СІМ ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ КІРЕ АЛМАЙ кеткен ҚАЗАҚ ҚЫЗЫНА қатысты сауалға ЖАУАП берді
2018 ж. 29 мамыр
2947
2
«Қазақ үні» ұлттық порталында Қазақстан азаматтығын алған Нұрсейіт Төлегенұлының басындағы ауыр жағдай туралы келелі мақала жариялаған болатынбыз. Аз уақытта қоғам ішінде үлкен резонанс тудырған аталмыш мәселеге әлеуметтік желіде халық өз наразылығын білдірген еді.
Еске сала кетсек, 3-мамыр күні, таңғы сағат 03:00 шамасында Нұрсейіт жұбайы Жайнагүл Ғажапқызы және баласы үшеуі Мысырдан Алматы әуежайына ұшып келген. Шекаралық бақылаудан өтіп жатқан тұста Жайнагүлдің Қазақстанда жүріп-тұруға арналған Ықтиярхатының жарамсыз екені анықталған. Сол себепті, Нұрсейіт пен 1,5 жасар ұлы Қазақстанда қалып, Жайнагүлді Шекаралық бақылау қызметі келген бетімен Мысырға қайтарып жіберген.
Ел болып бұл мәселеге назар аударуымыздың арқасында Жайнагүл мамырдың 21 күні Алматыға қайта ұшып келген еді.
Алматы әуежайындағы Шекаралық бақылау қызметінің шектен шыққан жауапсыздығы мен сауатсыздығының кесірінен бір отбасы бір-бірінен 18 күн бойы ажырап қалып, Нұрсейіт Төлегенұлының жұбайы қазақ қызы Жайнагұл Ғажапқызы өзінің Тәуелсіз Қазақ Еліне кіре алмай, әуежайдан кері Мысырға қайтарылған болатын. Қытай азаматы болғанмен, Қазақстанға ықтияр хаты бар ол Қытайға қайтарылса түрмеге түсетіні белгілі болып, 18 күн бойы тағдыры қыл үстінде тұрды.
"Ақ жол" партиясының төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев пен Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембиновтың СІМ министрлігіне жолдаған ресми сауалында Ж.Ғажапқызының Қазақстан аумағына шекарадан кіргізілмеуі және оның ықтиярхатының жарамсыздығына қатысты мәселелер көтерілген еді. Сол СІМ аталмыш хатқа жауап қайтарған екен.
Оқырман қауымға ұсынайық:
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаттары
А. Перуашевқа
Б. Дүйсенбиновке
2018 ж. 16 мамырдағы
10-11-832 хаттарыңызға
Құрметті Азат Тұрлыбекұлы, Берік Сәлімжанұлы!
2018 жылғы 3 мамырда Қазақстан аумағына шекарадан кіргізілмей, кері қайтарылған Қытай азаматы, этникалық қазақ Жайнагүл Ғажапқызының Қазақстан аумағына кіргізілмей, кері қайтарылуына орай келесіні хабарлаймыз.
Сіздердің хатта Ж.Ғажапқызының Қазақстан аумағына шекарадан кіргізілмеуі және оның ықтиярхатының жарамсыздығына қатысты мәселелер көтерілген. Шет ел азаматтарының Қазақстан аумағына кіру мәселесіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі, ал шет ел азаматының ықтиярхатының жарамдылығы/жарамсыздығына Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті құзыретті.
Осыған орай, ҰҚК Шекара қызметіне және ІІМ Көші-қон қызметі комитетіне сауал хат жолданып, жауап алынды.
ҰҚК Шекара қызметінің ақпаратына сәйкес, Ақмола облысы бойынша ІІД Көші-қон полициясы басқармасы өзінің 2016 жылғы 27 қазандағы №8-8-14/3749-И хатымен «01.12.1985 ж.т. ҚХР азаматы Жайнагүл Ғажапқызының атына 2011.06.11 берілген №025207666 ықтиярхаты жарамсыз» екенін хабарлаған. Осыған байланысты, 2013 жылғы 16 қаңтардағы №70 «ҚР Мемлекеттік шекарасы туралы» ҚР Заңы 19-бабының 7-тармақшасына сәйкес, Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды өткізу Қазақстан Республикасына кіру немесе Қазақстан Республикасынан шығу құқығын беретін құжаттар болған, сондай-ақ осы адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер болмаған кезде жүзеге асырылады.
Осылайша, ҚХР азаматы Жайнагүл Ғажапқызы ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес ҚР Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізілмеді және «Алматы-Дубай» бағытындағы FZ-735әуерейсінде елден шығарылды.
Сонымен қатар, ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің Алматы қаласындағы өкілдігінің Алматы әуежайындағы қызметкерлері Ж.Ғажапқызына бес күндік ҚР транзиттік визасын рәсімдеуді ұсынған. Алайда, аталған қызметкерлердің ақпаратына сәйкес, Ж.Ғажапқызы қолындағы ықтиярхаттың болуын және осы құжаттың негізінде Қазақстанға кіруіге құқылы екенін алға тарта отырып, аталған визаны алудан бас тартқан.
Сауалға жауап ретінде жолданып отыр.
Министрдің
Бірінші орынбасары М.Тілеуберді