Абзал Құспан: Қысымдар күшейіп жатқанда Бас прокурата неге үнсіз?
2018 ж. 29 мамыр
9197
1

Редакцияға хабарласқан белгілі адвокат Абзал Құспан Қытайға қайтарылу қаупі бар Сайрагүл Сауытбайдың ісіне байланысты кезекті мәлімдемесін жасады.
Алдымен Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты ретінде оған қатысты менің тарапымнан жасалып жатқан жұмыстар туралы айта кетейін. Қазіргі таңда Президент жанындағы азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияға, оның төрағасы Гүлшара Әбдіхалықованың атына хат жолданды. Сайрагүлдің адвокаты ретінде менің атымнан жолданды. Біз Сайрагүлге саяси баспана беруді сұрадық. Екінші, Қазақстандағы өкілдіктері арқылы, БҰҰ Адам құқықтарын қорғау ұйымы комиссиясы маған қоңырау шалып, Сайрагүлдің ісі жайлы хабарлама алғанын айтты. Еуропадан көптеген Халықаралық ұйымдар хабарласып жатыр. Бұл ұйымдардың барлығы Қазақстанның билігіне, ресми органдарына Сайрагүл Сауытбайды Қытайға бермеу туралы өтініш жіберетіндіктерін айтты. Әуелі телефонограмма жіберіп, артынан қағаз күйінде жібереміз деген еді, ол хаттардың барлығы кеше-ақ, түскен болуы керек. Енді мені алаңдатып отырған бір мәселе бар. Қазір менің қорғауымдағы Сайрагүл Сауытбай Жаркент қаласындағы аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша қамау изоляторында отыр. Мен өткен жұмадан бері Сайрагүлдің күйеуімен байланысты үзіп алдым. Күйеуі Уәли Сыламға соңғы рет хабарласқанымда, сенбі күні Жаркентке барып жолығуға, оның тергеушісінің аты-жөнін білуге тапсырма берген едім. Сондан бері телефонын өшіріп тастап, менімен хабарласпай жатыр. Не жағдай болғанын білмеймін. Өткенде, бейне үндеу жасаған Нұрболат деген жігітпен сөйлескенмін. Оның отбасына да ҰҚК, Шекара қызметінен әскери форма киген адамдар келіп, қоқан-лоқы көрсеткен екен. «Сендер бүкіл Қазақстанды шулаттыңыздар. Енді сендерді түгел отбасыларыңмен Қытайға қайтарамыз. Тума-туыстарыңды қоса қайтарамыз» деген сөздер айтылған. Енді Нұрболат өзі үйінен қашып, қонбай жүр. Мен күйеуін таба алмаған соң, Нұрболатты іздестірдім. Хабарластым. Барған кісілер солай айтып келді. Нұрболаттың әйелі де үрейленіп отыр. «Бізге жақындамаңыздар. Нұрболаттың қайда екенін білмейміз» дейді. Сонымен қазір, не күйеуін, не Нұрболатты таба алмай қалдым. Өткенде күйеуімен сөйлескенде, екі әскери адам келіп, қоқан-лоқы көрсетіп кеткенін айтқан. «Сенің де үстіңнен қылмыстық іс қозғаймыз. Сені де қайтарып жібереміз» деген екен, әлгілер.
