Бірнеше жыл қатарынан Қытай билігі мұсылмандардың діни жоралғыларын ұстануға кедергі жасап, түрлі заңдармен тыйым салуда. Осыған дейін мешіттерді бұзып, қасиетті Құранды өртеген орталық билік, міне бес жыл қатарынан Рамазан Айында қысымның небір түрін арттыруда. Олар мұсылмандар Ораза ұстамауы үшін түрлі құйтырқылыққа баруда.
Атап айтатын болсақ, олар Рамазан айында арнайы жалпыға ортақ түскі ас ішуді міндеттеген. Түскі ас ішуден бас тартқан жан жауапкершілікке тартылып, тіпті «тәрбиелеу лагерьлеріне» де аттандырылмақ. Түскі асқа сонымен қатар Ислам дінінде харам саналатын шошқа еті қосылып, сусын ретінде алкогольді ішімдіктер қойылмақ. Мұндай тәжірибе 2015 жылдан бастап жүзеге асуда. Бұл ақпараттарды Халықаралық діни бостандық жөніндегі Комиссия (USCIRF) өкілдері хабарлады. Ал Халықаралық Ұйғыр Конгрессінің мүшелері, таңғы уақытта «билік үшін» деген ұранмен бір стакан ішімдік ішу де бірнеше жыл қатарынан жүзеге асуда екенін хабардар етті. «Аталмыш қысымдардың барлығы мұсылмандардың діни бостандығына кедергі келтіріп, оларды түрлі күйзелістерге тап қылуда. Мысалы жасырын түрде Ораза ұстау мен Құран оқу әдетке айналған», — дейді Конгресс зертттеушісі Акбар Ахланди. Қысымдар СУАР аймағында аса қарқынды түрде жүруде дейді олар.