ҚАЗАҚ қызын ҚАЗАҚ еліне кіргізбей, ҚАЙТАРҒАНДАР ЖАЗАЛАНУЫ КЕРЕК!
2018 ж. 21 мамыр
5559
5
Қарындасымыз Жайнагүлдің оқиғасынан біздің билік міндетті түрде нақты нәтиже шығару керек . Өйткені, бұл қатардағы жай бір оқиға емес. Бұл тікелей мемлекет құраушы қазақ ұлтына, қазақ халқының тағдырына, мемлекетіміздің болашағына байланысты мәселе. Германия мен Израиль өздерінің отандастарын қалай қабылдайды, мына көрші Ресей де әрі әдемі ұран тастады, әрі арнайы мемлекеттік бағдарлама дайындап, жеңілдіктер кешенін ұсынуда: шекара тұстарына орналасқысы келгендерге ең тиімді жағдай жасалған, Ресейдің орталық жеріне көшкісі келгендерге тағы басқа.
Жайнагүл қарындасымыздың басында болған хәлге байланысты ойыма екі оқиға түсіп отыр. Біріншісі, өз өмірімде болған бір оқиға.
1990-1991 жылдар. КСРО-ның соңғы кезі... Бір топ достар Түркияға барып «Түрікше-Қазақша-Әзірбайжанша-Түркменше-Өзбекше-Қырғызша-Татарша-Башқұртша-Ұйғырша» салыстырмалы сөздік жазып жатырмыз... Кеңес идеологиясының қылышынан қан тамып тұрған заман, түркологияға тиым салынған кез... Жұмыс – күндіз-түні... Мемлекет (Түркия) тек 2-3 ай қаржыландырды. Намық Кемал Зейбекті министрліктен кетірген соң сол елдің ұлтжанды азаматтары жатын орнымыз бен тамаққа өз қалталарынан жинап ақша тауып отырды. Гонорар үшін емес, намыс үшін, үлкен мақсат үшін бір қазақ (мен), бір түрік, ұстаз ғалым Ахмет Бижан Ержыласұн, бір әзірбайжан Алаедин Әлиев, бір түркмен Жаппар Гөкленов, бір өзбек Бердияр Жүсіп, бір қырғыз Қадыралы Қонқобай, бір башқұрт Алмас Шайхұлов, бір ұйғыр Велинур Махпиров және бір қарашай-балқар Али Шешенов жеті айда еңбегімізді аяғына дейін бітіріп, билеттерімізді алып қайту үшін шекараға дәл осы Жайнагүл қызымыз сияқты жеттік... Визаларымыздың мерзімі баяғыда біткен екен... Ал, бұл, сөзсіз, өрескел заң бұзушылық қой... Үлкен айыппұл төлеуіміз шарт. Бізде қаражат жоқ. Сонда, әлі есімде, мен шекарашы түрік азаматына: "Біз бәріміз түрікпіз ғой, керек болса, біз нағыз түрікпіз, ал сіздер, Түркия түріктері – сіздер бізден шыққан елсіздер... Міне, қараңыз, біреуіміз қазақ, біреуіміз түрік, біреуіміз әзірбайжан, біреуіміз түркмен, біреуіміз өзбек, біреуіміз қырғыз, біреуіміз татар, біреуіміз башқұрт, біреуіміз ұйғыр, біреуіміз қарашай-балқар" дедім. Өздерімізді және келген мақсатымызды түсіндірдім тілім жеткенше... Сонда таңғалғанымыз, кеденші жас жігіт қатты толқып, қуаныштан жылап жіберуге шақ қалды. Бізді бастықтарына дереу апарды. Жоғары шенді офицер істің байыбына барған соң, бізге айтқан сөзі әлі есімде: "Бауырларым, мен сіздер үшін тек бір нәрсені жасай алмаймын. Ол, өліп кетсеңіздер, сіздерді қайтадан тірілтіп алу. Ол тек Алланың әміріндегі іс. Басқасының бәрін сіздер үшін, бауырларым үшін жасау – азаматтық борышымыз, зор міндетіміз біздің". Одан кейін паспорттарымызды жинап алып өзі 1-2 сағатқа жоқ болып кетті. Қызметкерлері сол кезде бізге түрлі тамақ, шәй берумен әлек болды... Қайтып келген соң, визаларымыз қойылған төлқұжаттарымызды бізге ұстатты...
Бұл – бірінші оқиға. Екінші оқиға да Түркияға және Қытай қазақтарына байланысты. Хасан Оралтай мен Халифа Алтай бұл оқиғаны толық суреттеп берді бізге, көпшілік зиялы қауымға бұл оқиға жақсы таныс. Қытайдың қазіргі территориясында қалған Шығыс Түркістаннан үдере ауған қазақтар Пәкстан, Ауғанстан, Үнділетіп, жолда қыруар шығынға ұшырап елуінші жылдардың басында Түркияға әрең жетеді...
Сонда түріктер қазақтарды қалай қарсы алады? Кең жайылым жерді ғана берген жоқ! Сырттан келген бауырлары үшін арнайы су жаңа қалашық тұрғызды! Әр қазақ отбасына жеке үй (бізде ондай үйлерді вилла деп атайды) салып берді...
Сол елді мекеннің күні бүгінге дейін аты «Алтай көйі» яғни «Алтай ауылы»...
Елбасы бастаған «Рухани жаңғырудың» негізгі мақсаты – санамыздың жаңғыруы, елімізде өркениетті елдердегідей ұлттық саясаттың қалыптасуы, салтанат құруы екенін ұмытпайық, ағайын.
Осыған қол жеткізуіміз үшін, не істеуіміз керек? Түріміз мынау, күйеуі мен балалары Қазақстан азаматы, өзінің қолында 2021 жылға дейін берілген ресми құжаты бар, шетелде оқуын бітіріп келген өзінің аяғы ауыр қарындасымызды кеудесінен теуіп итереміз... Бір ұсақ-түйек формалды ілік тауып... Заңгерлеріміз бұл оқиғаны бей-жай қалдырмау керек. Жауаптылар жазалануы керек. Өз қандастарымызға арналған заңдарымызды толықтырып, жетілдіру керек (Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бастаған бір топ атқамінер бауырларымыздың құлақтарына алтын сырға) деп есептеймін.
Ерден Қажыбек
Abai.kz