан соң қытайдағы туыстарын іздеген қауым жиылып, Алматыдағы Қытай елшілігінің консулына барды. Консулға Қытайда қамауда отырған жұбайларын, әке-шешелерін іздегедердің атынан Нұрқия Әубәкір, Бахаргүл Досмұқан, Әсила Әлімқұлова үшеуі кіріп хат тапсырды.
Qazaquni.kz
[video width="352" height="640" mp4="https://qazaquni.kz/wp-content/uploads/2018/05/2018053108305551.mp4"][/video]