Дулат Исабеков: Тілді бүгін қалыпқа келтірмесек, ертеңгі ұрпаққа керек болмай қалуы мүмкін
2018 ж. 30 сәуір
7401
2
Өз ұлтыңның кемшілігін айту – өз ұлтыңды жек көру емес. Керісінше, қайрау. Жаманан жиренуге, дұрыс жолға бағыттау. Әрине, өз ұлтыңның бойынан нақұрыс қылықтарды көріп тұрып көрмегенсіп, «менің ұлтым сұмдық, әлемдегі ең мықты ұлт» деп жалған ұрандап, көкіректі ұра беруге де болады.
Бірақ одан табар пайда шамалы. Жалпы, қазақтың кейбір кемшіліктері туралы ұлы қара шалдан (Абай) бастап бүгінгі зиялы қауым өкілдері де айтып келеді. Соның бірі белгілі қаламгер Дулат Исабеков.
Осыдан біраз жыл бұрын жазушы өз ұлты жайлы былай деген екен:
– Мен де сол өз ұлтымның кейбір кемшіліктерін бетке айтқым келді. Бірақ бұл өз ұлтымды жек көру емес. Қайрау. Біздің ұлт әлі күнге бейжай, марғау өмір сүріп жатқаны рас па, рас. Тілге келсек те самарқау. «Түбі бір оңалар» деген соқыр сенім бар. Тілді бүгін қалыпқа келтірмесек, компьютердің түбінде мөлиіп отырып есейіп келе жатқан ұрпаққа ол ертең керек болмай қалуы мүмкін. Демек, біз бойкүйездіктен арылып, қазір қимылдауымыз керек.
Біз көп нәрседен самарқаулығымыздың арқасында ұтылып келеміз.
Төбемізден уын сорғалатып «Протон» секілді жат елдің зымырандары құлап жатады. Үндемейміз.
Радио-теле арналар орыс тілінде тілін безеп сарнап жатады. Үндемейміз. Бірді-екілі қазақ тілінде бағдарлама болса, соған малданамыз.
Наразылық білдіру жоқ бізде. Бірақ бір-бірімізді сынауға келгенде, тобықтан шалуға келгенде өзгеге жол бермейміз. Бұ қалай? Бұл кемшілік емес пе? Осыны айтуға болмай ма?
Доктринаны жазу кезінде шырылдап алға шықтық. «Қазақстандық ұлт» дегенді алдырып тастау үшін, аштық жариялауға бел будық. Сонда бұл маған не болмаса, Шахановқа қана керек пе? Тілге байланысты үлкен конференция жасадық. Жеті жүз адам сиятын залды жалдадық. Ең бір өкініштісі сол – залдың тең жартысы бос тұрды. Міне біздің өз тілімізді қалай жақсы көретініміздің, қалай қорғайтынымыздың көрінісі. Сол конференцияға кезіндегі кеңес заманында ұлттың жанашыры, басты идеологы бола білген Жазушылар Одағындағы жеті жүз жазушыдан он адам келіп қатысуға жарамады. Бұған не дейсің? Мен өзгесін былай қойғанда оппозицияның сьездеріне дейін барып қатысамын. Мәселе оларды қолдау емес. Мәселе, олар не жайлы айтады, мақсаты не, ұлтқа тигізетін қылаудай болса да жақсылығы бар ма, деген мақсатта. Елден естігеннен гөрі, өз құлағыңмен естіген дұрыс қой.
Өкініштісі, қазір қалам ұстағандар арасында төбе көрсететін жерде көрінбей, көбіне ас үйде отырып кіжінетіндер, данышпанситындар көп. Әне, кеше ғана өзбектер орыстілді телеарналарды жабуды қолға алды. Генерал Сабыр Рахимовтың ескеркішін қағып тастады. Түбі қазақ болғандықтан. Әбүйір болғанда, елеусіздеу бір жерге қайта орнатыпты. Біз болсақ қайтер едік? «Ойбай, өзбек өз ағамыз ғой, өкпелеп қалар, ұлтаралық қатынасқа сына қағылып қалар» деп дедек қағар едік. Тіпті анау Сайрамда өзбек театрын ашып бердік. Бұл да жалпақшешейлік. Ал өзбек үйтпейді, бет-жүзің бар демейді, доқ көрсетеді, айбат шегеді.
Неміс театры Қазақстанға қажет пе? Бір телеарнадан сөйлеген сөзінде Обаев «олар айына бір-екі спектакль береді де қояды. Ал біз айына 31 спектакль қоямыз. Гастролге шығамыз. Сүйтіп жүріп алатын айлығымыз бірдей» деп күйініп еді. Бұл не?
Шындығында айына екі-ақ спектакль қоятын театрларды не үшін ұстаймыз? Қажеті бар ма, соның?
Елімізде ұлтаралық тектірестер де болып қалып жатады.
Ұлымызды ұрып, қызымызды зорлайды кейбіреулер. Бірақ біз жергілікті ұлт ретінде өз жерімізде тұрсақ та, оларға сес көрсете алмаймыз. Неге?
Мұның барлығы өз болашағымызға енжарлықпен қарау. Рухтың жоқтығы, намыстың кемдігі…
Ақшарқат Ахметбек,
Дереккөз: kaz.365info.kz